Қауіпті Марбург вирусы: індет туралы не белгілі және Қазақстанға қауіп төндіре ме
Жарияланған күні:
Читать на русскомОрталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова жақында әлемде пайда болған Марбург вирусы туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды
Қазақстанның бас санитария дәрігерінен журналистер Қазақстанда Марбург вирусы тіркелді ме деп сұрады.
"Жоқ, Қазақстанда тіркелмеді", - деп жауап берді Сархат Бейсенова.
Ол жаңа қауіпті вирустың этиологиясы мен таралу орындарын айтты.
Марбург вирусының негізгі ошағы – оңтүстік, батыс және орталық Африка. Айтап айтқанда Оңтүстік Африка, Габон, Судан, Конго Республикасы, Либерия, Зимбабве, Гвинея, Кения және Руанда сияқты елдердің аумағы.
"Марбург вирусы өте ауыр, өлімге әкелуі де мүмкін. Вирус бауырды, асқазанды және орталық жүйке жүйесін зақымдайды", - деді бас санитариялық дәрігер.
Белгілері:
- Жоғары температура;
- Бас қатты ауруы;
- Бұлшықеттің ауырсынуы.
"Үшінші күні диарея, іштің ауыруы, жүрек айнуы басталады. 5-7 күндері көптеген науқас ауыр геморрагиялық симптомды – қан жоғалтады. 8-9 күндері өліммен аяқталуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, вирус өте қауіпті, бүгінде оған қарсы вакцина жоқ, емі де жоқ, ем-шара белгілерге байланысты болады", - деді спикер.
Ол вирус тіркелген елдерге баратын қазақстандықтарды эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
"Сол елдерге баратын қазақстандықтарды ауру адамдармен араласпауға, табиғатқа шыққанда абай болуға шақырамыз, алғашқы белгілер пайда болған кезде медициналық көмекке жүгініп, жеке бас гигиенасын сақтауға шақырамыз", - деді Бейсенова.
Ол сондай-ақ республика аумағына барлық карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың, оның ішінде Марбург вирусының таралуын болдырмау мақсатында Қазақстанның халықаралық әуежайларында келген жолаушылардың дене температурасын өлшеу санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілетінін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2172712-qauipti-marburg-virusy-indet-turaly-ne-belgili-zhane-qazaqstanga-qauip-tondire-me/