1 қаңтарда Жаңа жылды қай елдер тойламайды
Жарияланған күні:
Жаңа жыл көпшілік тағатсыздана күтетін сиқырлы мереке. Оны діні мен ұлты әртүрлі әлемнің барша халқы атап өтеді. Десе де кейбір елдер үшін 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түн Жаңа жыл болып есептелмейді. Олардың өз Жаңа жылы бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Массагет сайтына сілтеме жасап.
Израиль
Израильдықтар 31 желтоқсан мен 1 қаңтарды мерекелік күндерге айналдыру үшін, тіпті, арнайы флешмоб ұйымдастырады. Десе де, күнтізбелік жылдың басталуын мерекеге балайтын 2 миллион жергілікті тұрғын жаңажылдық түннен кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Израильде аталған мерекені негізінен ТМД елдерінен келгендер тойлайды.
Сауд Арабиясы
Бұл мемлекет Жаңа жылды мүлде тойламайды. Күндердің өзгеруін атап өту исламға жат нәрсе боп саналады. Бұл елде мемлекет көлемінде аталып өтетін тәуелсіздік күні, Рамазан айы және Құрбан айт мейрамы секілді үш мереке бар. Әйтсе де, мұсылмандар Жаңа жылды тойлау үшін басқа дін ұстанатын достары кешкі асқа шақыратын болса, тартынбай барады.
Иран
1 қаңтар – Иранда қарапайым күндердің бірі. Халық парсы күнтізбесі бойынша өмір сүреді. Иранда Жаңа жыл күн мен түн теңесетін 21 наурыз күні тойланады. Мереке – Наурыз, яғни "жаңа күн" деп аталады. Наурыз тек Иранда ғана емес, көптеген елдерде аталып өтеді.
Үндістан
Үндістанда мерекелердің саны өте көп. 365 күн ішінде ең көп демалатын да үнді халқы. Егер бұл елдегі мейрамдардың барлығын жалпыхалықтық етіп тойлайтын болса, халықтың жұмыс істеуге уақыты қалмайды екен. Сондықтан, олардың кейбіреулерін халық "таңдау мерекесі" деп атайды. Таңдау мерекесінде барлық кеңселер мен мемлекеттік мекемелер жұмыс істейді, бірақ қызметкерлер өздеріне демалыс жариялауына болады.
Мысалы, сондай мерекенің бірі – Жаңа жыл. Бұл елде 1 қаңтар үнділер үшін халықтық мереке емес. Үндістанның әр аймағының өз Жаңа жылы бар. Олар тек, 22 наурызды жалпыұлттық Жаңа жыл санайды.
Оңтүстік Корея
Корей халқы Жаңа жылды әдеттегі Григориан күнтізбесі бойынша және Ай бойынша жылына екі рет атап өтеді. 1 қаңтар – Оңтүстік Кореяда демалыс күні. Мұнда безендірілген шыршалар мен Аяз ата жиі кездеседі. Кореяда жылдың басы мереке ретінде емес, отбасы және достармен бірге өткізетін көптен күткен демалыс ретінде қабылданады. Кәрістер Жаңа жылды ауқымды етіп Ай бойынша атап өтеді. Мұндай Жаңа жылды "Соллал" деп атайды.
Қытай
Әдетте, ҚХР григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жылды 31 желтоқсан күні қарсы алады. Алайда, қытайлықтар үшін өз күнтізбесі маңыздырақ. Қытай Жаңа жылы "Көктем мерекесі" деп аталады. Бұл атау Еуропа халқының Жаңа жыл мерекесінен ажырату үшін берілген. Тұрмыста бұл мерекені "Нянь" деп атайды.
Вьетнам
Вьетнамдық Жаңа жыл "Тет" деген атаумен белгілі. Бұл елдің ең маңызды және танымал мерекесі. Ол қаңтардың аяғында және ақпанның басындағы күндердің бірінде тойланады. Көбінесе бұл қытайлардың мерекесімен ұқсас келеді. "Тет" отбасылық мереке болып саналады және ол басталған күні вьетнамдықтар сапардан оралып, туыстарымен уақыт өткізуге, қайтыс болған адамды еске алып, бір-біріне сыйлықтар беруге тырысады.
Бангладеш
Бұл мемлекетте 1 қаңтар ресми мереке және демалыс күні болып есептеледі. Бірақ Жаңа жыл емес. Олар Жаңа жылды 14 сәуірде бошак айының бірінші күні атап өтеді. Адамдар ерте тұрып, ең жақсы киімдерін киіп, серуенге шығады. Бұл мереке күні мемлекет ішімдікке қатаң тыйым салады. Мереке күні адамдар бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасайды, ән айтады, сурет салады, билейді, суретке түседі және мерекелік жағдайда жақсы етіп өткізуге тырысады.
Естеріңізге сала кетсек, Қырғызстанда имамдарға Жаңа жылды тойламау туралы үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1834321-1-katarda-zaa-zyl-kaj-elder-tojlamajdy/