Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Денсаулық сақтау министрі елде дәрі-дәрмек неге қымбаттағанын түсіндірді

Жарияланған күні:

Дәрі мен тиын ұстап отырған адам
Дәрі мен ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкіметтің сейсенбідегі отырысында дәрі-дәрмек бағасының себепсіз өсуін тоқтату үшін қандай шара қолданылып жатқаны туралы баяндады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлады.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазір осы бағытта бірнеше шара жүзеге асырылып жатыр.

"Дәрі бағасын реттеуді көздейтін бірқатар нормативті-құқықтық акт бар. Денсаулық сақтау министрлігінің жарлықтары шыққан. Оларға сараптама жасалып, қайта қаралып жатыр. Құжаттарда дәрі бағасының себепсіз қымбаттауына әкелген тұстары анықталды. Олардың 30 пайызы маркетингке, 15 пайызы логистикаға қатысы бар. Осының бәрін жетілдіру көзделіп отыр. Қазір жарлықты тиісті мемлекеттік органдармен келістіріп жатырмыз. Жыл аяғына дейін құжатқа қол қойылады", - дейді министр.

Министрлік басшысының мәліметінше, 20 тамызда қабылданған жарлыққа сәйкес, дженериктер (түрлі сауда атауына ие, бірақ құрамы бір дәрілер – ред. ескертпесі) мен түпнұсқа препараттар арасындағы баға айырмашылығы 30 пайыздан аспауға тиіс. Бұл ереже мемлекет сатып алатын дәрілерге ғана жүреді.

"Шетелден әкелінетін дәрілер бағасын реттеу үшін министрлік қаржы министрлігінің "Кеден" ақпарат жүйесіне қосылып жатыр. Интеграция алдағы жылдың басында толық аяқталса, біз шетел дәрілерінің Қазақстанға кірген уақыттағы бағасын көре аламыз. Бұл да препараттардың ел ішіндегі бағасын реттеуге мүмкіндік береді", - деп есептейді Әлназарова.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жазда Әлназарова Қазақстандағы фармкомпаниялар мен дистрибьютерлерден дәрі сұраған. Бұған дейін сыбайлас жемқорлықпен күрес мекемесі "СҚ-Фармация" ЖШС компаниясында жемқорлыққа жол беретін тетіктерді анықтағанын жариялаған еді. Мекеме мәліметінше, дәрі сатып алу жөніндегі аукциондардың жартысынан астамы бәсекесіз ұйымдастырылған.

Айта кетейік, Қазақстанда дәрі бағасының шегін бақылауға және қымбат тауарға шағымдануға арналған мобильді қосымша жұмыс істейді.

Автор: Талғат Дүйсенбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2186235-densaulyq-saqtau-ministri-elde-dari-darmek-nege-qymbattaganyn-tusindirdi/