Азаматтық неке "сыпайы ойнастық" па, әлде берік отбасының баспалдағы ма: мамандар пікірі
Жарияланған күні:
Елімізде некесін жаңа қиған 100 отбасының бесеуі бір жылға толмай ажырасып кетеді екен. Осы жылы алғашқы төрт айда 32,3 мың неке тіркелсе, соның 4,6 мың отбасы ажырасып кеткен, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Кейбір мамандардың пікірінше, мұндай құбылыстың алдын алатын жалғыз нәрсе - азаматтық неке. Сондай пікір ұстанатындардың бірі психолог - Серікгүл Сәли.
"Азаматтық некеге дұрыс қараймын. Өйткені, адамдар бір-бірін сыртқы әлеміне қарап емес, ішкі жан-дүниелерінің үйлесетініне көзі жетіп, отбасын құруы керек", - дейді психолог.
Оның сөзінше, жастар сонда ғана сезіміне сенімді болып, қол ұстасып неке сарайына барады немесе сөздері жараспаса, үн-түнсіз екеуі екі жаққа кете береді. Бұл үйленіп алып, жарты жылға жетпей ажырасу оқиғаларына тосқауыл болады екен.
"Бұрын қоғам алдындағы бедел бәрінен маңызды болатын. Қазіргі уақытта жастар махаббат, сексуалдық сәйкестікті бірінші орынға қойып отыр. Олар некеге ауыр жүк ретінде қарайды. Сол себепті әйелді тексеріп, көріп алғысы келеді. Арасында тек төсек үшін жүргендері де бар", - дейді Серікгүл Сәли.
Психолог бізде қалыптасып келе жатқан азаматтық некенің форматы америкалық, еуропалық үлгіден айырмашылығы бар екенін жеткізді. Себебі, біздің менталитетіміз басқа.
"Бұрын-соңды бізде болмаған жағдай, бұл. Қазіргі кезде азаматтық неке норма болып есептеледі. Некеге тұру көп жауапкершілікті талап етеді. Дүниеге бала келеді. Екі жастың жан-дүниесінің, рухани әлемінің, құндылықтарының бірін-біріне сай келетінін тексеріп алатын осындай алаң болуы керек", - дейді маман.
Ешбір дін азаматтық некені мойындамайды. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болса, оны "сыпайы ойнастық", "зинақорлық" деп есептейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа және шариғат бөлімінің маманы Медет Құрсақовтың пікірінше, мұсылман үшін отбасылық өмір ақ некемен басталуы тиіс.
"Бұл жөнінде арнайы бәтуа бар. Діни үкім бойынша, "азаматтық неке" — харам. Ресми тіркелмеген немесе мұсылманша қиылмаған неке, яғни "азаматтық неке" зина болып саналады, - дейді ол.
Шадияр Өстемірұлы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1941304-azamattyq-neke-sypaiy-oinastyq-pa-alde-berik-otbasynyn-baspaldagy-ma-mamandar-pikiri/