Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

15 сәуір – ғашықтар күні: Мереке қалай пайда болды және мәні неде

Жарияланған күні:

Қазақы стильде киінген жұп
Ұлттық нақышта киінген қыз бен жігіт. Көрнекі сурет: pixabay.com

15 сәуір бүгінгі қазақ жастарының санасына ғашықтар мерекесі ретінде сіңіп үлгерді. 2011 жылдан бері аталып өтетін бұл мейрам шексіз махаббаттың символына айналған "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" есімдерімен де байланысты. Елімізде ғашықтар күні қалай пайда болды? Бұл мерекенің астарында қандай мән жатыр? Осы сұрақтардың жауабын мақаламызда кеңінен тарқататын боламыз.

Ғашықтар күнінің символы ретінде неліктен Қозы мен Баян таңдалды?

"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жыры – қазақ эпосының шоқтығы биік туындысы. Мәңгілік махаббатты бейнелейтін жыр қазақ әдебиетінің әлемге кеңінен танылған шығармасы болып саналады. Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасовтың "Алтын жылға" атты кітабында жырдың қазақ және орыс тілінде жазылған 33 нұсқасы бар делінеді.

Ғалымның кітабында "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жыры туралы құнды деректер берілген:

Шоқан Уәлихановтың досы, қазақ фольклорын ұзақ уақыт бойы ерінбей-жалықпай жинап, өзінің кең салыстырмалы зерттеулеріне енгізіп, Ресей мен Еуропа оқымыстыларына сол кез үшін тым тосын пікір ұсынған Григорий Потанин "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" жырын "Қазақ эпосының шоқтығы, – деп бағалады да, – оның сюжеті халықаралық, бірақ бірде-бір халық оны дәл қазақтардай ғажайып жырға айналдыра алған жоқ", - деп жазды.

"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" шығармасы несімен ерекшеленеді?

Еуропада "Ромео мен Джульетта, "Тристан мен Изольда", Азия елдерінде "Жүсіп-Зылиқа", "Тахир- Зухра" сынды махаббат хикаясын суреттейтін көптеген шығарма бар. Олардың біраз бөлігі әдеби, мәдени тұрғыда өңделген. Сондықтан да бастапқы қалпына қарағанда өзгерістер де жоқ емес. Ал "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жырының ерекшелігі неде? Бұл жыр әу бастағы тұрпатын, дала өмірімен үйлесетін көрінісін қаз-қалпында сақтауымен құнды.

"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жыры фольклорлық шығармалар ішінде қағаз бетіне ертерек түскен туынды болып есептеледі. Сонау ХІХ ғасырдың басында қазақ жеріне келген саяхатшылар, әскери адамдар, зерттеушілер бұл шығарманы жазып алған көрінеді. Оған қоса мерзімді басылым беттеріне де жариялап отырған. Мәселен, "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жыры ХІХ ғасырдың өзінде бес рет басылып шықты. Екі жыл сайын жарық көрген туынды оқырмандарын еріксіз баурап алды деуге толық негіз бар.

  • А.С. Пушкин өзінің Оралға барған сапарында жырдың қысқаша мазмұнын жаздырып алған.
  • 1812 жылы Қазан қаласында жырдың башқұрт тіліндегі нұсқасы жарыққа шықты.
  • 1830 жылы Мәскеудегі "Отечественные записки" журналында орысша нұсқасы басылып шықты.
  • 1834 жылы алғаш рет жырдың қазақ тіліндегі мәтінін Ғ. Дербісәлин хатқа түсірді.
Ашық тұрған кітап
Парақтары ашылып тұрған кітап. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жыры кейбір түркі халықтарына да кеңінен тараған. Мысалы мына халықтар арасында жырдың бірнеше нұсқасы танылған:

  • Алтай халықтарында 6 нұсқа;
  • Башқұрттарда 28 нұсқа;
  • Татарларда 22 нұсқа.

Мұхтар Әуезов былай дейді: "Бізге мәлім болған "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" жырларының кейбір варианты ерте заманның өзіне байланысты айтылса, енді біреулері бергі ХVІІІ–ХІХ ғасырда өңделіп жаңғырған. Және кейде "ноғайлы" деген ескі атаулары жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не Орта жүздің Бағаналы (Найман) руларының аттары аталады. Бірақ бұл нұсқалардың қай-қайсысын алсаңыз да, алғашқы сюжет асылы – біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына тартқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды".

"Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" махаббат жырының сюжеті қалай өрбиді?

Лирикалық эпоста бір күнде дүние есігін ашқан кейіпкерлердің жастайынан атастырылғаны, өсе келе бір-бірін іздеп тапқаны, ғашықтық сезімнің пайда болуы, артынша үлкен махаббатқа ұласуы, екі ғашықтың ынтық сезімінің себебімен құрбан болғаны рет-ретімен баяндалады.

Қозы бейнесі басқа жырлардағыдай жаумен айқасқа түскен батыр секілді сипатталмаса да, оның бойындағы батылдық пен тәуекелшілдігі әрі аңғалдығы, жігітке тән қасиеттері көркем суреттеледі. Бақыты үшін күрескен ер қойшының да, жалшының да кебін киеді. Ал жырдағы жағымсыз кейіпкер Қодар жолына тосқауыл болған сәттерде өзінің сесін көрсете білген.

Баян – өте нәзік, сол замандағы қазақ қызының үлгісі ретінде суреттеледі. Оның көрікті келбетіне ішкі жан-дүниесі, ақыл-парасаты сай. Қазақ фольклорында өз өмірін қиған әйел заты кездеспейді десе де болады. Баянның образы жанқиярлығымен ерекше.

Еліміздегі ғашықтар күнінің тарихы қай кезден басталады?

1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұлттық ғашықтар күнін атап өту туралы ұсыныс білдірді. Оның ұсынысын халық қолдады, дегенмен, бұл мерекенің нақты күні белгіленбеген еді. Сондықтан да еліміздің әр қаласында ғашықтар күні әр түрлі күндерде аталып өтті. Кейіннен бұл мереке ағаштар бүр жарып, гүл ашатын, көктемнің шуақты күндерінің бірі – 15 сәуірде аталып өтетін болып шешілді.

  • 2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірде ұлттық ғашықтар күнін ресми шара ретінде атап өтті.
  • 2012 жылы Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері ғашықтар күнінде "Ақсүйек" ойынын ұйымдастырды.
  • 2012 жылғы 15 сәуірде Көкшетау қаласының жастары "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" күнін тойлады.
Қол ұстасқан жұп
Қол ұстасып тұрған жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бұрынғы кездері ел ішінде "Әулие Валентин" күнін атап өтетін жастардың дені ол күнді махаббатпен, нәзік сезіммен байланыстыратын. Ал өз елімізде ұлттық ғашықтар күнінің пайда болуы ерекше мазмұнға ие болды. Бір жағынан бұл күн халықаралық "Әулие Валентин" мейрамының баламасы деп те айтылып жүр.

Мерекенің "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" есімімен байланысты болуы ғашықтар күнінің маңыздылығын арттыра түскендей. Себебі қазақтың Қозы мен Баяны қандай жамандыққа, кедергілерге тап болса да, адалдықтың үлгісін көрсетіп өткен, махаббаттың жолында құрбан болған кейіпкерлер. Сондай тұнық әрі шексіз сезім иелерінің ғашықтар күнінің символы болуы да тегіннен-тегін болмаса керек. Ал мейірімге, махаббатқа шөлдеген қазіргі қоғам үшін ұлттық ғашықтар күнінің мәні зор екені сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2016868-15-sauir-gasyqtar-kuni-mereke-qalai-paida-boldy-zane-mani-nede/