Дастарқан батасы: ер адамдар айтатын мәнді әрі мағыналы баталар қандай
Жарияланған күні:
Сөздің құдіретіне сенген қазақ халқы бата арқылы ақ ниеті мен ізгі тілегін айтады. Қазақы салт-дәстүрдің ажырамас бөлігіне айналған батаның орны қашан да бөлек. Бұл жазбамызда дастарқан батасына байланысты құнды дүниелермен бөлісеміз.
Бата беру дәстүрінің маңызы неде?
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі бата-тілекпен байланысты. Ел арасында батаның түрі өте көп. Осыған орай бата берудің негізгі мақсаты бір болғанымен, мазмұны түрленіп отырады. Бата адамдардың арасын жақындастырады әрі ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрді жаңғыртады.
"Бата сөздерінің жанрлық табиғаты" мақаласының авторлары бата туралы мынадай түсінік берген:
Бата жеке адамға және жиналған көпшілік қауымға да қарата айтыла береді. Халық батаны адамның ізгі ниеті, ақ тілегі деп түсінген. Сондықтан батаның шарапаты боларына шек келтірмеген. Алғыстың айтылуы мен батаның берілуі екі бөлек. Алғысты үлкен адам біткен істің соңында жасқа арнайды, ал бата белгілі бір істің басталар алдында, не болмаса аяқталған соң айтылады. Бата берілгенде қол жайылады, соңынан адамдар беттерін сипап, "Әумин, айтқаныңыз қабыл болсын!" - деп қоштайды.
А, Құдай, жарылқасын,
Ырысың арылмасын.
Мал мен бас берсін
Иман мен жас берсін.
Кетпес ырыс берсін!
Кең пейіл берсін!
Батаның ішінде Жаратқан Иеге, Пайғамбар, Періште, Қыдыр ата, әулие-әмбиелерге сыйыну сарындары басым. Осы арқылы кесір-кесапаттан сақтанып, ырыс-бақ тілейді. Бата сұраған адамның көкірегіне үміт отын жағады. Өйткені бата қасиетті сөз деп есептелетіндіктен, бата берушінің сөзі киелі саналады. Сөз магиясына сенуден туған батамен ақ тілек айту арқылы бақ-берекені, дәулетті дарытуға болатын болса, қырсық-сор, пәледен, қаскөй күштерден аман болуға, қорғануға болады деген халық санасының түсінігі көрінеді.
Бата беруші адам құдіретті күш пен тыңдаушының арасын байланыстырады. Бұл әлем халықтарының баршасында дерлік кездесетін, адамзат қоғамы сөздің магиялық құдіретіне күмәнсіз сенген қадым заманда қалыптасқан тым көне дәстүр. Фольклордың шағын жанры ретінде қарастырылатын ұйқасты, ырғақты болып келетін бата сөз халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-эстетикалық түсініктерінің айғағы.
Мысалы, Наурыз мерекесінде берілетін батаның бір үлгісі мынадай:
Дәулетті бас берсін,
Көл-көсір ас берсін,
Ұлыстың ұлы күнінде
Ұлың ойға қонсын,
Қызың қырға қонсын.
Мал өріске толсын
Дәулетіңді асырсын
Дұшпаның басылсын!
Елдің күн көрісі, тіршілік көзі мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан ерте замандарда төрт түліктің пірі саналатын Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек атаатауларын атап, тілек айтылған. Мұндай бата арқылы мал басының аман болуын, көбеюін қалаған. Бұған мынадай бата түрін мысал етуге болады:
Төрт түліктің бір пірі – Қамбар ата,
Тілегенде, өзің бер, ақтан бата.
Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып,
Ойдан-қырдан арқансыз әкеп мата.
Бата сөзі әу баста "алғыс" деп аталып, ислам дінінің ықпалынан тұрмыстық қызметі батаға ауысқан. Бата қасиетті сөз деп есептеледі. Оның атауы құранның бірінші беташар сүресі "фатихадан" туындаған деген мысалдар бар.
Халифа Алтай "Фатиха сүресі – Аллаға жалбарынудың нағыз бір үлгісі" деген. Сондықтан адамның ойға алған игі істерінің орындалуына, пәле-жаладан, кесір-кесапат, жамандықтан сақтауға батаның әсері бар деген сенім қалыптасқан.
Қазақтың батасы қай кезден бастап қағаз бетіне түсірілді?
Зерттеуші Ф.Р. Ахметжанованың анықтауы бойынша бата сөздердің жиналып жариялануы ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынған. Түркі тектес халықтардың ауыз əдебиеті үлгілерін қамқорлықпен жинап, жариялаған орыс академигі В.В. Радловтың "Түркі халықтарының халық əдебиеті үлгілері" деген он томдық еңбегін айта кеткен жөн. Оның 1870 жылы жарық көрген үшінші томында қазақ ауыз əдебиетінің басқа түрлерімен қоса бата сөздер де қамтылған. Бұл еңбектің "Бата сөз" тарауында 76 жолдан тұратын көне үлгідегі 5 бата сөз берілген. Бата сөз үлгілері шығыстанушы ғалымдар Г.Н. Потанин, Н. Пантусов шығармаларында да кездеседі. Мұндай құнды деректер Қ.Бағашаров және Қ.Шалабаеваның "Дін мен дәстүр сабақтастығы – діни біртұтастықты сақтаудың негізі" ғылыми мақаласында берілген.
Ахмет Байтұрсынұлы салт сөздеріне қазақтың ділмар сөздерін, мақал-мəтелдерін, мысалдарын жатқызған. Ал ғұрыпқа байланысты той бастар, жар-жар, беташар, жоқтау, бата сынды өлең-жыр үлгілерін атап көрсеткен.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы жарыққа шыққан "Әдебиет танытқыш" атты ғылыми еңбегінде бата туралы былай деген:
Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады. Батагөй шалдар басы бар табақты тартуға алып келгенде, асты жеп болғанда да бата қылады. Көбінесе бата тамақ жеп болған соң істеледі. Мысалы:
Құдай оңда!
Оңға баста!
Абырой бер!
Аман сақта!
***
Құдайым жарылқасын, бай қылсын,
Төрт түлігін сай қылсын!
Кетпес дəулет берсін,
Құдайым оңдасын,
Оңдағанның белгісі
Мың саулығың қоздасын!
Дастарқан батасы қандай болу керек?
Дастарқаның бай болсын.
Қазан - ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын.
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонып қияға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын.
Дастарханың бай болсын,
Қазан - ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын,
Көңілің толып жай болсын.
Құлындаған тай болсын!
Ұлың ұяға қонсын
Қызың бақытты болсын!
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал - басың.
Қыдыр болсын жолдасың.
Досыңнан көңілің қалмасын.
Жағаңнан дұшпан алмасын.
Қастық қылған оңбасын,
Əруақтар қолдасын!
Дастархан байлығын берсін,
Деніңнің саулығын берсін!
Əумин!
Пышағың малдан кетпесін,
Қазаның оттан түспесін.
Маңдайға біткен ырысың
Босағадан кетпесін.
***
Дастарқаныңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін!
***
Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа,
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның,
Жуа бітсін жолына.
Бақытың жетсін төтелеп,
Дүние малды жетелеп,
Аузыма түскен батаның
Жатырмын бәрін түгендеп!
Көтердік міне білекті,
Ақтардым түгел тілекті,
Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.
***
Ашып тастап пейілді
Дастарханың жайылды.
Қасиетті нан ұлық
Берекең тұр нақ ұй ып.
Асыл сөздер шашылды,
Бар абырой бақ орнап
Ел сыйласын басыңды.
Аңыз болып отауың
Айта жүрсін асыңды.
Сүйген жарың,
Бала - шағаң аман боп,
Бүтіндесін асылды.
Ниетіңе біз тойдық.
Рахмет шайыңа,
Риза еткен бір қойлық!
Əумин!
Ғалымдар батаның түп-төркіні діннен алынғанын, алайда оның мақсаты мен мағынасы ел тіршілігімен байланысты екенін айтады. Қазақ халқында "Батамен ел көгерер" деген жақсы сөз бар. Бата берудің негізгі мәні адамдарды жақсылық жасауға шақыру, ізгі тілекті білдіру болып саналады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2025624-dastarqan-batasy-er-adamdar-aitatyn-mandi-ari-magynaly-batalar-qandai/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.