Еліміздің бай-бағландары "бақытты" иттерін қалай күтеді? (фото)
Жарияланған күні:
Ықылым заманнан бері аңшылар мен мен малшылардың сенімді серігі болған иттердің қазақ тұрмысында үлкен мәні бар. Оған халқымыз жеті қазынадан ойып тұрып орын берген. Ал қазір итті тек ермек үшін асырау сәнге айналып барады. Бірі текті ит тұқымын көбейтумен айналысса, кейбірі оларды үйіне кіргізіп, баласындай бағып-қағуда. Бұл құбылыс біздің қоғамға дендеп еніп барады. Бұрындары тек шетелдік кинолардан тамашалайтын төртаяқтылар қазақстандықтардың шаңырағында бір үйдің мүшесіндей өмір сүріп жатыр. Оның бабын тауып, күтіп-бағу да оңай емес екен.
NUR.KZ порталы "бақытты" иттер мен мысықтардың груминг-салонына ат басын тіреп, оларға нақты қандай қызмет көрсетілетінін көріп қайтты.
Ит құмар жандардың айтуынша, чихуахуа, мопс, такса, мальтезе, пекинес, пудель, терьер, француз және ағылшын бульдогы сияқты иттерді үйде асырау еш қиындық туғызбайтын көрінеді.
Алматыдағы груминг-салонның иесі Шахида Никитина да ерекше иттерді жаны сүйеді. Мына пекинес деген итті ол осыдан жеті жыл бұрын шетелден алдыртыпты. Осындай кәсіпті бастауға үй жануарларын күтіп-баптауға деген қаладағы сұраныстың көптігі себеп болған.
"Мен иттерді кішкене күнімнен жақсы көремін. Бұрын ит өсірумен айналысқанмын. Ал кәсіпті бастағаныма сегіз жыл болды. Груминг дегеніміз үй жануарларын күтіп-баптау деген сөз. Қазіргі кезде көп адам ит-мысығын қалай баптауды білмейді. Сондықтан бізге, яғни, мамандардың көмегіне жүгінеді. Біз клиенттерге түрлі қызмет көрсетеміз. Жүнін қырқып береміз, жуындырып, тазалаймыз, тырнағын аламыз", - дейді салон иесі.
Шахида Никитина өзінің пекинес тұқымына жататын Зигзаг есімді итін айына бір рет осылай тазалап отырады екен. Иттерге көрсетілетін қызметтің бағасы олардың тұқымына байланысты. Иттің жүнін қырқу, денесін жуып-кептіру 5 мыңнан басталады. Егер иттің жүні қалың, өзі үлкен болса, оның бағасы да жоғары.
Зигзаг иттердің қалың жүнін құрғататын арнайы кептіргіш құралдың астында жатыр.
Мұндай процедураға оның еті әбден үйренген. Оның үстіне ит өзінің қожайынына сенеді. Сондықтан жүнін тараған сайын, ол одан ләззат алып, тырып етпей жатады.
"Бұл процедураны ай сайын жасап тұру керек. Адамдар күн сайын жуынады. Сол сияқты үй жануарларының да гигиенасына кем дегенде бір айда осылай мән берген жөн. Тырнағын алып, жүнін тазалап, тарап отыру керек. Егер таралмаса, осылай ұйысып қалады, ол иттің мазасын қашырады", - дейді грумер.
Салон мамандары ит пен мысықты Америкадан алдыртатын арнайы сусабындармен жуындырады екен.
Мынау иттердің тырнағын алатын арнайы құрал.
Зигзаг таранып болған соң, тырнағын алдырды. Онда да қыңқ демеді. Тырнақ алу қызметі - мың теңге екен.
Шахида Никитина әңгіме барысында өз тәжірибесінде болған қызықтармен бөлісті.
"Клиенттердің арасында ашулы иттер де бар. Талай рет тырнап, тістеп, жарақаттаған кездер болды. Олардың мінезі негізінен қожайынға байланысты. Егер күшік кезінен жақсы тәрбиелесе, өскенде ақылды болады", - дейді маман.
Зигзаг үйде арнайы орынға дәрет сындырса, тыс жерлерде жаялық қолданады екен.
Шахиданың айтуынша, ит асырау белгілі бір жауапкершілікті жүктейді.
"Жануарға күтім керек. Салонға келмей-ақ қойсын, бірақ қожайыны оған көңіл бөлуі тиіс. Оны асырауға алдыңыз ба, ол үшін жауапты екеніңізді түсіну керек", - дейді грумер-маман.
Тағы оқыңыздар:
Тәуекел Мүсілім алғаш рет қылмыс әлеміндегі "авторитеттің" ұлы екенін мойындады
Оқушыны ұрған мұғалім сот алдында жауап бермейтін болды
Елімізде тағы 3 ақылы жол пайда болады
Ақтөбе облысында ресейлік инвестор жұмысшылардың жалақысын төлемей қашып кетті
ОҚО-да немере інісін пышақтап өлтірген тұрғын небары 10 жылға сотталды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1411156-baqytty-itter-men-mysyqtar-baratyn-gr/