Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үй жағдайында қайызғақты қалай кетіруге болады: нәтиже беретін 10 тәсіл

Жарияланған күні:

Үй жағдайында қайызғақты қалай кетіруге болады
Қара киімге түскен қайызғақ. Көрнекі сурет: Freepik

Қайызғақ – бетке және киімге ұсақ боп түсетін терінің өлі жасушасы. Бұл эстетикалық мәселе ғана емес, сондай-ақ қышу, шаштың түсуі секілді жайсыздықтың да себебі. Қайызғақ неден пайда болады әрі одан үй жағдайында қалай құтылуға болатыны туралы медицина докторлары Дэн Бреннан және Рэйчел Линк айтып берді.

Қайызғақтың пайда болу себебі

Қайызғақ – бұл құйқаның үстіңгі бөлігіндегі артық қабаттың жылдам түсуі. Мұндай ауру қас пен мұрын тұсында да пайда болуы мүмкін. Ескі өлі тері жасушаларының жойылуы қалыпты жағдай, бірақ қайызғағы бар адамдарда бұл процесс әлдеқайда тез жүреді.

Қайызғақтың ақ үлпектері маңдайда, шашта немесе киімде көрініп тұруы мүмкін. Әлбетте бұл ыңғайсыздануға себеп болып жатады, дегенмен қайызғақтың денсаулыққа кері әсері жоқ.

Қайызғақ неден пайда болады? Оның бірнеше себебі бар. Соның ішінде ең көп таралған себептерін медицина ғылымдарының докторы Дэн Бреннан тарқатып айтты:

  • тітіркенген және майлы тері;
  • сусабынмен сирек жуу;
  • Malassezia деп аталатын ашытқы тәріздес зеңнің болуы;
  • құйқаның құрғақтығы;
  • жанаспа дерматит (терінің қышуы немесе бөртпе).

Медицина ғылымдарының докторы Стефани С. Гарднер жазғандай, қайызғақтың пайда болуының бір себебі Pityrosporum ovale деп аталатын май сіңіретін зең болуы мүмкін, ол көп адамда кездеседі, ал қайызғақ мазалайтын адамдарда артық мөлшерде болады. Зеңнің бұл түрі дені сау адамдардың терісінде тіршілік етеді, бірақ ағзаға ешқандай зиянын тигізбейді. Кейде оның мөлшері әдеттегіден артып кетеді және ол шаш фолликулалары шығаратын маймен қоректенеді. Бұл теріні тітіркендіріп, өлі тері жасушаларының бөлінуін жеделдетеді.

Себорея дегеніміз не? Себорея (себореялық дерматит) - май бездері жұмысының бұзылуымен байланысты кең таралған тері ауруы. Себореялық дерматит құйқаны, беттің ортаңғы бөлігін, кеуденің алдыңғы тұсын зақымдайды. Ғылыми жарияланымдардың авторы Роберт Шварц бұл дерт жасөспірімдер мен ересектерде бас терісінің қабыршақтануы (қайызғақ) түрінде кездесетінін атап өтті. Себореялық дерматит мұрын-ерін қатпарының жеңіл және ауыр қызаруын (эритема) тудыруы мүмкін, ондайда тері қабыршақтанады. Ал стресс себореяны өршіте түседі.

Нашар сақталған гигиена қайызғақтың себебі емес, бірақ шашты сирек жуу қайызғақтың бар екенін айқынырақ көрсетіп тұрады. Ер адамдардың терісі еркек гормондарына байланысты қайызғаққа бейім келеді.

Үй жағдайында қайызғақты қалай кетіруге болады
Шашын жайған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Үй жағдайында қайызғақтан арылудың жолдары

Қайызғақтан арнайы сусабындардың көмегі арқылы құтылуға болады. Медицина докторы Дэн Бреннан салицил қышқылы, мырыш, шайыр, селен сульфиді бар сусабындарды қолдануға кеңес береді.

Үй жағдайында қайызғақты қалай кетіруге болады? Денсаулық туралы мақалалардың авторы Рейчел Линктің кеңестеріне жүгініп көріңіз:

  1. Шай ағашының майы. Бұл өнім безеу мен псориаз сияқты ауруларды емдеу үшін қолданылады. Оның қайызғақты азайтатын микробқа және қабынуға қарсы қасиеті бар.
  2. Кокос майы. Кокос майы қайызғаққа қарсы табиғи өнім ретінде қолданылады. Ол теріні ылғалдандырады және қайызғақты көбейтуге ықпал ететін құрғақтықты болдырмайды. Кокос майы экземаны емдеуге көмектеседі.
  3. Алоэ вера. Күйік, псориаз және герпес сияқты тері ауруларын емдеуге көмектеседі. Алоэ өсімдігінің бактерияға және зеңге қарсы қасиеттері теріні қайызғақтан қорғайды.
  4. Алма сірке суы. Оны қайызғаққа қарсы табиғи өнім ретінде жиі қолданады. Сірке суының қышқылдығы терідегі өлі жасушалардың қабыршақтануына ықпал етеді. Осылайша алма сірке суы терінің рН деңгейін теңестіреді, зеңді азайтып, қайызғақпен күреседі. Алайда сірке суын белгілі бір мөлшерде ғана қолдануға болатынын есте ұстаған жөн.
  5. Аспирин. Салицил қышқылы аспирин құрамындағы қабынуға қарсы қасиеті бар негізгі қосылыстардың бірі болып саналады. Бұл қышқыл қайызғақты кетіруге арналған көптеген сусабында кездеседі.
  6. Омега-3. Май қышқылдары терінің саулығы үшін өте маңызды. Олар тері майының өндірілуіне және ылғалдануына, жаралардың жазылуына көмектеседі, ерте қартаюға жол бермейді.
  7. Пробиотиктер. Пробиотиктер - бұл иммундық қызметті жақсартатын және теріде қайызғақ тудыратын зең инфекцияларымен күресуге көмектесетін пайдалы бактериялар.
  8. Ас содасы. Ас содасы – қайызғақты кетіруде тез, ыңғайлы әрі қолжетімді өнім. Өлі тері жасушаларын тазартып, қабыршақтану мен қышуды азайтуға әсер етеді. Оның зеңді кетіретін қасиеті бар.
  9. Лимон шырыны. Өлі жасушалардың қабыршақтануына ықпал етеді және бактерияларды жояды.
  10. Зәйтүн майы. Бас терісін жұмсартады және ылғалдандырады, қабыршақтану қарқындылығын төмендетеді.
Үй жағдайында қайызғақты қалай кетіруге болады
Зәйтүн майы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сонымен қатар қайызғақтан арылу үшін теңгеріммен тамақтану және суды молырақ ішуге кеңес беріледі. Сусабындар мен үйдегі дәрі-дәрмектер көмектеспеген жағдайда дерматологпен кеңесіңіз.

Қайызғақ кез келген жастағы адамдарда пайда болуы мүмкін. Бұл денсаулыққа қауіп төндірмейді, бірақ қышу, терінің құрғауы жайсыздық туындатады. Қайызғақтан құтылу үшін арнайы сусабындар, майлар мен басқа да өнімдерді қолданып көріңіз. Олар теріні қалпына келтіруге және одан әрі қабыршақтандырмауға көмектеседі.

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Ең алдымен дәрігермен кеңесіп, содан соң мұнда көрсетілген емдеу әдістеріне жүгінген жөн.

Дереккөз:

  1. Robert A. Schwartz, Christopher A. Janusz, Camila K. Janniger. Seborrheic dermatitis: an overview // PubMed. — 2006. — 01 July. — Қол жеткізу тәртібі: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/16848386/
  2. Dan Brennan. Remedies for Dandruff // WebMD. — 2020. — 17 November. — Қол жеткізу тәртібі: https://www.webmd.com/skin-problems-and-treatments/remedies-for-dandruff

Рецензент – жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2004130-ui-zagdaiynda-qaiyzgaqty-qalai-ketiruge-bolady-natize-beretin-10-tasil/