Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Соғым алдық: Коронавирус вакцинасын қабылдаған алматылық ерікті өз шешімі туралы ашық айтты

Опубликовано:

Қазақстандық вакцина алған ерікті азамат
Фото: primeminister.kz

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеуге қатысқан ерікті KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берді. Алматы тұрғыны осыдан төрт ай бұрын алғаш рет коронавирустан екпе салдыртқан. Ерікті азамат денсаулығы туралы, қанша сыйақы алғанын және не үшін мұндай қадамға барғанын ашық айтты.

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация жүргізілетіні хабарланды. Әлеуметтік желіде вакцина қабылдауға дайын топтан қарағанда оған қарсы топтың саны басым.

Отандық вакцинаны алғашқылардың бірі болып қабылдаған ерікті (атын атамауды жөн көрді) неліктен мұндай қадамға барғанын жасырмады.

"Вакцинаны ешкімнің итермелеуінсіз қабылдадым. Шынымды айтайын, танысым менен бұрын екпе ектіртті. Сол кісіні бақылап жүрдім. Денсаулығы жақсы, шауып жүр. Ол екпе салдыртсам, қолыма едәуір ақша тиетінін айтты. Алдымызда қыс келе жатты. Сыйақыма соғым сатып алдық. Вакцина қабылдағаныма төрт айға жуықтады. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін ауырып көрген жоқпын.

Алматылық ерікті қолына екпеден соң бір ай ішінде 168 мың теңге алғанын айтады.

"Бұл ақшаны көп деп айта алмаймын. Бірақ өз еркіммен келіскен соң, осы бергеніне қанағат", - дейді ерікті.

Қазақстандық вакцина қабылдаған Алматы тұрғынында сақтандыру сертификаты бар. Алайда ерікті вакцинадан келер қауіп-қатердің орнын толтыруға арналған 500 мың теңгелік сертификатты мән беріп оқымаған.

Елімізде шығарылған вакцинаны жүрексінбей қабылдаған қазақстандық азамат қазіргі хәл-жағдайымен бөлісті.

"Ешқандай өзгеріс байқаған жоқпын. Шауып жүрмін. Әр 21 күн сайын қан талдауын алып, тексеріп отырады. Шағымым жоқ", - дейді ерікті.

Коронавирус вакцинасын қабылдаған Алматы тұрғыны еш өкінбейтінін жеткізді.

"Жұбайым да екпе ектіртті. Вакцина қабылдағанымызды көп адамға айта бермейміз. Өйткені клиникалық сынама кезеңі әлі толық аяқталған жоқ. Көбісі ақша үшін ектіртті деп сөгуі мүмкін. Келер айда жаппай вакцинация басталады деп жатыр ғой. Өткен іске өкініш жоқ",- дейді ол.

Айта кетсек, қазақстандық QazСovid-in вакцинасын клиникалық зерттеудің III кезеңіне 3000 адам қатысуда. Еріктілер Алматы және Тараз қаласының тұрғындары.

Вакцинация екі этаппен жүргізіліп жатыр. Бірінші дозасы бірінші күні, ал екінші дозаны 21-күні егіледі.

Қазақстандық белсендірілмеген вакцинаны шығаруды өткен жылдың наурыз айынан бері Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты қолға алды. Тамыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны ресми түрде клиникалық сынамаға жіберілген коронавирус екпелерінің қатарына қосты. Елімізде қазір клиникалық сынаманың соңғы III кезеңі өтіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1894949-sogym-aldyk-koronavirus-vakcinasyn-kabyldagan-almatylyk-erikti-ne-sin-mndaj-kadamga-barganyn-asyk-ajtty/

pixel