Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адам неліктен атмосфералық қысымға шыдай алады: әр адам білуге тиіс ақпарат

Жарияланған күні:

Өлшегіш құрал
Атмосфералық қысымды өлшейтін құрал. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ауа райы болжамында міндетті түрде атмосфералық қысым туралы хабардар етіледі. Мұндай көрсеткіш табиғат құбылыстарымен тікелей байланысты. Бұл мақаламызда атмосфералық қысымның қалай анықталатыны және оның адамға әсері жайлы ақпарат берілмек.

Атмосфералық қысым дегеніміз не және оның әсері қандай?

Атмосфералық қысым – атмосфераның жер бетіне және ондағы барлық затқа қысым түсіретін күші. Бұл – ауа райының бірнеше факторына байланысты болатын құбылыс. С.Ә.Әбілмәжінованың "Жалпы жертану" оқулығында атмосфералық қысымға мынадай түсінік берілген:

Жерді қоршап тұрған атмосфераның жалпы массасы 5,2·10 21 граммға тең, ал 1 м 3 ауаның салмағы 1,033 граммға тең. Жер шарын қоршап тұрған атмосфера өзінің салмақ күші арқылы жер бетіндегі барлық затқа қысым түсіреді.

Атмосфералық қысымның қандай ерекшеліктері бар?

Атмосфералық қысым ауа жоғары қысым аймағынан төменгі қысым аймағына ауысқан кезде желдің пайда болуынан туындайды. Соның салдарынан циклондар мен антициклондар пайда болып, аймақтарда жаңбыр, қар, тұман және басқа да өзгерістер болады.

Қысым төмендесе, бұлтты, жаңбырлы ауа райы күтіледі, ал көтерілсе, құрғақ болады. "Энциклопедии примет погоды" кітабының авторы Крис Касперски атмосфералық қысымның төмен болуы ауа райының қолайсыз болатынының белгісі емес деп жазады. Ауа райының нашарлауының негізгі белгісі барометр бағанының 740-730 мм сынап бағанасына дейін жылдам төмендеуінен болады.

Қысым белдеулері мен қысымдық орталықтардың түзілуі жəне ондағы көрсеткіштердің өзгеруі Күн сəулесінің əркелкі таралуы мен Жердің айналуымен тығыз байланысты. Сондықтан қысым белдеулері мен орталықтары жаз кезінде солтүстікке, ал қыс мезгілінде оңтүстікке ығысып отырады. Күн сəулесі өте аз түсетін Арктика мен Антарктика аймақтарында жыл бойы қысым көрсеткіштері жоғары жағдайда сақталады делінген.

Ақ бұлттар
Аспандағы будақ бұлттар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Атмосфералық қысым қалай анықталады?

Атмосфералық қысымды қандай құрылғымен анықтайды? Атмосфералық қысымды анықтау үшін барометр қолданылады (ежелгі грек тілінен аударғанда ауырлықты өлшеу құралы деп аталады). Онлайн-энциклопедияда 1644 жылы итальян физигі Эванджелиста Торричелли сынаптан жасалған қысым өлшейтін құрылғы ойлап тапқан делінген. Күнделікті өмірде сынап құрылғысы анероид-барометрдің орнын ауыстырды.

Атмосфералық қысымды өлшеу үшін мынадай құрылғылар қолданылады:

  • механикалық және электрондық анероидтық барометрлер;
  • газ барометрлері;
  • термогигрометрлер;
  • барографтар.
  • альтиметр – атмосфералық қысымның биіктікке байланысты өзгеруін анықтайтын құрал.

Атмосфералық қысымның өзгеруіне ықпал ететін бірнеше фактор:

  • Теңіз деңгейіндегі биіктік. Еуропада қысымның орташа жылдық көрсеткіші теңіз деңгейінде 1014 гПа болса, 5 км биіктікте – 538 гПа, 10 км биіктікте – 262 гПа, ал 20 км биіктікте бар болғаны 56 гПа ғана. Жер шарының басқа аудандарында да атмосфералық қысымның биіктікке байланысты өзгерістері шамамен осындай болады.
  • Құрлық пен мұхиттың арасалмағы, жергілікті физикалық-географиялық жағдай.
  • Географиялық ендік. Жер шарында географиялық ендіктерге байланысты үш төмен қысым белдеуі (экватор мен екі қоңыржай белдеу бойында), төрт жоғары қысым белдеуі (екі тропиктік жəне екі полярлық ендіктер бойында) ажыратылады.

Атмосфералық қысым Жерде болып жатқан процестерге тікелей әсер етеді. Сол себептен де атмосфераның күйін арнайы мамандар үнемі зерттеп отырады. Бүгінгі таңда ауа райының дәл болжамын жасау және көпшілікке алдағы уақытта қысымның төмендеуі мүмкін екенін ескерту үшін атмосфералық қысымды өлшеудің бірнеше жолы мен әдісі бар.

Экстрим
Экстремалдық спортпен шұғылданған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Адамдар неліктен атмосфералық қысымға шыдай алады?

Адамның денесі ауа қысымына үйренген. Өкпедегі, құлақтағы және асқазандағы ауа қысымы денеден тыс ауа қысымымен бірдей. Сондықтан да ағза ішкі және сыртқы қысым бірдей болмаған кезде де күресуге бейім келеді.

Калифорния университетінің сайтында жарияланған "Why are you not crushed by atmospheric pressure?" жазбасында адамның атмосфералық қысымға неліктен төтеп бере алатыны туралы ғылыми дәлелдер жазылған.

Адамдар оттегі арқылы 121 миллибар қысымға төтеп бере алады. Сондай-ақ кем дегенде 475 миллибар қалыпты ауамен дем ала алады.

Әлемдегі ең жоғары қысым қандай болды?

1083,8 ГПа

1968 жылы 31 желтоқсанда Гринвич уақытымен сағат 12:00-де Сібірдегі үлкен антициклонның ортасындағы қысым 1083,8 ГПа-ға жетті және расталды.

Атмосфералық қысымның өзгеруі қандай адамдарға қалай әсер етеді?

Атмосфералық қысым 4-7 мм немесе одан да төмен болған кезде адамға әсер ете бастайды. Әдетте созылмалы аурулары бар, жүрек-қан тамыр, тыныс алу жүйесі, тірек-қимыл аппараты және қант диабетімен ауыратындарға, егде жастағы адамдарға ауа райындағы өзгерістер әсер етіп жатады. Сонымен қатар жастар арасында да бас ауруы, айналуы жиі болады.

Денсаулығында қандай да бір мәселесі бар адамдардың жағдайы көбінесе ауа райымен тікелей байланысты болады. Оларға атмосфералық қысымның кенеттен өзгеруі әсер етеді. Бас ауруы, тамыр соғуының жиілеуі және басқа да жағымсыз белгілер пайда болады.

"Успехи современного естествознания" ғылыми журналында жарияланған мақалада авторлар төменгі қысымның жайсыздық тудыруы мүмкін екенін жазды. Өйткені бұл кезде қандағы көмірқышқыл газының деңгейі қатты көтеріліп, оттегі жетіспейді. Тамыр құрысып, адамның жүйелі қан айналымындағы қысымды арттырады. Десе де, жоғары атмосфералық қысым әдетте қауіпті болып саналмайды.

Ауа райындағы жайсыздық кедергі келтірмеу үшін не істеу керек?

Мұндай жағдайда мына қағидаларды есте сақтаған жөн:

  • Жұмыс пен демалыс режимін сақтау.
  • Күйзеліс және шамадан тыс физикалық белсенділікті болдырмау.
  • Уақытылы ұйықтау.
  • Кофе, шай және қант қосылған сусындардан бас тарту.
  • Көп мөлшерде таза су ішу.
  • Күнделікті жасалатын жаттығулар дененің бейімделу қасиеттерін арттырады. Физикалық жағынан мықты болу атмосфералық қысымның жағымсыз әсерінен қорғайды.
Компьютермен жұмыс істеп отырған әйел
Компьютер алдында ойланып отырған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Атмосфералық қысым Жер шарының әр бөлігінде үздіксіз өзгеріп отырады әрі оның географиялық таралуы күрделі өтеді. Себебі Күн сәулесінің әркелкі түсуі, Жердің айналуы қысым белдеулерінің түзілуіне ықпал етеді. Бұл – табиғаттың құбылысы.

Адам баласы табиғатпен бірге өмір сүреді, сондықтан да атмосфералық қысымға төтеп бере алады. Дегенмен денсаулыққа күтіммен қарап, дәрігер тағайындаған дәрумендерді уақытылы қабылдау және қан қысымын бақылау арқылы өзіңізді жақсы сезіне аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2024126-adam-nelikten-atmosferalyq-qysymga-sydai-alady-ar-adam-biluge-tiis-aqparat/