Махаббат жасқа қарай ма: өзінен үлкен не кіші жанға ғашық болған әйгілі ақындардың махаббат хикаясы
Жарияланған күні:
Ақынның жан-дүниесі қай кезде де сезімге толы. Махаббат деген алып күш сөз зергерінің рухын көкке көтеріп, шоқтығы биік туындылардың жарыққа шығуына сеп болып жатады. Бұл жазбамызда ақындардың бастан кешкен махаббат хикаялары жайлы айтамыз.
Сұлтанмахмұт Торайғыров ғашық болған бойжеткен
Нәзік дауыс, әнге ұста,
Разы шат тұрмысқа.
Жұғымды мұндай бала жоқ,
Бұл маңайда, бұл тұста.
Асырауға көнеді,
деп көңілім сенеді.
Қандай ұрық ексең де,
Сөзсіз жеміс береді.
Именетін кез келіп,
Жаттығы жоқ адамға.
Оқығанға кез келіп,
Түсінсе еді заманға.
Орыс, ноғай қыздары
Қалар еді табанда.
Бұл өлең жолдарын небәрі 27 жасында жасындай жарқ еткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Мәлике есімді қызға арнап жазған. Ол кезде Мәлике сұлудың жасы 12-де болған деседі. Мәликеге ашық көңілін білдірген ақын "М…-ға", "Ақ сәуле" сынды өлеңдер жазған.
stan.kz сайтында жарияланған "Сұлтанмахмұт ғашық болған ару кім?" деп аталатын жазбада ақынның ғашығы жайлы мынадай мәлімет берілген:
Ақынның Мәлике қызға деген ғашық көңілі жайлы Ермек Өтебаевтың жазбасында былай делінеді:
Сұлтанмахмұт айлы кештерде Шідертінің жағасында серуен жасағанды ұнатқан.
Оны білетіндер ұйқысынан оянған сұңқардай бойын түзеп, көзін жайнатып, ойынан тез айығып, сергитін деп сипаттайтын.
Сол Шідертінің жағасында бір түні кейіпсіз, реніш, қайғылы халде болды. Ол жайт Мәликеге байланысты еді. Көп ашылып сөйлемей, туысы Шәйбайдың: – Саған бүгін не ой түсті?
Ауырамысың, неге ренжідің? – дегеніне: "Сен білмейсің, жан қимақ пен жар қимақ бірдей-ау өзі", - деп тағы үндемеді.
Біраздан кейін: "Мақал деген – көптің ұнатқан сөзі. Халық айтса, қалт айтпайды. Бұл бір өзгермейтін шындық-ау өзі. "Көз – көңіл айнасы" дейді, жан мен жүректің айнасы деп неге айтпады екен?" - деп тағы ойға кетті.
– Мен, - деді, бұл дертімнен жазылмайтыныма көзім жетеді, ақыры мені алады ғой. Бұл туралы көп брошюралар оқыдым. Сондықтан бүгіннен бастап Мәликені алмасқа бел байладым. Бекіндім, - деді де: – Сен Мәликенің көзіне бір қарап көрші?!
Көзі қандай ашық, қандай терең сырлы, күлкісі қандай таза, жаны қандай таза, - деп Мәликенің әр түрлі өзгеше жайын айтып мақтай түсті.
– Бір жақсы адамға кездесіп, бақытты жасаған күнін көрсем, жаным жай табар еді. Неге көрдім, неге сүйдім, неге күйдім, неге қидым? Амал не қимағанмен, менен не бақыт табады?
"Маған тиіп, менен айырылып қалса, оның жаны мәңгі қасіретте қалмай ма? Онда Мәликелік заты жоғалады ғой. Қой, ол бақытты болсын! - деп өз шешімін бекіткен" - дейді.
massaget.kz порталында жарияланған А.Оралқызының "Құлай сүйген ақындар" жазбасында әлем әдебиетінде ерекше орын алатын ақындардың махаббат хикаялары былай бейнеленген:
Лермонтовтың махаббаты
Варвара Александровна Лопухина – орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтовтың өмірлік махаббаты. Ақын 1831 жылы Алексей есімді досының қарындасы Варенькамен танысқан соң оған ғашық болады.
Варенька ауылда өскен, романдарды сүйсіне оқуының арқасында тым қиялшыл, нағыз поэтикалық бойжеткен еді. Қою қара көзді, сары шашты көрікті қыз ақынның жүрегінен өшпес орын алды. Осындай сұлулықтың қасында Лермонтов өзін сұрықсыз адамдай, оғын лайық еместей көретін.
1832 жылы ақын сүйгенінің деңгейіне жетерліктей даму мақсатымен Петербордағы юнкерлер мектебіне оқуға аттанады.
Осы кезде қос ғашықтың арасындағы байланыс үзіліп қалады. Лермонтовтың кеткенін пайдаланып Вареньканың ата-анасы үгіттеді ме, әлде біреулер ақынның қалада өзге қыздарға көңілі ауып жүргенін жеткізді ме, әйтеуір, Варенька сол уақытта өзінен әлдеқайда үлкен кісіге тұрмысқа шығып кетеді.
Мұндай қадамды сүйгенінің опасыздығы деп қабылдаған ақын жігіттің қатты көңілі қалады. Алайда Лермонтов бала махаббатын ұмытқан емес, Лопухина образы оның шығармашылығында үнемі кездесіп отырады.
Дантенің махаббаты
Дворян әулетінен шыққан италиялық ақын Данте Алигьери жасынан теология, философия, астрономия, орта ғасырлық схоластика сынды ғылым салаларын зерттеумен шұғылданды. Әлем әдебиетінің жақұты саналатын “Құдіретті комедия” поэмасының авторы осы Данте.
Бірақ Дантенің есімі оның туындыларынан бұрын, ақын ессіз сүйіп, өмір бойы жырлап өткен Беатричеге деген пәк сезімімен барша жер-жаһанға танымал.
Әр күнін Беатриче деп атырған ақын өз ғашығымен бар болғаны 2 рет ғана тіл қатысып сөйлескен екен. Оны алғаш 9 жасында көрген кезде Беатриче сүп-сүйкімді қыз болды. Кейін есейіп, хас сұлуға айналды. Сөйлеспесе де, Данте оны жиындарда жиі көріп тұратын. Оған сыртынан сүйсінумен болатын. Бірақ, ақ арманы өзгемен отау құрып, мәңгілік сағыныш боп қала берді.
Данте ер жетіп, Флоренцияның саяси өміріне белсенді арала бастады. Көпестердің мүддесін қорғайтын «ақтар» партиясында болды. Күрес нәтижесінде қала дворяндарының партиясы, яғни, «қаралар» ақтарды жеңеді де, Дантені отқа өртеу, дүние мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарады.
Осы себепті, Данте тұрақты мекенінен кетіп, бүкіл Италияны шарлайды. Өмірінің соңғы 6 жылын Ровеннада өткізеді.
Алдынан қандай тағдыр күтіп тұрса да, Данте Беатричені ұмытпады. Санасы мен жүрегін жаулаған жанға жыр арнаумен өмірден өтті.
Петрарканың махаббаты
Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілі, италиялық ақын Франческо Петрарка мен Лаура есімді арудың арасындағы сезім ұлы махаббаттың көрінісі іспетті.
Петрарка өзі сүйген аруға ешқашан жақын жүрмесе де, оған деген ыстық сезімін өмір бойы аялап өткен. Оның Лаураның өмірі мен өліміне арналған сонеттері, канцондары, балладалары мен мадригалдарының барлығы "Ән кітабы" жинағында жарияланған.
Ақын Лаурамен сәуір айының шуақты күндерінің бірінде Әулие Клара шіркеуінде жолығады. Тағдырдың жазуымен 21 жыл өткеннен кейін, дәл сол күні Лаура өмірден өтеді. Петрарка сүйгенімен тек бірнеше рет жолыққан. Олар тіпті тілдесіп көрмеген. Өмір бойы жырлап өткен ғашығы өзгемен отау құрған әрі 11 баланың анасы болған екен.
Жауапсыз махаббат жас жігіттің жүрегін жегідей жеп, мұндай азапқа төзе алмаған Петрарка жан жарасын жазудың жолын іздеп ел кезіп кетеді.
Гетенің махаббаты
М.Дубинскийдің әйгілі "Ұлы адамдардың өміріндегі әйелдер" атты кітабындағы деректер мен оқиғаларға негіздеп Нұрғали Ораз жазған әдемі мақаланы назарыңызға ұсынамыз:
Тәңірдің ықыласы түсіп, көзі тірісінде-ақ көл-көсір бақытқа кенелген ақын – Гете! Өзгелер үшін қатал да қайырымсыз тағдыр оған келгенде күле қарап, басынан сипап, үнемі еркелетіп отырған сияқты.
Оның ең алғашқы махаббаты Гретхен есімді бір сұлу бойжеткен еді. Ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің айтуынша ол бозбала Гетенің қиялынан туған поэтикалық бейне болуы да мүмкін. Десе де, Гретхен жайлы ақынның өзі айтыпты деген мынадай қызық әңгіме де бар:
Бірде Гете өзі секілді бір топ көңілді жастардың ортасына тап болып, біраз күн сауық-сайран құрыпты. Олар біреудің үйлену тойына, біреудің жаназасына арнап өлең шығарып бер деп қиылған кезде бозбала ақын жаңа достарының көңілін қалдырғысы келмей, табан астында бұрқыратып жазып та жіберген көрінеді. Әрі сол достарының арасындағы Гретхен деген ақ сары қызды ұнатып та қалса керек.
Бір күні Гете түн ішінде үйге қайтуға қатал әкесінен қаймығып, әлгілермен бірге таң атқанша жүреді. Есі кеткенше думандатқан қыз-жігіттердің көзіне ұйқы тығылып, қалғып-мүлги бастағанда Гретхен Гетенің иығына басын сүйеп, ұйықтап кетіпті. Бозбала ақын өзінің сүйіктісін оятып алмайын деп, сол отырған орнында қыбыр етпеген көрінеді.
Ертеңіне екеуі қол алысып, бірін-бірі қимай қоштасады. Өкінішке қарай, бұл олардың алғашқы да ақырғы кездесуі екен. Өйткені, әлденеден сезіктенген полиция бұл топты қамауға алады. Сөйтсе, Гетенің дос болып жүрген қыз-жігіттері көлденең табыс табу үшін жасанды вексельдер жасаумен айналысады екен ғой.
Тергеуде Гретхен "Гетені қашаннан бері білесіз? Онымен қарым-қатынасыңыз қандай?" деген сауалдарға: "Ол әлі бала ғой. Мен оны туған інімдей жақсы көремін", - деп жауап беріпті.
Бұл сөзді он бес жасар Гете көңіліне аса ауыр алып қалғанға ұқсайды. Содан қайтып ол Гретхеннің маңына жоламай кетіпті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2032223-maxabbat-zasqa-qarai-ma-ozinen-ulken-ne-kisi-zanga-gasyq-bolgan-aigili-aqyndardyn-maxabbat-xikayasy/