Шошқаның жүрегін адамға алмастыру бойынша алғашқы операция сәтті жасалды
Жарияланған күні:
Мэриленд университетінің дәрігерлері генетикалық түрлендірілген шошқадан адамға бірінші рет жүрек трансплантациясын жасады. Шошқаның жүрегі 57 жастағы науқас Дэвид Беннетке салынған, деп жазады lenta.ru.
Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін хабарлады. Реципиенттің үш күннен кейінгі жағдайы да ойдағыдай. Сарапшылар Беннетт үшін бұл ота өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болғанын айтады. Алдағы бірнеше апта бойы науқас медициналық бақылауда болмақ.
Мэриленд университетінің медициналық орталығы Беннетке адам жүрегін трансплантациялау қауіпті екенін және онда қарсы көрсетілімдер бар екенін мәлімдеген. Науқастың ауру тарихын зерттеген басқа жетекші де, трансплантация орталықтары да оған көмектесуден бас тартыпты.
Айта кетерлігі, жасанды жүрек салуға науқаста да қарсы көрсетілімдер болған.
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) жаңа жыл қарсаңында эксперименттік операцияны жасауға шұғыл түрде рұқсатын беріпті, себебі науқастың өмірін тек дереу трансплантация жасау арқылы ғана сақтап қалу мүмкін болған екен.
Беннетт хирургиялық операция сынақ түрінде жасалатынын және оның қатері бар екенін білген. Операцияны медицина ғылымының докторы, трансплантация хирургиясының профессоры Бартли П. Гриффит жасаған.
Әртүрлі ағзалар арасындағы мүшелерді трансплантациялау ксенотрансплантация деп аталады және оның реципиент үшін қатері көп.
Дәрігерлердің айтуынша, жасалған операция генетикалық түрлендірілген жануарлардан алынған ағзаларды иммундық жүйе қабылдай алатынын және адам мүшелерін тиімді алмастыра алатынын дәлелдеп отыр. Бұл донорлық органдардың тапшылығы мәселесін шешуге, сондай-ақ адам донорларынан органдарды трансплантациялауға қарсы көрсетілімдері бар науқастардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Бұл жағдайда адам ағзасының қабылдамай қою қатерін төмендету үшін шошқа геномы түрлендірілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1950940-algas-ret-sosqanyn-zuregin-adamga-almastyru-operaciyasy-satti-zasaldy/