«Qyzylorda Open-2021» республикалық шахмат турнирі өз мәресіне жетті
Жарияланған күні:
Қызылорда қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Qyzylorda Open-2021» атты республикалық турнирдің марапаттау рәсімі өтті.
Қызылорда қаласы әкімінің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған турнир алты күнге созылды.
Интеллектуалды ойынға Қызылорда қаласы мен аудандарынан және еліміздің әр өңірінен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Түркістан, Қостанай, Жамбыл облыстарынан 150-ге жуық оқушылар қатысты.
«Еліміздің түкпір–түкпірінен келген ойлы өрендер арасында ауызбіршілікті нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілген турнир бүгінде жеңісті мәресіне жетіп отыр. Аса қырағылық пен алғырлықты қажет ететін спорт түріне қызығушылық танытып жүрген оқушыларға шахмат әлемінің биік белестерін бағындыруды тілеймін», - деген лебізін білдірді қала әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов.
Аталған турнирдің бас төрешісі Тимур Қасымов болды және шахматтан әуесқойлар арасындағы чемпион, Шымкент қаласының бас төрешісі Жұбан Бигабилов төрелік жасады.
Зияткерлік сайыста қыздар мен ұлдар арасында әр жас бойынша, яғни 8 жас, 10 жас, 12 жас, 14 жас аралығында жеңіске жеткен жүлдегерлерге қала әкімінің дипломы, медаль және қаржылай сыйақылар табысталды, ал ерекше көзге түскен номинация иегерлеріне сыйлықтар табысталды.
Турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1941109-qyzylorda-open-2021-respublikalyq-saxmat-turniri-oz-maresine-zetti/