Рекорд орнатпақ болған мүгедектігі бар ер адамға полиция ерекше қолдау көрсетті (фото, видео)
Жарияланған күні:
Суджит Варгезе есімді ер адам Дубай қаласының көшелерін кезіп, ерекше сурет салу арқылы рекорд орнатпақ болған. Бұл жайтты байқаған жергілікті полиция оған ерекше қолдау көрсетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ guinnessworldrecords сайтына сілтеме жасап.
Велосипедпен жантүршігерлік жол апатына түскеннен кейін мүгедектер арбасына таңылған Суджит Варгезе GPS технологиясын пайдалана отырып, Дубайдағы көшелерді кезіп, ерекше сурет салды.
Ол қаланың орталығында 8,71 км қашықтықты еңсере отырып, мүгедектер белгісінің бейнесін жасап шықты. Осылайша Суджит GPS технологиясымен салынған әлемдегі ең үлкен сурет бойынша рекорд жаңартты.
Ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірі қиын немесе қарапайым деп бөліп қарайтындардың пікірін өзгерту мақсатында рекорд жаңартқанын айтуда.
"Жеткізгім келген хабарды әрқалай түсінуге болады. Жалпы менің мақсатым мүгедектігі бар адамдардың қоғам арасына сіңісуіне үлес қосу болды", – деді Суджит.
Жол полициясы Дубайдың магистральдық көшелерімен жүріп бара жатқан рекорд жаңартушысын көріп, оған барынша қолдау көрсеткен.
Тәртіп сақшылары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оның соңынан электр суперкар, Hongqi E-HS9 және Mercedes SLS 63 AMG көліктерімен ілесіп отырған.
"Гиннестің рекордтар кітабына кіргенім басқаларға аса алмайтын асуларына, армандарына жетуге қолдау көрсету бойынша құлшынысымды арттырады", – деп түйіндеді Варгезе.
Суджиттің айтуынша, бұл жетістікті ол жеке жеңісі деп санамайды және бүкіл әлем бойынша мүгедектігі бар азаматтарға арнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2014736-rekord-ornatpaq-bolgan-mugedektigi-bar-er-adamga-policiya-erekse-qoldau-korsetti-foto-video/