Екі итінің киімі үшін 8 млн теңгеден аса ақша жұмсаған әйел көпшілікті таңғалдырды
Жарияланған күні:
АҚШ-тың Аризона штатында тұратын 46 жастағы Шейла Одден екі итіне жалпы сомасы 19 мың долларға (8 млн теңгеден аса қаржы) киім сатып алған. Бүгінде үй жануарларының гардеробында 600-ден астам киім бар, деп жазады Lenta.ru.
Шейла Одденнің сөзінше, ол 5 жылдан бері бес жасар иті Сэмми мен төрт жасар иті Мэддидің гардеробын жиі жаңартып отырады. Шейла иттерінің бір киімді үнемі кигенін қаламайтынын жеткізді.
"Егер біз фотосессия сияқты жоспарланған іс-шараға баратын болсақ, мен иттердің бір киімді екі рет киюіне жол бермеймін", - дейді ол.
Сэмми мен Мэддидің гардеробында ашық түсті көйлектер, бас киімдер мен банттар бар. Шамамен бір киімнің бағасы 85 долларды (36 мың теңге) құрайды.
"Үйде болған кезімізде иттерді киіндірмеймін. Бірақ мен киімді қолыма алған кезде Сэмми мен Мэдди құйрығын бұлғаңдата бастайды. Олар біздің бір жерге баратынымызды біліп тұратын секілді", - дейді америкалық әйел.
Шейла сатып алғаннан бөлек, иттеріне киімді өзі де тігеді. Оған басқа елдерден де тапсырыстар түседі екен. Шейла қолдан тігілген киімдерді интернет дүкені арқылы сататынын немесе арнайы тапсырысқа тігетінін айтады.
Сондай-ақ, америкалық әйел Сэмми мен Мэддидің денсаулығына мұқият қарайтынын атап өтті. Ол иттерін жуындарып, екеуінің тамақтану рационы теңгерімді болуын қамтамасыз ететін көрінеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1955710-eki-itinin-kiimi-usin-8-mln-tengeden-asa-aqsa-zumsagan-aiel-kopsilikti-tangaldyrdy/