Билл Гейтс коронавирустан кейін әлемге тағы екі қатер төніп тұрғанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс коронавирус пандемиясынан кейін әлемге тағы екі қатер төніп тұрғанын мәлімдеді.
Миллиардер YouTube-тегі Veritasium арнасына берген сұхбатында коронавирус пандемиясынан кейін әлем тағы қандай қауіп-қатерлерге тап болуы мүмкін екенін болжады.
Билл Гейтс климаттың өзгеруін алғашқы қатерге жатқызды.
Ол климаттың өзгеруінен болатын адам өлімінің саны коронавирустан қайтыс болғандармен салыстырғанда әлдеқайда көбірек болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
"Қауіптердің бірі - климаттың өзгеруі. Жыл сайын көз жұмғандар саны осы пандемия кезіндегіден де көп болады", - дейді ол.
Миллиардердің пікірінше, әлемге төніп тұрған екінші қауіп - биотерроризм.
Оның айтуынша, егер әлдебіреу әлемге зиянын тигізгісі келсе, ол қауіпті вирус ойлап таба алады және бұл табиғи эпидемияға қарағанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін.
Кәсіпкердің болжамы бойынша, адамзат кезекті пандемия болған жағдайда, оны тоқтата алуы екіталай.
Еске салсақ, бұған дейін Билл Гейтс биыл көктемге қарай COVID-19-ға қарсы алты вакцина дайын болуы мүмкін екенін айтқан еді.
Оның сөзінше, қазір қолданыстағы Pfizer-BioNTech вакцинасынан бөлек, алдағы уақытта Moderna, AstraZeneca, Johnson & Johnson және Novavax вакциналарын өндіруге рұқсат берілуі мүмкін.
"Бірінші тоқсанға қарай шамамен алты вакцина мақұлданады деп ойлаймын", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1897782-bill-geits-koronavirustan-keiin-alemge-tagy-eki-qater-tonip-turganyn-malimdedi/