Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Беташар: жаңа түскен келінге жасалатын жөн-жоралғыларды қаншалықты жақсы білесіз

Жарияланған күні:

Беташар сәті
Келіннің бетін ашу сәті. Көрнекі сурет: "Кызылординские вести" газеті

Беташар қыз бала жаңа шаңырақтың табалдырығын келін боп аттаған кезде жасалатын салт-дәстүр. Қазақ халқының ертеден келе жатқан бұл дәстүрі туралы не білеміз? Мақаламызда беташарға қатысты жөн-жоралғыларды тарқатып айтамыз.

Беташар салтының мәні неде?

Беташар жас келінге жаңа ортасын, күйеуінің ағайын-туысын таныстыру мақсатында өтеді. Беташарды келін түсіруші үйдің иелері жасайды. Қазаққа тән бұл дәстүрдің "тазарту" деген мағынасы да бар. Бұл жөнінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Самал Дәрібайұлының "Беташар және отбасылық ғұрыптардағы параллельдер" деп аталатын мақаласында кеңінен жазылған:

"Келін түсіруші жақ беташар жасау арқылы жас келінге келген ортасын таныстыра отырып, онымен бірге көзге көрінбес зұлым күш иелерінің ілесіп келмеуін де мақсат етеді. Келіннің қадамының құтты не құтсыз болуы оның түскен шаңыраққа тез сіңісіп кетуіне әсер етеді. "Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан" деген мақалдың осындай жағдайларға байланысты айтылғаны хақ. Егер келін түсірген шаңырақ немесе әулет тойдан соң тағы бір қуанышқа кенеліп жатса, "аяғы құт болды" деп жақсылыққа жорып жатады. Сол секілді босаға аттағаннан кейін әулет ауыр қайғыға ұшыраса (отбасы мүшелері не жақын жақын туыстардың қайтыс болуы, ауруға ұшырауы, т.б.) "аяғы құтсыз келін" деген атқа таңылуы да мүмкін".

Осындай түсінік негізінде кей жерлерде келіннің бетін ашатын кезде қамшыны қолданады. Көне түсінік бойынша қамшы сыртқы тылсым күштерден қойғайды деген сенім бар. Сол себептен де беташарда келіннің жаулығының тұсына қамшы байланады. Қазақ халқында қамшы аяқтың астына тасталмайды, төрде жоғары ілініп тұрады.

Ұлттық киімдегі келіншек
Ұлттық киім киген келін. Көрнекі сурет: Институт культурно-нравственного воспитания девочек "Қазақ қызы"

Беташар дәстүрі қалай жасалады?

Беташар болатын сәтте келіннің бетіне жаулық жабылып, оны жеңгелері тігілген отаудан алып шығады. Содан соң тойға арнайы шақырылған жырау беташарға жиналған күйеу жігіттің алыс-жақын туыстарын өлең жолдарымен атап шығады. Ал келін сол сәтте иіліп сәлем салуы керек. Аты аталған туыстар сый ретінде ақша, мал-мүлік береді. Бұл отбасын құрып деп жатқан жастарға көмек болады деп ұсынылған. Себебі қазақта "үйлену оңай, үй болу қиын" деген сөз бар.

Бұдан кейін беташардың екінші бөлімі басталады. Онда жаңадан түскен келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын жұмысы, өзінің туыстарымен қарым-қатынасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады. "Әдепті, сыпайы бол, өсек таратпа, өзінңен үлкенді сыйла, үй жұмысын жасауға ерінбе!" - деген секілді өсиеттер айтылады. Беташар жыры айтылып болған соң, жыршыға ат мінгізіп, үстіне шапан жауып жібереді.

Жас келінге неліктен ақ жаулық тағылады?

Келіннің беті ашылғанша оның бетіне ақ жаулық жабылады әрі ол ақ шымылдықтың ішінде отырады. Беташар дәстүрінің негізгі ғұрыптық міндеті осы ақ жаулықты ашумен байланысты. Қазақ халқының түсінігінде ақ түс тазалықтың, пәктіктің белгісі саналады.

"Беташар және отбасылық ғұрыптардағы параллельдер" мақаласының авторы "Ақ жаулықты ашу өмірге қайта әкелу функциясын орындайды" - деп түсіндірген.

"Қазақ дәстүрінде мұның дүние салған адамның жүзін ақ матамен жауып, арулап жөнелтумен параллель екенін айта кеткен жөн. "Символдар сөздігінде" ақ түс қорқыныш пен мойынсұнудың түсі екені айтылады. Мысалы, жаугершілік заманда ақ ту көтеру берілудің, мойынсұнудың немесе елшінің белгісі ретінде қабылданған. Бүгінгі күні ақ түс дәл мұндай танымдық мағынада қолданылмаса да, әйел адамның киім-кешегінің түр-түсіндегі ерекшеліктер генезисі, яғни, жаңа түскен келінге жабылатын ақ жаулық осы түсініктер негізінде қалыптасқан".

Беташар дәстүрлі діни түсінікке қайшы ма?

Кейінгі кездері ел ішінде беташарға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Дегенмен бұл тұрғыда нақты жауаптар да жоқ емес. Мәселен, Алау Әділбаевтың "Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ислам шариғатымен үйлесімі" кітабында беташар дәстүрі туралы мынадай тұщымды жауап жазылған. Сонымен беташар дәстүрі діни түсінікке қайшы ма?

"Беташардың діни-әлеуметтік рөлдерінің бірі – танысу. Танысу – Алла Тағаланың ең үлкен бұйрықтарының бірі һәм Пайғамбар сүннеті.

Қасиетті Құранның "Хужурат" сүресінің 13-аятында:

"Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін ұлыстар мен руларға бөліп жараттық", - делінген.

Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сенімді дереккөздердің бірінде келген хадисінде былай дейді: "Кім де кім басқа біреумен бауырлас болғысы келсе, алдымен оның есімін, әкесінің есімін және кімдердің қатарынан екенін біліп алсын. Өйткені осылай жасау сүйіспеншіліктің артуына септігін тигізеді".

Алау Шайқымұлының еңбегінде Құран мен сүннетте айтылған бұйрықты іске асырудың өркениетті түрде шешілген бір жолы беташар екені айтылады. Өйткені жаңа түскен келін өз елінен бөтен елге, бұрын-соңды таныс емес жұртқа келеді. Ал жаны нәзік әйел затының ел-жұртпен танысу процесі қалай жүреді? Оны жас екен, қыз бала екен деп оны ешкімге көрсетпей, үйден шығармай қамап қою жөн емес. Әр үйді аралап, жаңа келінді таныстырып шығу әдепке теріс. Енді не істеу керек? Міне, осындай жағдайда беташар дәстүрінің қаншалықты маңызды іс-шара екеніне көз жеткізуге болады.

Атадан балаға жалғасатын рухани мұра іспетті ел ішінде жазылмаған заң ретінде басшылыққа алынатын бағалы құндылық болуымен қатар, бұл дәстүрдің астарындағы мазмұны да өте бай. Басқа қырларын қарастырмай, тек мұсылманшылық тұрғысынан алғанның өзінде беташардың өзегінде – ақ некені жариялау, танысу, жауапкершілік алу, үлкенге құрмет, өсиет айту секілді өте үлкен тәлім жатыр.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының "Беташар" өлеңі

Айт, айт, келін, айт, келін,

Атыңның басын тарт, келін!

Сауысқаннан сақ, келін,

Жұмыртқадан ақ келін!

Кер биенің-құлыншақ,

Салбыраған тұлымшақ.

Алдыңғы түйең- итіншек,

Артқы түйең тартыншақ.

"Алдыңғы түйең- итіншек!" - деп

Бетке соқпа, келіншек!

"Артқы түйең тартыншақ!" - деп,

Басқа соқпа, келіншек!

Шу-шу болар, шу болар ,

Құлағыңды бері сал,

Асылыңды кері сал!

Ата-енеңмен ұрыссып,

Қақаңдама, келіншек!

Үй артына мал келсе,

Бақаңдама, келіншек!

Таңертең тұрып, келіншек!

Құрт ұрлама, келіншек!

Өзің жатып, байыңды

"Тұр-тұрлама!" -, келіншек!

Аузы- мұрның сүйреңдеп,

Өсек айтпа, келіншек!

Қайын ағаңның алдынан

Кесіп өтпе, келіншек!

Сары етігің салпылдап,

Сазды баспа, келіншек!

Сауыр етігің шойқаңдап,

Тоғай кезбе, келіншек!

Көн етігің көрпілдеп ,

Ауыл кезбе, келіншек!

Жаулығың тік шошаңдап ,

Бұзау қорыма, келіншек!

Атаң ақыл үйретсе,

Адырайма, келіншек!

Енең ақыл үйретсе,

Едірейме, келіншек!

"Абысыным жақсы!" - деп,

Сырыңды айтпа, келіншек!

"Қайындарым жақсы!" - деп,

Қойныңа алма, келіншек!

Келін, келін (келіңіз) көріңіз,

Көрімдігін беріңіз!

Ала-кұла демеңіз,

Түсін айтып қойыңыз,

Жылқы берсең, көктен бер,

Өзі жүйрік беріктей бер!

Қайын атаға бір сәлем!

Түйе берсең, тайлақ бер,

Мұрындығын сайлап бер!

Түйе берсең, ақтан бер,

Өсеріне бақтан бер!

Қайын енеге бір сәлем!

Сиыр берсең қарадан,

Сірә да өлмес жарадан.

Қайын ағаға бір сәлем!

Қойды берсең, қоңырдан,

Өсеріне оңдыдан ,

Абысынға бір сәлем!

Ешкі берсең, сарыдан,

Құлақ шыдамас-дауысының зарынан,

Қайын ініге бір сәлем!

Мүйізі пышаққа сап болар,

Терісі бұтка қап болар,

Бұты толған бұлақ болар,

Іші толған лақ болар,

Ақтылы қойды айдаған,

Алалы жылқы байлаған,

Осы жанның үлкені-

Атасы, саған бір сәлем!

Мінгенде атың боз ғана,

Жорғасы бар аз ғана,

Таналы моншақ таққалы,

Тұңғышы болсын қыз ғана!

Есіктің алды терек-ті,

Қатындар тоқыр өрмекті,

Барған жылы ұл тапсаң,

Құдайдың берген ермек-ті!

Арғымақ келер аяңдап ,

Ақырын сөйле баяндап.

Қой келеді жыбырлап,

Ақырын сөйле сыбырлап!

Қойды берсең ағынан,

Өсер-өспес боғынан!

Мінгенде атың жиренше,

Ойнақтап тұрар мінгенше.

Сірә да, мауқың басылмас

Әлдилеп бала сүйгенше!

Ақ түйең татырауда,

Ақ тайлақ жатыр матауда.

Қыз игенде (екен де) қысылдың

Мейлінше ойпа отауда!

Есіктің алды ақ балық

Ақ балық еті қақталық.

Орамал берсең барша бер,

Елге барып мақталық!

Келіннің бетін ашу
Келіннің бетін ашу дәстүрі. Көрнекі сурет: "Ortalyq Qazaqstan" газеті

Ілияс Жансүгіровтің "Беташар" өлеңінен үзінді

Айт - айт, келін, айт, келін,

Аттың басын тарт, келін.

Сауысқаннан сақ келін,

Жұмыртқадан ақ келін.

Келін келді көріңіз,

Көрімдігін беріңіз.

Ала - құла демеңіз,

Атын айтып беріңіз.

Желп - желп еткен немене,

Желегің бе, туың ба?

Қыруар қырға нұр шашар

Желегің сенің қызыл ма?

Көгінде күнің нұр қосар

Бетіндегі қызылға.

Қызылды - жасыл бөленген,

Мынау қырдың. қызы ма?

Қылымсыма, қыр қызы,

Аттаған соң босаға.

Бетіңді бермен икемде,

Ашайын, айнам, сызылма!

Келін, келін, келдің бе?

Керілмей сәлем бердің бе?

Құтты болсын босағаң,

Құт келін бол еліңе.

Құтты болсын қосағын,

Қосылыпсың теңіңе.

Құт - береке оралсын

Желегіне, жеңіңе.

Күргейсіз күнге маңдай бер,

Ұмтылыңқыра, шегінбе.

Шеткерліктің шегесі - ау

Шегіншектік тегінде.

Келеде кеңес кеңейді,

Кер кеткен әдет шөмейді,

Қуанышын көңілінде.

Басыпсың қадам тауып жол,

Жармасып жаңа өмірге.

Беташар – жаңа түскен келінге, тойға жиналған қауымға арналған өсиет. Сол себептен де бұл дәстүрдің жүзеге асырылуы шарттылық болмауға тиіс. Керісінше қазақ халқының ұлттық дәстүріне сай танымдық-тәрбиелік сипатының сақталғаны жөн. Беташардың өміршеңдігі оның мазмұнының тереңдігімен астасып жатса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2025090-betasar-zana-tusken-kelinge-zasalatyn-zon-zoralgylardy-qansalyqty-zaqsy-bilesiz/