Әлеуметтік жұмыс орындары қазақстандықтар үшін қандай мүмкіндіктер ашады
Жарияланған күні:
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының маңызды құралы – әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру. Бұл ұзақтығы 1 жылдан аспайтын уақытша жұмыс, оның шеңберінде мемлекет жұмыссыздардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялайды және ол жұмыссыздарға кәсіби дағдыларын жоғалтпауға, тіпті жаңа дағдылар меңгеруге мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының тұрғыны Оксана Базилова 4 сағаттық ауысымда 10 килограммға жуық тұшпара түйіп үлгереді. Бұл жұмыс – оның жұбанышы әрі тұрақты табыс көзі. Ол бұл жұмысқа «Әлеуметтік жұмыс орны» сияқты жұмыссыздарды қолдау құралын пайдаланып, Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысу арқылы келді.
«Мені тұшпара түюші ретінде әлеуметтік жұмыс орнына 2020 жылғы сәуірде жіберді. Ал 2021 жылдың басында жұмыс беруші мені штатқа алды, енді бұл менің тұрақты жұмысым. Бұл жұмыс маған өте қолайлы: жарты күндік ауысым балаларға, бау-бақшаға, үйге қарауға мүмкіндік береді, оның үстіне еңбекақысы да ауылдық жер үшін жаман емес, отбасылық бюджетке айтарлықтай үлес қосып отыр. Ең бастысы – ресми түрде жұмысқа орналастым.», - дейді бағдарламаға қатысушы.
Тұшпара түюші ретінде жұмысқа орналасқанға дейін Оксана Базилова бір жылға жуық уақыт жұмыссыз болған. Дегенмен оның өзі айтқандай, «Іздеген әр уақытта табады, ал жұмыс істегісі келмеген адам - сылтау іздейді». Ұзақ уақыт бос жүруге үйренбеген ол халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді.
«Маған бірнеше бос жұмыс орнын ұсынды. Жергілікті кәсіпорындардың біріндегі тұшпара цехында бос орын бар екенін естіп, қуана келістім. Оның үстіне тәжірбием де бар. 16 жасымнан бері тұшпара түюші болып қосымша жұмыс істегем. Сосын сәл есейгенде Петропавлдағы ет комбинатында жұмыс істедім. Бұл жұмыс мені тыныштандырады, жұмыс барысында күйбең тірлікті ұмытамын. Тұшпараны жақсы түйемін», - дейді Оксана Базилова.
Солтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту бөлімінің мәліметі бойынша 2017 жылдан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірде 3603 әлеуметтік жұмыс орны құрылған. Ал 2021 жылдың басынан бері - 492 әлеуметтік жұмыс орны құрылған.
«Әлеуметтік жұмыс орнын жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін халықты жұмыспен қамту орталығымен жұмыссыздардың жалақысының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын субсидиялау туралы (субсидия мөлшері ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс) жасасқан шарттың негізінде құрады. Әлеуметтік жұмыс орнының ерекшелігі, ол тұрақты жұмыс орындарынан тыс құрылады. Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.», - деп мәлімдеді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Ботагөз Оразбаева.
Алайда, Оксана Базилованың мысалы көрсеткендей, жұмыс орнында өзіңді бастамашыл, іске ынталы қызметкер ретінде көрсетсең, тұрақты жұмыс туралы ұсыныс алуға барлық мүмкіндік бар.
Осыған ұқсас жағдай Шымкенттің тұрғыны Гүлминаз Сүлейменованың да басынан өтті. Ол алдыңғы жұмысында – тігін фабрикаларының бірінде жалақысын қысқартқандықтан халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Сол кезде Гүлминаз жұмыстан шығып, өзіне басқа лайықты жұмыс іздеу туралы шешім қабылдайды. Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына барып, көмек сұрайды. Бағына орай, «Alliance» АӨК ЖШС-дан - тігін өндірісінен оған жұмыс табыла кетті.
«Маған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысу көп көмегін тигізді. Табыссыз ұзақ уақыт отыруға тура келмеді, бірден жұмыс тауып берді. Мен он бес жылдық тәжірибесі бар тігіншімін, қазір тігін өндірісінде еңбектеніп жүрмін, арнайы киімдер тігемін. Жұмысымыз конвейерлі, мұнда жылдамдық пен ұқыптылық аса маңызды. Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындағандықтан, жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс мерзімі аяқталғаннан кейін мені штатқа алды», - дейді ол.
Жалақыға, жұмыс кестесіне, ұжымға – жаңа жұмысқа Гүлминаздың көңілі толады. Оның айтуынша, барлық әлеуметтік кепілдіктері бар ресми жұмысқа орналасу өте маңызды.
«2020 жылдан бері «Әлеуметтік жұмыс орны» бағытының шеңберінде «Alliance» АӨК ЖШС-ға 200 адам жіберілді, оның ішінде 2020 жылы – 70 адам, 2021 жылы – 130 адам. Біз өткен жылы жұмысқа келгендердің барлығын тұрақты жұмысқа қалдырдық. Негізінен олар тігінші, үтіктеуші, жүк көтеруші, слесарь, қаптаушы, қосалқы жұмысшылар, кесте тігуші сияқты мамандар. Жұмысын жаңадан бастап жатқан жаңа кәсіпорындар үшін әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу тиімді, жұмысшыларға жалақы төлеуді жеңілдететін мемлекеттің қолдауы бар.», - дейді компанияның НR-менеджері Нышанкүл Ізтілеуова.
Жалпы, жыл соңына дейін кәсіпорын әлеуметтік жұмыс орнына 500 адамды қабылдауды жоспарлап отыр.
Жыл басынан бері Шымкентте әлеуметтік жұмыс орындарына 256 адам жіберілгенін атап өткен жөн. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардан (200 адам) 28 %-ға артық. 2018 жылдан бері бұл құралмен 1556 жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 510 адам тұрақты жұмысқа тұрған.
Республика бойынша 2021 жылғы 7 айда әлеуметтік жұмыс орындарына 15 915 қазақстандық жұмысқа орналасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1927947-aleumettik-zumys-oryndary-qazaqstandyqtar-usin-qandai-mumkindikter-asady/