Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ең үздік туристік бағыт": 2022 жылы қазақстандықтар Дубайға не үшін барып-қайтуға тиіс

Жарияланған күні:

Болашақ Музейі
Болашақ музейі. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Жазғы демалыста ел-жер көріп, шетелге шығу – әр қазақстандықтың арманы. Пандемия басталған уақыттан бері ел тұрғындарына енді ғана түрлі бағытта алаңсыз саяхаттау мүмкіндігі туып келеді. Бүгін KAZ.NUR.KZ тілшісі әлем туристерін өзінің заманауи келбеті – зәулім ғимараттары және жаңа локацияларымен таңғалдырған Дубай туралы баяндайды.

Дубай 2022 жылы өз қонақтарын қалай таңғалдырмақ

Дубай – 2022 жылы әлем бойынша ең үздік туристік бағыт атанып отыр. 2022 жылдың қаңтар-наурызында шаһар 3,97 млн шетел туристерін қарсы алған. Дубай экономика және туризм департаментіның мәліметінше, бұл көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда 214 пайызға жоғары. Әмірлікте пандемияға дейін болмаған көптеген жаңа локация ашылған. Оның біразы жаз мезгілінде демалуға қолайлы. Мәдени-танымдық, көңіл көтеретін іс-шаралардың көпшілігі жабық ғимарат ішінде ұйымдастырылған.

Мысалы 2022 жылдың ақпанында ғана ашылған Болашақ Музейі (MOTF) қала қонақтарының ең сүйікті орнына айналып үлгерді.

Болашақ Музейі
Болашақ музейі. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Мұнда инновациялық өнертабыстар мен болашақта іске асуы тиіс техникалық шешімдердің прототиптері ұсынылған. Мәселен, адамзатқа фантастика көрінген ғарышқа саяхат, климатты қолмен басқару, экология, денсаулық сақтау, рухани даму саласындағы адам нанғысыз шешімдерді көзбен көріп, елестете аласыз.

Сондай жаңа локациялардың бірі - Palm Jumeirah аралындағы The View көрініс алаңқайы.

Palm Jumeira
The View алаңқайынан Palm Jumeira-ға көрініс. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Ол Palm Tower (Палм Тауэр) деп аталатын зәулім ғимараттың 52 қабатында, 240 м биіктікте орналасқан. Алаңқайдан атақты Palm Jumeirah аралына, зәулім ғимараттарға, Араб шығанағына әдемі көрініс ашылады. Мұнда жасанды аралдың құрылысы туралы көрме жұмыс істейді.

Дәл осындай қалаға көрініс алаңқайларының ішінде ең ерекшесі - Dubai Frame.

Dubai Frame
Дубай жақтауы. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Бұл жерден ескі және жаңа Дубайдың қыз-қыз қайнаған тіршілігіне бір мезетте куә боласыз. Әдемі көріністен бөлек, мұнда Дубайдың негізі қаланғаннан бергі тарихы мен болашаққа бағытталған жоспары туралы біле аласыз. Картина жақтауы пішінінде салынған конструкцияның биіктігі 150 м, ені 93 м. Dubai Frame-нің екі мұнарасы өзара әйнек көпірмен жалғанған.

Қаладағы тарихи, мәдени-танымдық орындар

Әмірлікке келген әрбір турист қаланың бүгінімен қатар оның тарихы мен мәдениетінен сусындауға тиіс.

Этихад музейі
Этихад музейі. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Мәселен Etihad Museum-нен БАӘ-нің құрылу тарихымен танысуға болады. Мұндағы экспонаттар жеті әмірлік біріккенге дейінгі жергілікті халықтың тұрмысы мен БАӘ құрылғаннан кейінгі оның қарқынды экономикалық дамуы туралы хабар береді. Музей 1971 жылы БАӘ Конституциясы қабылданған Одақ үйінде орналасқан.

Келесі қызықты мәдени-танымдық орын - Құран саябағы.

Құран саябағы
Құран саябағы. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Мұнда қасиетті Құран мен сүннетте аты аталған өсімдіктердің бәрін көзбен көре аласыз. Саябақ аумағында орналасқан "Ғажайыптар үңгіріне" кіріп, интерактивті технологиялар арқылы пайғамбарлардың мұғжизаларын тамашалауға болады.

Сондай-ақ жергілікті халықтың салт-дәстүрімен етене танысып, араб асханасының дәмін татқысы келетін туристер Шейх Мұхаммедтің мәдени түсінік орталығына келгені жөн.

Шейх Мұхаммед орталығы
Шейх Мұхамедтің мәдени түсінік орталығы. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Бұл орталық Әл-Фахиди тарихи ауданындағы көне жекежайда орналасқан. Мәдени орталық туристерге араб дәстүрін таныстырып, таңғы, түскі және кешкі ас ұсынады. Қонақтар шығыс тағамдарынан дәм тата отырып, орталық қызметкерлеріне әмірлікке қатысты ойындағы кез келген сұрақты қоя алады. Орталық ұраны "Ашық есік – ашық сана" болғандықтан, олар қонақтың сұрағына барынша толық жауап береді.

Жалпы Әл-Фахиди – тұнып тұрған тарихи аудан.

Абра қайығы
Абра қайығы. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Қала тарихы дәл осы Dubai Сreek (Дубай Крик) жағалауынан басталған. Осы шығанақты балықшылар мен маржан аулағыштар мекен еткен. Dubai Сreek арқылы "абра" деп аталатын ағаштан жасалған дәстүрлі қайық-такси қызмет көрсетеді. Ол небәрі бір дирхамға жолаушыларды Дейра жағалауынан Бур-Дубайға жеткізеді, сондай-ақ абраны бір адам жалғыз өзі 20 дирхамға жалдауына болады.

Осы ауданда туристер міндетті түрде келіп көруге тиіс жер – Дубайдағы атақты дәмдеуіштер базары.

Дәмдеуіштер базары
Атақты дәмдеуіштер базары: Дубай экономика және туризм департаменті

Мұнда нағыз араб әлемінің атмосферасы сезіледі. Сөрелері хош иісті шөптер мен көздің жауын алатын түрлі-түсті дәмдеуіштерге толы. Базарда әлі күнге дейін саудаласу дәстүрі сақталған.

Шығанақтың жағалауында орналасқан тағы бір мәдени орын - Al Shindahga (Әл- Шиндаға) музейі.

Әл-Шиндаға музейі
Әл-Шиндаға музейі: Дубай экономика және туризм департаменті

Музейден "Dubai Creek шығанағы: қаланың пайда болуы" атты заманауи мультимедиялық көрмені тамашалуға болады. Экскурсия кезінде тарихи фотолар мен жәдігерлерге, жағалауды ежелден мекен еткен халықтың тұрмыс-тіршілігіне қанық боласыз. Осы кешендегі Әмірліктердің мәдени мұрасы - "Perfume House" хош иістер музейіне кірмей кетуге болмайды.

Ал шығанақтың жаңа жағалауы Dubai Creek Harbour-да бола қалсаңыз, әлем саяхатшыларының пікірі бойынша рейтингі жоғары Mondoux мейрамханасына бас сұғыңыз.

Дәмхана
Фото: mondoux.ae

Дәмхана 8.00 – 23.00 аралығында жұмыс істейді. Mondoux әр қонағына заманауи әрі жоғары талғамға сай гастрономия ұсынады. Мұнда жағалауға қарап отырып, бір шыныаяқ хош иісті кофе немесе ыстық шоколад ішіп, тыныстау жаныңызды рахат сезімге бөлейді.

Дубайға саяхатты сафари-турсыз елестету мүмкін емес.

Сафари-тур
Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Бірнеше жыл бұрын ғана Дубайдың орны шөл дала болған. Қазір ол заманауи мегаполис. Оның шағыл құмын көргісі келетіндер үшін Platinum Heritage компаниясы арнайы сафари-тур ұйымдастырып бере алады. Бұл - Дубай шөлінде экологиялық сафари жасайтын жалғыз компания екенін айта кету керек. Бағдарлама бойынша туристер әйгілі Дубай құмында 1950 жылғы винтажды Range Rover көлігімен жүріп өтіп, шексіз-шетсіз даланың тіршілігіне куә бола алады. Ал кешке бедеуиндер қонысында қонақ болып, араб асханасынан түрлі дәм татады.

Dubai mall
Дубай молл. Фото: Дубай экономика және туризм департаменті

Дубай дүниежүзіне шопинг-тур жасауға болатын қала ретінде де белгілі. Жыл сайын 1 шілде мен 4 қыркүйек аралығында ұйымдастырылатын Dubai Summer Surprises шопинг фестивалі аясында барлық дүкендерде акциялар, жеңілдіктер жарияланады. Осы ретте 1200-ден астам дүкенді бір жерге топтастырған атақты Dubai Mall сауда орталығын айналып өтуге болмайды. Моллға бас сұққан жан тек сауда жасап қана қоймай, мұз айдынында сырғанап, Дубай аквариумын тамашалай алады. Шопингпен қатар қонақтар апта сайын Дубайдың барлық сауда орталықтарынан жергілікті музыкант, бишілер мен әртістердің өнерін тамашалай алады.

Дубайға барарда қазақстандықтар нені ескеруі қажет

Дубайға Қазақстаннан бару қиындық тудырмайды. Өйткені қазақстандықтар БАӘ-да 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Ал COVID-19 жағдайында Дубай туристерге жеңілдік жасауда. Дубайда ДДСҰ мойындаған вакциналардың барлығы, сондай-ақ Cпутник V жарамды. Туристің вакцинасы болмаса, соңғы 48 сағатта алынған ПТР теріс нәтижесімен БАӘ шекарасын кесіп өтуге болады.

Айта кетейік, Дубай халқы шетелдік туристерге өте қонақжай әрі кеңпейілді. Сондықтан қазірден бастап Дубайда баратын орындарыңыздың тізімін жасап, ұмытылмас әсер мен эмоция алуға дайын болыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1973776-en-uzdik-turistik-bagyt-2022-zyly-qazaqstandyqtar-dubaiga-ne-usin-baryp-qaituga-tiis/