Моңғолия қазақтарын түсірген шетелдік режиссер қазақ халқының мықтылығына таң қалды
Жарияланған күні:
Батыс Моңғолияда тұратын қазақтардың өмірін қысқа метражды фильм етіп түсірген танымал шетелдік режиссер Брэндон Ли қазақ халқының мықтылығына тәнті болды деп жазады NUR.KZ порталы.
"Моңғолия көшпенділері" деп аталатын фильмде басты рөлдерді қазақтар сомдайды. Көшпенді халықтың қызық өмірін баяндайтын бұл фильм шетелде күн санап танымал болуда.
Nomads of Mongolia from Brandon Li on Vimeo.
Өзге ел өкілдері қазақтардың өмірін баяндаған фильмге жоғары бағасын беріп, жарыса мақтауда.
"Жобаны бастамас бұрын мен продюсерім Анслейден фильм түсіргенге әлемдегі ең керемет дүниені тауып беруін өтіндім. Ол маған бүркітпен аң аулаушы қазақтар туралы ақпарат жинап әкелді. Мен бұған бірден тәнті болдым", - дейді Брэндон Ли.
Брэндон көшпенді қазақтармен бірге бір ай бойы тұрып, көшпенділердің қиын әрі қызықты өмірінің куәсі болған.
Осы орайда танымал режиссер, MTV-дің бұрынғы продюсері Брэндон Лиден шетелдік The Plus журналының алған қазақтар туралы сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
"Қазақтар ағылшынша түсінбейтіндіктен, фильмді түсіру оңайға соқпады. Қасымда аудармашым болғанның өзінде бір-бірімізді түсінбей жатқан кездер болды", - деп сұхбатын бастады режиссер.
- Моңғолиядағы көшпенділерді түсіруге көп шығын кетті ме?
- National Geographic-тен қаржылай көмек болғанымен біраз ақшаны өз қалтамнан шығаруға тура келді. Мен продюсеріме және өзіме Моңғолияға билеттер мен бір ай тұруға шығындарды өзім төледім. Аудармашы мен жүргізушіге де өзім шығындандым, бұдан бөлек бірнеше жаңа камера сатып алғанымды есептей беріңіз.
- Оларды түсіруге мұншалық құлшынуыңызға не себеп болды?
- Урбанизация салдарынан жоғалуға шақ қалған мәдениеті. Мен олардың әлі бар екенін аңдататын туынды жасағым келді.
- Сіздің фильм түсірудегі стиліңіз қандай болды?
- Мен бәрін табиғи етіп көрсетуге, жасанды кадрлар болмауына үлкен мән беремін. Осы орайда көп қиындықтарға кезігесің. Әсіресе адамдарды камераға қарамауға және тағы бірнеше рет кадрлар жасауға көндіру оңай емес. Ал аудармашым болса, камераға түсіп қалмас үшін біресе кішігірім бөлмеде, біресе шөптердің арасында жасырынып жүріп, көмектесті.
- Көшпенді қазақтармен бірнеше апта бірге тұрғанда, олардан нені үйрендіңіз?
- Басты түсінгенім, мен олар секілді мықты емеспін. Моңғолия - қалжыңдайтын мекен емес. Ауа райы - қаһарлы, ал адамдары өте шыдамды. Үш қабат киім кигеннің өзінде мен қатып жүрдім. Ал ондағы кей балалар күртеше киіп, балмұздақ жеп жүрді. Бүркітпен аңшылық ететіндер негізінен аңшылыққа қыста шығады. Қар мен суыққа қарамастан, атқа мініп, аязда сағаттап аң іздейді. Олардың мықтылығына тек таңырқаумен қарай аласың.
- Сіз үшін ең қиыны не болды?
- Сүйектен өтетін аяз. Ен даланың желі мен суығына кез-келген адам шыдай алмайды. Кей кездері саусақтарым үсіп, камераның пернесін басуға да келмей қалып жатты. Одан кейін тағам. Қазақтар негізінен ет жейді. Етті көп жей бермейтін маған күнде етпен тамақтану қиынға соқты. Көңілдерін қалдырмас үшін әрі жейтін басқа түк болмағасын амалсыз аузыма салумен болдым.
- Фильмнің көңіл-күйін жақсы жеткізуге не септік болды?
- Мен дыбыстарға үлкен мән бердім, аттың шапқаны, аңшылардың дауысының жаңғырығы барынша анық естілгенін қаладым.
- Сіз Моңғолиядағы қазақтардың өмірі туралы тағы да түсіру мүмкіндігін алсаңыз, қайтып барар ма едіңіз?
- Мен болашақта анық баратын едім. Бірақ ұзақ фильм түсіру үшін әлдеқайда көбірек қаражатпен бару керек. Аңшы адамдарды түсіру оңай жұмыс емес, сол үшін оған көбірек қаржыландыру болғанын қалаймын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1011753-monhgholiyadaghy-qazaqtar-turaly-film-t/