Кеңседе жұмыс істегісі келмеген әйел жылына 100 мың доллар төленетін жұмыстан бас тартты
Жарияланған күні:
Кеңседе жұмыс істегісі келмеген Аризона штатының тұрғыны басшысымен жанжалдасып, жылына 100 000 доллар төленіп келген қызметінен бас тартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ businessinsider сайтына сілтеме жасап.
Есімін жария етпеуді өтінген 53 жастағы әйел үйде жұмыс істеуге үйреніп қалғаннан кейін кеңсеге оралғысы келген жоқ. Бірақ басшысы аптасына бес күн бойы хабарласа бергендіктен мүлдем жұмысын тастап кетті. Ол күнде кеңседегі "ыңғайсыздықтарға шыдап" отырғаннан гөрі жылына 100 000 доллар төленетін жалақыдан бас тартқаны артық екенін алға тартты.
"Мен өз жұмысымды қалай істеу керектігін білемін. Қызметімді тиянақты орындау үшін кеңседе болуға міндетті емеспін... Бұрынғы ыңғайсыз атмосфераға оралғым келмейтінін түсіндім", - деді ол.
Сайт хабарлауынша, фирмалардың талабы артқанына қарағанда қашықтықтағы жұмыстың өзектілігі көп ұзамай жойылуы мүмкін. Жақында елдің Еңбек статистикасы бюросы компаниялардың шамамен 73% қыркүйек айында қашықтықтан жұмыс істеуді мүлдем ұсынбағанын анықтады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен де (60%) жоғары. Кей жұмысшылар алдында кеңсеге оралу немесе жұмыстан кету мәселесі туындауда.
Бірақ әйел өзінің құқығы үшін күресуді доғарған жоқ. Бір жарым жыл бойы ол үш күн үйде, екі күн кеңседе аралас жұмыс күнтізбесімен қызмет атқарған болатын. Әйелдің пайымдауынша, бұл жұмыс пен жеке өмір арасындағы алтын орта.
"Аралас күнтізбемен жұмыс істеп жүрген кезімде үйден жұмыс істеу көбірек нәтиже беретінін байқадым. Кеңседе ойды бөлетін жайттар көптеп кездеседі және кеңседе жұмыс істеген күндері үйге барып, тағы төрт сағат жұмыс істеуге мәжбүр болдым, өйткені жұмысты аяқтай алмадым", - деді ол.
Бір айдан кейін басшысы толықтай тек кеңседе жұмыс істеуді талап ете бастаған соң, әйел жұмыстан кетуге өтініш берді. Ол ыңғайлы ортада онлайн жұмыс істегенде зейін сала отырып кірісе алатынын айтты. Ал кеңседе әріптестер арасында әңгіме-дүкен құру жұмысқа кедергі келтіреді деп санайды ол.
"Бір күні көлікте отырғанымда шұғыл кездесуге кептеліс кедергі келтіріп жатқаны күйіндірді. Ойлана келе бұның маған не қажеті бар деген сұрақ көкейімде тұрды", - деп есіне алды әйел.
Тиімділігін арттыруды мақсат ететін талапшыл менеджерлер қызметкерлері жұмыс істеп жатқанының дәлелін көргісі келеді.
Жылдар бойы қашықтықтан жұмыс істеген компанияларда да кейбір менеджерлер қашықтықтағы қызметкерлерінің еңбегіне күмәнмен қарайды - бұл "өнімділік паранойясы" деп аталатын құбылыс.
Әйелдің айтуынша, бұрынғы жұмыс орнының менеджерлері аралас күнтізбемен жұмыс істейтін қызметкерлер мүлдем еңбек етпейді деген пікірде.
"Сендер аптасына екі күн жұмыс істеп, үш күн демаласыңдар" деген сөзді көп естідім... Бірақ бұл - орынсыз айыптау. Біз осы үш күнде үйде жұмыс істеген кезде көбірек пайда әкелдік", - деді ол.
Ол қашықтан жұмыс істеу үшін тіпті жылына 100 000 доллардан асатын жалақыдан бас тартқанын жасырмады.
"Мен жай ғана бұл жұмыс мен үшін арналмағанын түсіндім... Жұмыс күнтізбесі аралас жұмыс табу үшін жылдық жалақысы 100 000 доллардан асатын жұмыстан бас тарттым, өйткені мен үшін жұмыс пен өмір балансы маңызды", - деді ол.
Әйел жалақысы бұрынғы жұмысынан аз болса да, үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жұмыс орнын іздейтінін айтты.
"Бес күн жолда жүресің, кептеліске түскен сәттегі күйзеліс сенің жұмыс өнімділігіңе әсер етеді, ондай жұмыстан гөрі жұмыс күнтізбесі аралас қызметтердің пайдасы молырақ", - деді ол.
Әйел кеңсеге күштеп тарту өнімділікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін алға тартты, тіпті қызметкерлердің кетуіне әкелуі ықтимал дейді, бұл әсіресе жұмысына риза, бірақ кеңседе жұмыс істегісі келмейтін жұмысшыларға қатысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2016096-kensede-zumys-istegisi-kelmegen-aiel-zylyna-100-myn-dollar-tolenetin-zumystan-bas-tartty/