13 ұлды дүниеге әкелген ана қызды болғанша босана бермек
Жарияланған күні:
Бразилияда 13 ұлды тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты тұрады. Айтуынша, олар дүниеге қыз бала келгенше балалы болуды жалғастыра бермек екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ bigpicture.ru-ге сілтеме жасап.
40 жастағы фермер Иренеу Крус пен оның әйелі Джусиклейда Сильваның үйленгеніне жиырма жыл болған.
Ерлі-зайыптылар бірінші баласының дүниеге келуін күтіп жүрген кезде отағасы ұлдардың есімін өзі қоятынын, ал қыздардың есімін жұбайы таңдайтын болып келіскен екен.
Содан бері Джусиклейда өзінің 13 баласының ешқайсысына ат қоймаған. Себебі олардың барлығы - ұл.
Жақында ерлі-зайыптылардың он үшінші ұлы - Роналду дүниеге келген.
Оған дейін жұбайлар 13 санын жақсылыққа балап, бұл жолы қыз бала өмірге келеді деп үміттенген.
Алайда акушер дүниеге ұл баланың келгенін айтқан кезде, Крус пен Сильва соңына дейін күресіп, қызды болуға серттескен.
Иренеу Крус футболдың нағыз жанкүйері. Ол ұлдарына футбол ойнауды үйретіп, көрші балалармен өтетін матчтарда өзі төрелік етеді.
Крус болашақта ұлдары Бразилия құрамасында ойнағанын армандайды.
"Мен Ривалдо, Роберто Карлос, Роналдиньо және Робиньо сияқты футболшылардың өнеріне таңданатынмын. Ең жақсы футболшылардың аттары "Р" әрпінен басталады. Сол үшін оңтүстік америкалық футболды құрметтеп, ұлдарыма сүйікті футболшыларымның есімін беруді шештім", - дейді ер адам.
Ол барлық балаларының есімін сүйікті футболшыларының құрметіне: Робсон, Рейнан, Рауан, Рубенс, Ривалдо, Руан, Рамон, Ринкон, Рикуэльме, Рамирес, Рилесон, Рафаэль және Роналду деп атаған.
Ал мамандардың пікірінше, 8 мыңнан бір жағдайда ғана қатарынан 13 ұл дүниеге келеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қырыққа жетпей 38 баланы дүниеге әкелген жалғызбасты әйелдің әлемді таңғалдырғаны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1858036-13-ldy-dniege-kelgen-ana-kyzdy-bolgansa-bosana-bermek/