Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нағыз француз круассанын үй жағдайында қалай әзірлеуге болады

Жарияланған күні:

Дәмді круассандар. Көрнекі сурет
Дәмді круассандар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Круассандар өздерінің дәмді әрі қатпарлы қамырымен ерекшеленеді. Оларды дайын дүкендегі қатпарлы қамырдан немесе үйде арнайы қамыр илеп жасауға да болады. Барыңызды салып, тексерілген рецепт бойынша өте дәмді круассандарды әзірлеп көріңіз.

1770 жылдары Парижге круассандарды эрцгерцогиня Мария-Антуанетта әкелді. Ол өз сарайындағы аспаздардың бұл тәтті тоқаштарды жасай білуі қажет деп талап қойды. Уақыт өте келе круассандар француздардың таңғы асындағы негізгі тағам түрі болып қалыптасты. Қамырды илеп, жаюдың өзіндік талаптары бар. Ол қамырдың жеңіл, қатпарлы, қытырлақ болып шығуына тікелей әсер етеді. Круассандар әр түрлі салмамен дайындалады, кейде ешқандай салмасыз да өте дәмді болып шығады.

Сипаттамасы:

Асхана: Француз

Санаты: Десерт

Дайындау уақыты: 5 минут

Дайындалу уақыты: 1 сағат

Калориясы: бір порцияға 406 ккал

Құрамы:

Жұмыртқа-1 дана

Қант-55 гр

Бидай ұны - 500 гр

Сүт-170 мл

Тұз - 10 гр

Су-150 мл

Құрғақ ашытқы-8 гр

Май 82.5%-250 гр

Дайындалуы:

1. Құрғақ ингредиенттерді араластырыңыз

Құрғақ ыдысқа ұнды електен өткізіп алыңыз. Оған қант пен тұз қосып араластырыңыз.

Круассан қамырын илеуге дайындық процесі. Скриншот
Круассан қамырын илеуге дайындық процесі. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

2. Ашытқыны дайындау

Бөлек ыдысқа жылы сүт пен суды араластырыңыз. Оған құрғақ ашытқыны қосыңыз. Бірнеше минутқа қалдырыңыз. Сүттің бетінде ұсақ көпіршіктер шығуын күтеміз.

Қамыр ашытқысы. Скриншот
Қамыр ашытқысы. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

3. Қамырды илеу

Дайын болған ашытқыны құрғақ ингредиентке қосып, арнайы миксердің ыдысына салып, 2 минуттай орташа жылдамдықта қамыр илеп аламыз. Егер арнайы миксер болмаса, қолмен, орташа жұмсақ қамыр болғанша илеп аламыз.

Круассан қамыры. Скриншот
Круассан қамыры. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

4. Қамырдың дайын болғанын күтіңіз

Орташа табаққа пергамент қағазын төсеп, қамырды соның бойымен саламыз. Асханалық пленкамен бетін жауып, түнге тоңазытқышта қалдырыңыз.

5. Майды дайындау

Майды тоңазытқыштан шығарып, жұмсарғанын күтіңіз. Пергамент қағазына майды бөліп салып, екінші қағазбен бетін жауып қойыңыз. Круассан дайындау үшін сапалы май қолданыңыз. Майлылығы кемінде 82.5%-дан жоғары болғаны дұрыс.

6. Майды жайыңыз

Пергамент қағазының бос шеттерін жауып, хат қорабы сияқты қалыпқа келтіріңіз. Үстінен оқтаумен майды жайып, қалыңдығы бірдей корж қалпына келтіреміз. Дайын майды түнге тоңызытқышқа салып қойыңыз.

Қамырға майды жағу. Скриншот
Қамырға майды жағу. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

7. Қамырды жаю

Тоңазытқыштан қамырды алып, бетіне ұн себіңіз. Оны пеграмент қағазына салып 40*40 өлшемді шаршы тәріздес етіп жайып, бетін асханалық пленкамен жауып, тағы 30 минутқа тоңазытқышқа салып алыңыз. Ол уақытта майды алып шығып, сәл жібігенін күтіңіз.

8. Қатпарлы қамыр дайындау

Тоңазытқыштан қамырды алып, жібіп тұрған майды үстіне қойып, қамырдың бос шеттерімен бетін жабыңыз. Осылайша қамырды екі бүктеп, шамамен 60*40 өлшемді етіп жайып алыңыз да 20 минутқа мұздатқышқа салып қойыңыз.

Қатпарлы қамыр дайындау. Скриншот
Қатпарлы қамыр дайындау. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

9. Қамырды қайталап жаю

Суытылған қамырды тағы бір жайып алып, тоңазытқышқа сала түрыңыз. Дәл осылай тағы бір рет жайып алсаңыз тіптен жақсы.

Қамырды қайтадан жаю. Скриншот
Қамырды қайтадан жаю. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

10. Қамырды кесу

Үшінші рет жайып алған соң, қамырды тік бұрышты үшбұрыш формасында кесіп алыңыз. Жайылған қамырға белгі салып, кесінділеріңіздің бір өлшемді болуына көңіл бөліңіз.

Қамырды кесу. Скриншот
Қамырды кесу. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

11. Круассан формасына келтіру

Кесілген үшбұрыштардың үстінен бір жайып алыңыз да, жоғарыдан төмен қарай ораңыз. Орау барысында жоғары ұшының төменгі жақпен қатар келуін қадағалаңыз.

Круассанды формасына келтіру. Скриншот
Круассанды формасына келтіру. Скриншот: YouTube/ Buttermilk Pantry

12. Круассанды пісіріп алу

Пеш табасына пергамент жайып, үстіне дайын круассандарды тізіп шығыңыз. Бетіне 1 жұмыртқа, 20 мл сүт және аздап тұз себілген сұйықтықты жағып шығыңыз. 200 градусқа дейін қыздырылған пеште 7 минут, артынан 180 градусқа төмендетіп, тағы 13 минуттай пеште пісіріп алыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2020450-nagyz-francuz-kruassanyn-ui-zagdaiynda-qalai-azirleuge-bolady/