Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылар институты туралы не білу керек
Жарияланған күні:
Мүгедектікті сырттай-проактивті форматта анықтауды жетілдіру жұмыстары және тәуелсіз сарапшыларды іріктеу қалай іске асырылып жатқандығы туралы NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Бүгінде Қазақстанда мүгедектікті анықтау саласында маңызды реформа жүргізілуде. Елімізде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы енгізіліп жатыр.
Бұл механизмнің мақсаты – әр азамат үшін процесті қарапайым, жылдам, әрі ашық ету.
Сырттай-проактивті форматтың үлесі жыл сайын артып келеді, мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған статистика растайды. Өткен жылы осы форматта 76,4 мыңнан астам өтінім қаралған болса, осы жылдың он айында бұл көрсеткіш 77,2 мыңға жетті (бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,2 пайызына тең).
Сырттай-проактивті форматтың басты артықшылықтары:
- Қашықтықтан тіркеу. Өтініш берушіге медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барудың қажеті жоқ. Енді мүгедектігі бар тұлғалар қызметті онлайн форматта ала алады.
- Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Медициналық-әлеуметтік сараптама маманы мен науқас арасындағы байланыстың болмауы сыбайлас жемқорлық фактілерін жоққа шығарады. Бұл ретте, құжаттар комиссияның қарауына түскен кезде олар өтініш берушінің дербес мәліметтеріне қол жеткізе алмайды.
- Өтінімдерді өңдеу жылдамдығы. Ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы өтінімдерді қарау процесі жеделдетіледі, ал тиісті төлемдер проактивті форматта тағайындалады.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматын енгізумен қатар, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік кодекс шеңберінде медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының бірыңғай тізілімін құру көзделген.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманің тәуелсіз сарапшылары – тәжірибелі дәрігерлер. Сарапшыларды іріктеу процедурасы мынандай тәртіп бойынша іске асырылады: дәрігер өтінім беру арқылы конкурстық негізде іріктеуге қатысады. Жүйе оның деректерін толық тексереді. Маманның жұмыс тәжірибесі, лицензия мен сертификаттардың болуы, сонымен қатар медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша біліктілік деңгейін растайтын тестілеуден өтеді. Процесс автоматтандырылған, яғни дәрігерді медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу керектігін жүйе автоматты түрде анықтайды.
Үміткерге қойылатын негізгі талаптардың бірі – жоғары медициналық білім, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының болуы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мәселелері бойынша соңғы 5 жылда оқудан өткенін растайтын құжат болуы. Осылайша, тәуелсіз сарапшыларды іріктеу біліктілік деңгейі мен жұмыс өтілі ескеріле отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.
Биыл Қазақстанда медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберетін азаматтарды сырттай-проактивті форматта куәландыруға тәуелсіз сарапшыларды тарту бойынша пилоттық жоба басталды. Пилоттық жобаны іске қосу шеңберінде конкурсқа 50-ге жуық адам қатысты. Іріктеудің барлық кезеңдерінен 18 сарапшы дәрігер өтіп, жұмысқа кірісті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2189871-meditsinalyq-aleumettik-saraptamanyng-tauelsiz-sarapshylar-instituty-turaly-ne-bilu-kerek/