"Жын-шайтандар мекендейді": Желіде Йемендегі жұмбақ құдықтың суреті тарады (фото, видео)
Жарияланған күні:
Желіде Йемен Республикасының шығысындағы шөл далада орналасқан Бир-Бархаут құдығының жаңа суреті пайда болды. Көпшілік біле бермейтін бұл түпсіз терең құдықта аңыз бойынша жын-шайтандар мекендейді деп жазады knews.kg.
Басылымның мәліметінше, Бир-Бархаут – Йеменнің көпке танымал, ғажайып жерлерінің бірі. Себебі мұнда ені 30 метрді құрайтын алып құдық бар. Бір қызығы ғалымдар құдықтың тереңдігі қанша метрді құрайтынын әлі күнге дейін білмейді.
Ал Al Arabiya басылымының жазуынша, ғалымдардың болжамынша құдықтың тереңдігі шамамен 100-250 метр.
Елдің геологиялық барлау және минералды ресурстар басқармасының директоры Салах Бабхаирдің айтуынша, оттегі жетіспегендіктен әлі күнге дейін ешкім 50 метр тереңдіктен әрі қарай түсе алмаған.
"Күн сәулесі құдықтың түбіне дейін жетпейді, сондықтан оның түбінде не бар екенін болжай алмаймыз. Құдықтың тек бергі бетін видеоға түсіргенімізде онда құстар жүретінін байқадық", - дейді Салах Бабхаир.
Сонымен бірге, басылым Бир-Бархаут құдығының түбінен үнемі жағымсыз иіс шығатынын жазады. Ертеде аңыз бойынша, құпиясы ашылмаған құдық – "тозаққа кіретін қақпа" деп есептелген көрінеді.
Енді геологтар шамамен миллиондаған жылдар бұрын пайда болған табиғаттың бұл кереметін зерттеуді тағы қолға алған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1919854-tozaqqa-aparatyn-qaqpa-zelide-zyn-saitandar-meken-etetin-alyp-qudyqtyn-videosy-paida-boldy-fotovideo/