"180 жылда бір келеді": Ерекше сандарға толы таңғажайып күн туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Бүгін нумерология заңы бойынша сандары ерекше үйлескен таңғажайып күн. Алты екіліктен тұратын бұл күн жағымды энергия мен тылсымға толы. Мұндай күні қандай қателіктерге бой алдырмау керек? Нумеролог Бота Сандар көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді, - деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нумерологтың айтуынша, 180 жылда бір-ақ рет келетін сандары ерекше үйлескен күндерде ғаламшарда көптеген құбылыстар болады. Бұл күнді барынша жақсы ой ойлап, пайдалы істермен өткізген дұрыс. Сәйкесінше негативті ойлардан, келіспеушіліктерден қашық болған жөн.
2 саны нумерологияда баланс, гармония деген ұғымды білдіреді. Қызығы сол, бүгінгі датада 2 саны 6 рет кездеседі. Ол әдемілік, махаббат, қамқорлықпен байланысты. Бота Сандардың айтуынша, осы жылдың 22 ақпанында әйел энергиясы басымырақ. Яғни, әйел баласындағы махаббат, қамқорлық, сұлулық, шығармашылық сынды дүниелерге ден қойылады.
Қазір әлеуметтік желіде бүгінгі таңғажайып күнді алға тартып, тілек тілеп жатқандар көп. Бірі тек өзі үшін қағазға жазса, енді бірі желіде жазба ретінде арман-тілегін жазып жатқан көрінеді. Осы ретте нумеролог өзінің пікірін қоса кетті. Оның сөзіне сенсек, дәл бүгін тілеген тілек орындалады деген қағида жоқ. Жан қалауыңыздың орындалуы ең әуелі Аллаға аян екенін ұмытпау керек. Бастысы бүгін ойыңызды жақсы арнаға бұрып, айналаңызға түзу ниет танытсаңыз болғаны.
Бүгін үйленгендер үшін де тамаша күн. 2 саны жұптық белгіні білдіргендіктен, қос ғашықтың үйлесімдік гармониясы ерекше болмақ.
Айта кетейік, Алматы қалалық Әділет департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей бүгін 22 ақпан күні шаһарда 266 жұп отбасын құрады. Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, бүгін некесін қидыруға ниет білдіргендердің саны өзге күндермен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Сондай-ақ бүгін дүниеге келген балалар үшін де ерекше күн. Мамандардың айтуынша, бүгін туылған сәбилер өте ақылды, зерек бала болып өседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1957352-180-zylda-bir-keledi-erekse-sandarga-toly-tangazaiyp-kun-turaly-ne-bilemiz/