Туған ауылын жермен жексен болудан құтқарып қалған қария елді тәнті етті
Жарияланған күні:
96 жастағы қария өзі 37 жыл бойы тұрған ауылын жермен жексен болудан таптырмас тәсілмен құтқарып қалған. Тайвань тұрғыны билік өкілдері қиратып тастағысы келген мекенді шеберлігі мен тапқырлығының арқасында аса көрнекі жерге айналдырып жіберген. Бүгінде ерекше ауылды көргісі келгендердің саны күн санап артуда деп жазады bigpicture.ru сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Зейнетке шыққан әскери қызметкер Хуан Юн-Фу өзінің шеберлігінің арқасында туған ауылын құтқарып қалды.
Оқиға Тайчжун қаласының маңында орналасқан елді мекенде орын алған. Ол жердегі 1200 үйді билік өкілдері әскерилерге уақытша берген.
Уақыт өте келе тұрғындардың көбісі көшіп кетіп, құрылыс компаниялары жерлерді сатып алуға кірісе бастайды.
Ауылда бар-жоғы 11 үй ғана қалған. Олардың иелері көшуге түбегейлі қарсы болған. 37 жыл бойы мекен еткен жерінен кеткісі келмегендер қатарында Хуан Юн-Фу да бар.
Зейнетке шыққан ол бейнелеу өнерімен айналыса бастады. Әскери қызметкер бірнеше жылда өзінің ерекше өнерін шыңдай түсіп, шеберлігін көршілеріне де паш етеді.
Хуан Юн-Фудың арқасында жермен жексен болуға аз қалған ауыл Тайчжунның аса көрнекі жеріне айналып шыға келді.
Жергілікті билік өкілдері елді мекенге қатысты шешімін қайта қарастыруға мәжбүр болды.
Түрлі түске боялған ауыл туралы естіген жұртшылық бұл ерекше жерді өз көзімен көруге асығуда. Анықталғандай, елді мекенге ат басын бұрушы туристер саны күн сайын көйбейіп жатыр.
Зейнеткер мұнымен тоқтап қалмай, тіпті жүз жасында да сурет салатынын айтады.
Ең қызығы, 96 жастағы қария күнде таңғы үште тұрып, ауылын әсемдеумен айналысады екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1789806-tugan-auylyn-zermen-zeksen-boludan-ktkaryp-kalgan-karia-eldi-tnti-etti/