Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекеттік рәміздер туралы ел білмейтін деректер

Жарияланған күні:

рәміз
Мемлекеттік рәміздер туралы ел білмейтін деректер: pixabay.com

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері барша қазақ халқының мәртебесін асқақтатады. ҚР мемлекеттік рәміздерінің дизайны ерекше әрі әр қазақ азаматына ұлттық рух пен күш-қайрат береді. Ұлттық рәміздер күніне орай, бүгінгі материалда мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы, ондағы символдар және оған қатысты заңнамалық актілер жөнінде айтатын боламыз.

Мемлекеттік рәміздерге не жатады? 2007 жылдың 4 маусымындағы "ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы" Заңында басты үш мемлекеттік рәміз ретінде – Ту, Елтаңба және Әнұран деп көрсетілген.

Мемлекеттік ту

ҚР Мемлекеттік туының авторы — Шәкен Ниязбеков. Тудың бүгінгі нұсқасы 1992 жылы өткізілген байқау барысында таңдаған. Қатысушылар арасында Моңғолия, Германия, Түркия, ТМД және т.б. елдердің өкілдері болды.

Тудың қазіргі қолданыстағы нұсқасы – ортасында және сол жағында алтын түсті белгісі бар, көгілдір түсті тікбұрышты мата болып табылады. Тудың ұзындығы оның енінен екі есе көп.

Қазақстанның мемлекеттік туы қандай мағынаны білдіреді? ҚР Президентінің ресми сайтында жазылғандай, ту елдің бірлігін, бақуаттылықты, бейбітшілік пен ашық аспанды бейнелейді. Ондағы символдар молшылықты, өркендеуді, әл-ауқат пен қуатты өмірді көрсетеді. Атрибутикада Қазақстанның қазіргі әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысы, жалпыадамзаттық құндылықтарға басымдық беретіндігі және әлемнің барлық елдерімен ынтымақтастық пен әріптестік қатынастар құруда республиканың барынша ашықтығы көрініс тапқан.

Тудың түсі

Тудың түсі – аспан тектес көгілдір түс. Тудағы мұндай көк түсті фон сан ғасырлық тарихы бар түркі мәдениетімен біте қайнасып жатыр: аспандай көгілдір түс - олар үшін адалдық, тұрақтылық, сенімділік мен пәктіктің белгісі болды. Ежелгі түркілер аспан түсті күмбезді қадір тұтқан, ал ондағы көгілдір ту бабаларға деген адалдықтың белгісі деп білген.

Сонымен бірге көк түс үміт деген мағынаны білдіреді. Бұл түс жер жаһандағы барлық адамдар үшін бейбіт, тыныш өмір мен әл-ауқат деген мағынаны білдіреді. Қылқалам шебері Қазақстан аумағында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігін бейнелеген. Сонымен бірге аспан түстес туда алтын күн мен бүркіт бейнеленген.

Күн және оның сәулелері

Бидай дәні ретінде бейнеленген күн сәулелері молшылық пен тоқшылықты, байлық пен өмірлік қуатты бейнелейді. Ал одан тараған дән тәріздес күн сәулелері бай-қуатты өмір мен өркендеу деген мағынаны білдіреді. Аспан денесі 32 сәулемен қоршалған.

Мемлекеттік нышандағы күн Қазақстан халқына тән адамгершілікпен байланыстырылады. Мемлекет тудың көмегімен бүкіл әлемге өзінің қуатты ел екенін әрі әрдайым ынтымақтастыққа ашық екенін білдіреді.

Қыран

Қыран (бүркіт) — Қазақстан туының басты геральдикалық атрибуттарының бірі. Ежелден қыранды билік, ізгілік пен парасаттылықтың символы ретінде қабылдаған. Көшпенділерде бұл құс – еркіндік пен адалдықтың, абырой мен ерліктің, күш-қуат пен тазалықтың белгісі саналған.

ҚР туында қалықтаған қыран мемлекеттің күшін, егемендігі мен тәуелсіздігін бейнелейді. Ұлттық идея — озық, жоғары, тұрақты және гүлденген болашаққа ұмтылу. Қазақстан туындағы алтын қыран – мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне ұмтылысының белгісі болып саналады.

Ою-өрнек

Тудың сабындағы алтын түсті ою-өрнек - халықтың эстетикалық талғамына сай келетін, әлемді көркемдік қабылдау формаларының бірі. Ол – Қазақстанның мәдени байлығы мен салт-дәстүрінің символы. Осы ою-өрнекте қазақ халқының бар болмысы бейнеленген.

Мемлекеттік рәміздер туралы ел білмейтін деректер
Мемлекеттік рәміздер туралы ел білмейтін деректер: Pexels.com

Мемлекеттік Елтаңба

Қазақстан Республикасының Елтаңбасы 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді. Осыдан кейін ол бірнеше рет өзгерді. Қазақстан Елтаңбасында еліміздің көпғасырлық мәдениеті мен халықтық дәстүрлері бейнеленген. Елтаңба авторлары - Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.

Елтаңбаның пішіні - шеңбер (дөңгелек). Көшпелі халықтар арасында күн тәрізді дөңгелек шеңбер мәңгілік қозғалыс пен өмірдің символы ретінде қарастырылады. Елтаңба авторлары бұл пішінді арнайы таңдаған. Осы арқылы олар мемлекеттің басты идеясы – шексіз даму және жарқын болашаққа ұмтылыс екенін көрсете білген.

Шаңырақ (киіз үйдің төбесіндегі бөлігі) — Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі. Ол көк фонда орналастырған. Шаңырақтан жан-жаққа күн сәулесі бейнесінде уықтар (тіректер) таралған. Шаңырақтың екі жағында аңызда айтылған қанатты пырақтардың бейнесі орналастырылған. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында "Qazaqstan"деген жазба жазылған.

Елтаңбадағы белгілер келесідегідей мағынаны білдіреді:

  1. Шаңырақ аспан күмбезіне ұқсайды. Еуразиялық көшпенділер үшін бұл өмірдің маңызды элементі болып табылады. Елтаңбадағы шаңырақ - мемлекет ішіндегі бірлікті және Қазақстанда тұратын барлық ұлттар үшін ортақ үй деген мағынаны білдіреді. Сонымен бірге ел барлық сырттан келген азаматтармен достық қарым-қатынаста болатынын, олар үшін ортақ үйге айналуға әрдайым дайын екендігін білдіреді.
  2. Қанатты жылқылар (тұлпар) - батырлық, адалдық пен күш-қайратты бейнелейді. Қанаттар – Қазақстан халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы арманының символы.
  3. Елтаңба авторлары пырақтарға жан бітіріп, олардың бейнелерін мүйіздермен толықтырды. Осылайша, символ әділеттіліктің, даналық пен ар-намыстың, бай-қуатты өмір мен қуаныштың белгісіне айналды.
  4. Тұлпарлар алтын масаққа ұқсайды, сол себепті ол қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі және олардың материалдық игілікке деген ұмтылысын бейнелейді.
  5. Бес бұрышты жұлдыз ежелден – ақиқаттың, асқақ рух пен шексіздікті бейнелейді. Елтаңбадағы жұлдыз әлемнің барлық халықтарымен жасампаздыққа, ынтымақтастыққа және серіктестікке ұмтылысты білдіреді.
  6. Елтаңбада қолданылатын негізгі түс – алтын түсті сары түс. Ол - байлық, әділдік пен жомарттықтың белгісі.

7. Елтаңбада сонымен бірге тудағы тәрізді аспан түстес көгілдір түс те бар. Ол алтын түспен әдемі үйлеседі және ашық аспанды, бейбітшілік пен бай-қуатты өмірді бейнелейді.

Мемлекеттік Ту мен Елтаңба нені білдіреді? Мемлекеттік рәміздердің арқасында Қазақстан әлемнің басқа елдеріне өзінің тәуелсіздігі мен егемендігін паш ете алады. Ту мен Елтаңба қазақ халқының шежірелі тарихынан сыр шертіп, еліміздің бейбіт өмір, бақ-береке мен достық қарым-қатынасқа деген ұмтылысын айғақтайды.

Мемлекеттік рәміздер туралы ел білмейтін деректер
Мемлекеттік рәміздер туралы ел білмейтін деректер: Ақорда

Мемлекеттік әнұран

Егемен Қазақстан тарихында Мемлекеттік әнұран екі рет — 1992 жылы және 2006 жылғы 6 қаңтарда бекітілді. Бүгінгі әнұранның:

  • Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев
  • Әнін жазған: Сазгер Шәмші Қалдаяқов.

1992 жылы Тәуелсіз елдің жаңа әнұранының авторын анықтау үшін арнайы байқау өткізілді. Нәтижесінде Қазақ КСР әнұранын қолдануды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бірінші әнұранның музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди және Евгений Брусиловский болды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Қадыр Мырзалиев, Мұзафар Әлімбаев, Жадыра Дәрібаева, Тұманбай Молдағалиев сынды авторлар тобы жеңіске жетті.

Уақыт өте келе ел гимнін танымал ету туралы шешім қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылдың 9-шы мамырында елімізге жаңа гимн қажет екенін жариялады және Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайға тиісті тапсырма берді. Бұл күні жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткен еді. Осыдан кейін жаңа жоба қабылданды.

Жаңа әнұран 2006 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Парламентіндегі бірлескен отырыста қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" патриоттық әні таңдалды. Әннің әуенін Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мәтінге өзгерістер енгізіп, оны одан әрі рухты ете түсті. Әнұран халықты біріктіруді көздейді. Ел тұрғындары әнұранды орындағанда, өздерін ұлы халықтың бір бөлігі ретінде сезінеді. Композиция қазақстандықтардың қатысуымен болатын елдегі және шетелдердегі барлық маңызды ресми шараларда шырқалады.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері қандай мағынаны білдіреді? Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұтас ұлт екенін көрсетеді. Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасын қуатты, Әнұранымен айбатты! Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың біртұтас ел екендігінің, тәуелсіздігінің, бай-қуаттылығының, ар-намысы биік, күш-жігері мығым, дамуды көздейтін асқақ мәртебелі ел екендігін білдіретін жарқын белгі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1972294-memlekettik-ramizder-turaly-el-bilmeitin-derekter/