Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауыр халде ауруханаға түскен": Түркістан облысының дәрігерлері 13 жастағы қызды аяққа тұрғызды

Жарияланған күні:

Түркістан облысының дәрігерлері 13 жастағы қызды аяққа тұрғызды
Түркістан облысының дәрігерлері 13 жастағы қызды аяққа тұрғызды. Фото: t.me/turkistanoblysy

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері 13 жастағы қызды аяққа тұрғызды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыс әкімдігінің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімдіктің хабарлауынша, Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сарыағаш қаласынан 13 жастағы қыз жеткізілген.

"Ауыр халде түскен пациентте қимыл қозғалысының шектелуі, аяқ-қолдарының салдануы, жамбас қуысы функциясының бұзылыстары байқалған. Жағдайының ауырлығына байланысты науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылды.

Бұл жағдай өте қауіпті және шұғыл медициналық араласуды қажет етеді. Жоғары технологиялық тексерулер өткізген дәрігерлер науқасқа "Жедел таралған энцефаломиелит" диагнозын қойды", - делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, мұндай сирек кездесетін неврологиялық бұзылыс көбінесе вирустық немесе бактериялық инфекциядан ауырып өткеннен кейін 7-14 күн аралығында пайда болады.

Дер кезінде сырқаты анықталған науқасқа дәрігерлер иммуномодуляторлар, қабынуға қарсы препараттар емін жасаған. Нәтижесінде, емделушінің денсаулығы жақсарып, барлық бұлшықет күші, қимыл-қозғалысы қалыпқа келе бастады.

Аяқ-қолы салданып қалған жасөспірімге Түркістан облысының штаттан тыс бас балалар неврологы Әбілқайыр Әлібаев және жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрлыбек Абетаев емдеу шараларын жүргізіп, оң нәтиже берген. Осылайша, Түркістан облыстық балалар ауруханасының жоғары білікті дәрігерлері науқас өмірін құтқарып, оны қалыпты өмірге қайтарды.

Еске салайық, Шымкент дәрігерлері есінен танып, жүрегі тоқтап қалған науқастың өмірін сақтап қалған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2165745-auyr-halde-auruhanaga-tusken-turkistan-oblysynyng-darigerleri-13-zhastagy-qyzdy-aiaqqa-turgyzdy/