Мұсылман әйелдерге шалбар киген харам ба?
Жарияланған күні:
Шариғат бойынша әйелдерге шалбар киюге рұқсат етіле ме? Осы сұраққа жауап беру мақсатында KAZ.NUR.KZ Muslim.kz cайтының діни сарапшысы Айбек Әбдіқадыр мен islam-today.ru басылымы ұсынған мәліметті назарға ұсынады.
Шариғат бойынша әйелдерге шалбар киюге рұқсат етіле ме? Бұл сұраққа Muslim.kz cайтының діни сарапшысы Айбек Әбдіқадыр жауап берді.
Жалпы мұсылман әйелдер ең алдымен киімнің тігілу ерекшелігіне мән беруге тиіс. Шалбар – адамның бел мен тобыққа дейінгі денесін жауып тұратын киім түрі. Оның юбкадан ерекшелейтін нәрсе – өзара екіге бөлінетіндігі. Дегенмен әр бөлігі де өзінің жартысын толық жабады.
Егер бұл киім шариғатқа сай болып, талап етілген әуретті жабатын болса, онда оны киюге болады.
Ал киімнің шариғат талабына сай болу үшін шарт етілетін нәрселер мынау: әурет жерді толық жабуы, ашық жердің болмауы; денеге қатты жабысып, әйелдің тұлғасын толық айқындап тұрмауы; астында не бары байқаларлықтай жұқа болмауы; көзге ұрып тұратындай ерсі түсті болмауы.
Жалпы ғалымдардың көзқарасы бойынша әйел заты намазда да, намаздың тысында да міндетті түрде барлық денесі жабылуы керек. Тек беті мен қолының білезіктен төменгі бөлігі ашық болса болады.
Айта кетерлігі, Ханафи мәзһабында әйелдің табаны әуретке жатпайды. Кей риуаяттар шалбарды (дамбалдың) киюге рұқсат екенін көрсетеді.
«Жаңбырлы күні Алла елшісінің (с.ғ.с) қасында бақиғта едім. Қасымыздан есекке мінген бір әйел өтті. Қасында есекті ұстаған адамы да бар еді. Сөйтіп ол әйел бір сай жерге жеткенде есегінен ауып түсті. Алла елшісі (с.ғ.с) ол әйелден лезде көзін алып қашты. Сондағы адамдар: «Уа, Алла елшісі, оның шалбары (дамбалы) бар ғой», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Уа, Алла, менің үмметімнің шалбар кигендеріне кешірім еткей», – деді»,- делінген Хазіреті Әли (р.а) жеткізген хадисте.
Әйелдердің шалбар киюін еркекке ұқсау тырысу деп ойлау орынсыз. Себебі бұл киім түрінің еркектерге арналған әрі әйелдерге арналған түрлері бар.
Мұсылман еместерге ұқсау дегенге келсек, киім мәселесінде негізге алынатын нәрсе – әуретті жабу. Киім кию де әдеттегі нәрсе. Оның иманмен тікелей қатысы жоқ.
Ал харам болатын киім – белгілі бір дін өкіліне ұқсау үшін киілген, діни сенімінің рәмізі болған киім.
Сонымен әйел адамға арналған шалбар жоғарыда айтылған шарттардың қайсы біріне қайшы келетін болса, ондай шалбарға мүлдем рұқсат жоқ.
Әйел үшін ең дұрысы – қарапайымдылығын көрсететін киім болып қала бермек.
Сонымен бірге ресейлік islam-today.ru басылымы да мұсылман әйелдерге шалбар киюге бола ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Басылымның мәліметінше, аталған сұраққа жауап берместен бұрын, Пайғамбар мен халифат уақытында араб елдерінің гардеробында әйелдердің шалбары деген ұғым болды ма деген сұраққа жауап беру қажет екен. Негізінен мұсылман халықтарының киімдері кең, әрі адамның сыртқы пішінін барынша жасыруға бейім келетіні баршаға белгілі. Мысалы сол кездері ер адамдардың сыртқы жейдесінің жеңі ұзын, оның сыртында ою-өрнекпен көмкерілген кафтан (халат) кигені белгілі болған. Ал күн суыған мезетте ерлер джубба (орыстың "шуба" сөзі) киген.
Ал ерлер мен әйелдер арасында кең тараған киімнің бірі – қалың ұзын плащ тәрізді сырт киім танымал болған. Қазіргі таңда арабтардың үстінен табылатын киім – куфия және арафатка деп аталады.
Сонымен бірге арабтарда әйелдер киімі мен ерлердің киімінің арасында айтарлықтай айырмашылық болған. Мысалы әйелдердің үстіне киетін көйлегі ерлердікіне қарағанда кең, ал дамбалдары ұзын балақты болған. Ал бастарына араб әйелдері шарф тәрізді бас киімді тағып, оның ұзындығы кейде тіпті жерге дейін жеткен.
Араб әйелдері үйден далаға шыққанда изар – арнайы жібек матадан тігілген жамылғымен беттерін жапқан. Осыдан мұсылман әйелдері ежелден шалбар киген деген қорытынды жасауға болады. Мұсылман елдерінің әйелдері оны шалбар, дамбал немесе шаровар деп атаған. Әйелдер қауымы оны көйлектерінің астынан немесе туника іспеттес қысқа көйлектің астынан киген.
Десе де бір ерекшелігі – мұсылман елдерінің көпшілігінде әйелдер шалбарды жеке киім ретінде кимейді. Олар оны міндетті түрде кең көйлектің астынан киген. Тағы бір айта кетерлігі мұсылман әйелдерінің шалбар киюін біреуге ұнау үшін деп қабылдамау керек. Мұсылман әйелдері шалбарды күнделікті тұрмыста ыңғайлы болғаны үшін киген.
Мұсылман әйелдердің шалбар киюіне қатысты келесідегідей хадис бар.
"Пайғамбар Мұхаммед (c.ғ.с) Әли есімді сахабамен бірге Баки мазарында болыпты. Олар сол жерде әйел адамның мазарлардың бірінен құлап түскенін байқапты. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбар әйелден көзін алып, бетін жапқан сәтте, Әли: "Әйел адамда шалбар бар, оның денесі түгелімен жабық" деп айтқан екен. Сонда Пайғамбар әйел адамға батасын беріп, дұға еткен" екен.
Басылым ұсынған дерекке сәйкес, осыдан мұсылмандар әйелдерге шалбар киюге рұқсат етілген деп айтуға толық негіз бар. Бастысы ол әйел адамның әуретті жерлерін көрсетпей, сыртқы сымбатын білдіртпейтіндей болуы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1776454-msylman-jelderge-salbar-kigen-haram-ba/