Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында төрт адам сібір жарасын жұқтырған болуы мүмкін

Жарияланған күні:

Дәрігерлер сақтыққа шақырады
Фото: NUR.KZ

1 қыркүйекте Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының Үлкен Аксу ауылдық округінде сібір жарасына күдікті төрт жағдай тіркелген. Бұл туралы облыстық әкімдікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның ресми сайтында жарияланған мәлімет бойынша, инфекция ауру малды сою кезінде жұққан болуы мүмкін.

Айта кету керек, сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды.

Аурудың негізгі таратушылары – ауылшаруашылығы малдары (ірі қара, жылқы, қой, ешкі), сондай-ақ споралары ұзақ уақыт бойы сақталуы мүмкін инфекциямен ластанған топырақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қауіпсіздік және ветеринариялық бақылау комитетінің Алматы облысы аумақтық инспекциясы малды сою ветеринариялық қызметке хабарланбай жүргізілгенін мәлімдеді. Аурудың нақты себептерін анықтау үшін ветеринариялық инспекция Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен, Полиция департаментімен және облыс әкімдігімен бірлесіп, науқастардың үйлерінен сойылған малдың шикізаты мен өнімдерінен, сондай-ақ сою орнындағы топырақтан сынамалар алды.

Республикалық ветеринариялық зертхана алынған материалдарға биосынама микроскопиясы және полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдістерімен зерттеу жүргізді. Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері жақын арада дайын болады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар талдау үшін материалдар Алматы қаласындағы Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа жіберілді.

Әкімдік өкілдері 12 тамызда осы елдімекендегі жануарлар сібір жарасына қарсы вакцинацияланғанын атап өтті.

"Қазіргі уақытта елдімекенде дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді, науқастардың жеке шаруашылықтары карантинге жабылды. Мамандар жануарларды күнделікті тексеруден өткізуде, әзірге аурудың клиникалық белгілері анықталған жоқ.

Барлық қажет ветеринариялық-санитариялық шара бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізіліп жатыр", - дейді ведомство өкілдері.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы аурудың тері түрі инфекцияның ең кең таралған түрі екенін және уақтылы емдеу кезінде қалпына келу мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Барлық пациенттің жағдайы ауырлықтың орташа дәрежесінде деп бағаланып отыр.

"Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Инфекцияның негізгі көзі – ауылшаруашылығының ауырған малдары (ірі қара мал, жылқы, қой, ешкі). Сібір жарасының қоздырғышы адам организміне, негізінен, зақымдалған тері арқылы, сирек жағдайда – тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Инкубациялық кезең (жұқтыру сәтінен бастап аурудың белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт) 2 күннен 14 күнге дейін", - деді ол.

Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов инфекцияны жұқтыру қаупі бар адамдар тобы анықталғанын хабарлады. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынған.

Жергілікті атқарушы органдар жедел штаб құрып, жағдайды бақылауды және қадағалауды күшейтті. Аудандық полиция бөлімі етті және малды ауданнан тыс жерлерге әкетуге және басқа аудандардан әкелуге шектеу енгізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2156752-almaty-oblysynda-tort-adam-sibir-zharasyn-zhuqtyrgan-boluy-mumkin-degen-kudikpen-baqylauga-alyndy/