Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу үшін қыздарды вакцинациялау басталды
Жарияланған күні:
Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу үшін қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды.
"Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.
Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жатыр мойны обыры – Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.
"Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады", - дейді мамандар.
Олардың айтуынша, бүгінгі таңда бірқатар елде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90 пайызға төмендеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2162752-qazaqstanda-zhatyr-moiny-obyrynyng-aldyn-alu-ushin-qyzdardy-vaktsinatsiialau-bastaldy/