Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көкек аналармен күрес: Талай сәбидің өмірін сақтап қалған бокстар туралы білесіз бе

Жарияланған күні:

Бокс
Фото: Safe Haven Baby Boxes

АҚШ-та көкек аналар тастап кеткен балаларға арналған арнайы бокстар (қорап) бірталай нәрестені құтқарып қалдуа. Бұл жоба қаншалықты сәтті жүзеге асырылып жатқанын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Бір қарағанда пошта жәшігі сияқты көрінетін қабырғадағы бұл бокстарға арнайы дабыл орнатылған деп жазады metro.co.uk. Көкек ана баласын боксқа қалдырған сәтте арнайы қызметкерлер бұл туралы бірден хабардар болады.

Бокс
Фото: Safe Haven Baby Boxes

2016 жылдан бері орнатылған бокс бүгінгі күнге дейін сегіз рет дабыл қаққан. Бокста нәрестені алып кеткенге дейін тоңып не жарақаттанып қалмауы үшін барлық жағдай жасалынған. Әдетте арнайы қызметкерлер небәрі үш минуттың ішінде қалдырылған нәрестенің қасынан табылып жатады.

Мұндай бокстардың орнатылуына Моника Келси атты тұрғын себепкер болған. Ол Safe Haven Baby Boxes жобасын қолға алып, балалардың құтқарылуына көмек көрсетіп жүр.

Бокс
Фото: Safe Haven Baby Boxes

Ол нәрестелердің қоқыс жәшігіне немесе әжетханаға тасталуын осылайша тоқтатпақ ниетте.

Мониканың өзін де кішкентайынан анасы тастап кеткен екен.

"37 жасымда биологиялық анамды кездестірдім. Бұл менің өмірімдегі ең керемет және ең қорқынышты күн", - деп ағынан жарылды ол.

Айтуынша, анасы Сэнди 17 жасында аяусыз зорланып, бір өлімнен аман қалған екен. Алты аптадан кейін жүкті болып қалғанын ұққан ол ата-анасының, қоғамның қысымына душар болып, Моникадан бас тартқан екен.

Бокс
Фото: Safe Haven Baby Boxes

Оңтүстік Африкадағы шіркеуден нәрестеге арналған боксты алғаш рет көрген Моника өз елінде де оны орнатуды оң санайды.

Бүгінде үш баланың анасы атанып отырған Моника өз штатында барлығы 41 бокс орнатқан. Одан бөлек, үш бокс Огайода және бір бокс Арканзаста орнатылған. Моника болашақта барлық штатқа бокс орнатпақ.

Бокс
Фото: Safe Haven Baby Boxes

Десе де мұндай бокстарға сын жаудырғандар табылуда. Олар бокс ананың баласынан жеңіл бас тарта салуына себепкер болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Бұл сынға қарамастан, штатта бокс орнатылғалы бері нәрестені қауіпті жағдайда тастап кету фактілері азайған.

Моника құрған орталық тәулігіне 24 сағат бойы жалғызбасты, жағдайы ауыр аналардың қоңырауына жауап беріп, көмек қолын созады.

Моника
Фото: Safe Haven Baby Boxes

Әйел балалы болуды қаламаған аналардың қасында өскен бала бақытты бола қоймайтынын, тіпті соққыға жығылып жататынын алға тартуда. Ол өзге Еуропа елдеріне орнатылған бокстар да нәрестелердің ай-далада тасталу жағдайын азайтқанын мысалға келтірді.

Ол бокста қалдырылған балаларды нәрестені аңсап отырған отбасы асырап ала алатынына баса назар аударуда.

Еске салсақ, бұған дейін біз Ұлыбританияда коронавирустан комаға түскен ана аман-есен егіздерді дүниеге әкелгенін жазған болатынбыз.

Одан бөлек, үйленгендеріне небәрі төрт күн болған жас жұбайлар ұшақ апатынан көз жұмғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1879100-kkek-analarmen-kres-bl-erekse-bokstar-talaj-nresteni-mirin-saktap-kaluda/