АҚШ-та ұшақ жолаушысын орындыққа скотчпен байлап тастаған (видео)
Жарияланған күні:
Frontier Airlines авиакомпаниясы Филадельфия-Майами рейсінің жолаушысын ұшу кезінде орындыққа байлап қойған. 22 жастағы Максвелл Берри Майами халықаралық әуежайына келген кезде қамауға алынды деп хабарлайды unian.net.
Майами-Дэйд округінің полициясы хабарлағандай, түнгі рейс кезінде жігіт алдымен екі алкогольдік сусын ішіп, стюардессаға тиісе бастаған. Стюардесса ер адамның бұл әрекетін доғаруын өтінеді.
Содан кейін ол үшінші сусынға тапсырыс берген, бірақ оны киіміне төгіп, дәретханаға барып, жейдесіз оралады. Бортсерік одан киінуін сұрап, тіпті сөмкесінен таза көйлек алуға көмектеседі.
Содан Берри 15 минут бойы ұшақ ішін аралап, кейін екінші стюардессаның кеудесін ұстайды. Әйел оған тиіспеуін сұрап, жолаушы орнына отыруын талап етеді. Алайда жолаушы екі стюардессаға бірдей жақындап, оларды құшақтап, кеудесіне қолын тигізе бастаған.
Сөйтіп әйелдер үшінші бортсеріктің көмегіне жүгінеді. Ол Берриге орнына отыруын талап еткен, бірақ ер адам оның сөзін құлаққа ілмей, жұдырық сілтеп, бетіне соққы жұмсайды.
Мұны көріп отырған басқа да жолаушылар дереу араласып, екеуін ажыратып алады. Жолаушылар жабысқақ таспа мен қауіпсіздік белдігінің көмегімен Берриді орындыққа байлап қойған.
Жарияланған видеоларда жігіттің "Көмектесіңдер!" деп айқайлағанын көруге болады, бірақ бұл әрекет салондағылардың көңілін көтерген.
Ұшақ қонған бойда тәртіп бұзған жолаушыны полиция ұстап әкетті. Оған үш бап бойынша айып тағылды.
Авиакомпания оқиғаға қатысы бар бортсеріктерді тергеу аяқталғанға дейін ақылы еңбек демалысына жіберді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1925620-aqs-ta-usaq-zolausysyn-oryndyqqa-skotcpen-bailap-tastagan-video/