Әр мұсылман білуге тиіс: ең танымал және маңызды сүрелер жинағы
Жарияланған күні:
Ізгі мұсылманның әрбір күні игі амалдармен, жақсы сөздермен басталады. Дұға жасау - адам баласының жаратылысында бар әдет. Ал дұға етудің маңызын түсінген адам Құран аяттарын оқып, үйренуге ұмтылады. Бұл жазбада діни деректерді негізге ала отырып, бірнеше сүренің маңызына тоқталамыз.
Сүре сөзі қандай мағынаны білдіреді?
"Сүре" сөзі араб тілінен аударғанда "дәреже", "орын" деген мағынаны білдіреді. fatua.kz сайтында "Сүре дегеніміз басы мен соңы бар, өз алдына бір топ аяттар жиынтығы", - деп түсіндіріледі.
Құран сүрелерін білудің маңызы қандай?
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы пәтуа бөлімінің сайтында жарияланған "Сүре деген не?" жазбасында Құран сүрелерін білудің мынадай пайдалары жайлы айтылған:
- Құран Кәрімді жеңіл үйрену мен тез жаттауға көмектеседі. Егер Құран сүрелерге бөлінбей, бір-бірімен жалғасып кете бергенде, оны үйрену де, жаттау да қиын болар еді.
- Әр сүреде келген негізгі сөз болған қиссаны, үкімді тез анықтауға көмектеседі. Мысалы, Мұса пайғамбар мен қауымы арасында болған сиыр қиссасы "Бақара" сүресінде қамтылған.
- Құран сүрелерінің ұзын не қысқалығына қарамай, олардың барлығының муғжиза екендігіне дәлел болады.
- Құранның бірнеше сүресін жаттаған адам өзін Алланың кітабының бір үлесіне қол жеткізгендей сезінеді. Бұл сезім адамды қуаттандырып, өзге сүрелерді де жаттауға ынталандырады. Сондықтан Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): "Бақара" мен "Әли Имранды" оқыған адам біздің арамызда жігерлі жүретін", - деген.
Адам баласы бәле-жаладан сақтану үшін қандай сүрелерді оқып жүргені абзал?
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің ihsan.kz сайтында жарияланған "Бәле-жаладан сақтандырушы екі сүре" деп аталатын жазбада мұсылманның өміріне үлкен пайдасын тигізетін сүрелер туралы айтылған:
Фалақ және Нас сүрелері "Әл-Муъаууизәтәни" - сақтандырушы екі сүре деп аталады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы екі сүрені оқып, түрлі бәле-жалалардан сақтанып жүретін болған.
Бұл туралы имам Бұхари риуаят еткен хадисте былай баяндалады:
"Айша анамыз (р.а) былай дейді: "Пайғамбар (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) әрбір түні төсекке жатарда екі алақанын қосып, оларға үрлеп, "Ықылас", "Фалақ", "Нас" сүрелерін оқып, басы мен жүзінен бастап денесінің алдындағы бөлігінің қолы жеткен жерін сипайтын. Солай үш рет жасайтын".
Әбу Дәуіт, Термези және Нәсәи риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдулла ибн Хубейбке (р.а) "Ықылас" және екі сақтану сүресін (Фалақ, Нас сүрелерін) кешке және таңертен үш рет оқуың барлық қажетіңе жеткілікті", - дегені айтылады.
Аятул-Курси – Бақара сүресінің 255-аяты. Бұл ерекше көп оқылатын аяттың түрлі апаттардан сақтаушы, бәле-жаладан, қайғы-мұңнан арылтушы, ризықтың берекесіне жеткізуші және азғырынды шайтандардан аластаушы қасиеттері бар.
Риуаятта Аятул-Курсидің артықшылығын Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай баяндаған: "Бақара сүресінде Құран аяттарының төресі бар, оны қайсыбір үйде оқыса, ол жерден шайтан қашып шығады, ол – Аятул-Курси", деген (Хаким мен Байһақи риуаят еткен хадис).
Құран сүрелерінің қасиеті жайлы
Қасиетті Құран Кәрімнің әрбір сүресінің өзіндік тарихы, қадір-қасиеті бар. Мәселен Құранның алғашқы сүресі - Фатиханы үнемі оқитын адамның бұл дүниедегі және ахиреттегі дұға-тілектері қабыл болады делінген. Құралай Сұлтанбекқызының islam.kz сайтына жарияланған "Мүбәрак 114 сүренің қасиеттері" жазбасында әрбір сүренің маңызына тоқталып өткен. Мысалы:
- әл-Бақара сүресі (Сиыр), 286 аяттан тұрады. Бұл сүрені оқушы адам жаманшылықтар мен дуадан аман болады.
- Әли Имран сүресі (Имран жанұясы), 200 аяттан тұрады. Кімде-кім бұл сүрені оқитын брлса, Алла ол пендесіне күтпеген жерден байлық нәсіп етеді.
- ан-Ниса сүресі (Әйелдер), 176 аяттан тұрады. Ерлі-зайыптылардың ара қатынасын жақсартады. Отбасында бірлік пен татулықты арттырады.
- әл-Мәида сүресі (Асқа толы дастархан), 120 аяттан тұрады. 40 рет оқыған жанға Алла Тағала мол рызық, несібе нәсіп етеді.
- әл-Ән'ам сүресі (Шаруа малдары), 165 аяттан тұрады. 41 рет оқыған адамның тоқтап тұрған ісі алға басады.
- әл-А'раф сүресі, (Биік тосқауылдар) 206 аяттан тұрады. Ақырет азабынан қорғайды.
- әл-Әнфал сүресі (Соғыс олжалары), 75 аяттан тұрады. Жазықсыз қамалып отырған жан 7 рет оқитын болса, Алланың қалауымен қамаудан құтылады.
- ат-Тәубә сүресі (Тәубеге келу), 129 аяттан тұрады. 17 рет оқыған адамның бүкіл мұқтаждықтары жойылады.
- Һуд сүресі (Һұд пайғамбар), 123 аят: Судағы адам оқитын болса, судан келетін қауіп-қатерден аман болады.
- Жүсіп сүресі (Жүсіп пайғамбар), 111 аяттан тұрады. Бұл сүрені үнемі оқып жүрген адамның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы жақсарады.
- ар-Ра'д сүресі (Күннің күркіреуі), 43 аяттан тұрады. Жылаған балаға оқылса, ол бала жылауын тоқтатады. Сонымен қатар, жын-шайтандардың зияндығынан аман болады.
- Ибраһим сүресі (Ибраһим пайғамбар), 52 аяттан тұрады. Ата-ананың разылығын алу нәсіп болады.
- әл-Хижр сүресі (Хиджр), 99 аяттан тұрады. 3 рет оқыған адамның саудасы берекетті болады.
- ан-Нахл сүресі (Аралар), 128 аяттан тұрады. 100 рет оқыған адам ізгі мақсаттарына қол жеткізеді.
- әл-Исра сүресі (Түнгі сапар), 111 аяттан тұрады. 7 рет оқыса, арандатушылардың, өсекшілердің, көре алмаушылардың зиян келтіруінен қорғалады.
- әл-Кәһф сүресі (Үңгір), 110 аяттан тұрады. Жұма күні бір рет оқыса, келесі жұмаға дейін барлық бәлелерден және ақырет фитнасынан аман болады.
- Мәриям сүресі (Мәриям), 98 аяттан тұрады. Егер адам 41 рет оқыса, кедейліктен арылады.
Құран сүрелері жайлы қызықты ақпараттар
- Құран Кәрімде 114 сүре бар.
- Құрандағы ең қысқа сүре - "Кәусар" сүресі. Ол үш аяттан тұрады.
- Ең ұзақ сүре - "Бақара" сүресі. Ондағы аят саны - 286. "Бақара" сөзі араб тілінде "Сиыр" деген мағынаны білдіреді.
- "Тәубе" сүресі "Бисмиллә" сөзімен басталмайды.
- Құран аяттары жер бетіне 23 жыл бойы түсірілген.
Мұсылман қауымының әрбір әрекеті әдеп пен дұғалардан тұрады. Құран аяттары негізінде ықшамдалып жазылған "Мұсылман қорғаны" жинағынан күнделікті өміріңізге қажет дұғаларды оқуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2031342-ar-musylman-biluge-tiis-en-tanymal-zane-manyzdy-sureler-zinagy/