Мұсылманша жыл санау: маңызы мен мәні
Жарияланған күні:
Мұсылмандардың жаңа жылы 622 жылдың шілде айынан басталды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударған сәттен бастап мұсылман күнтізбесі пайда болды. Бұл жазбамызда мұсылманша жыл санаудың мән-маңызына тоқталып өтеміз.
Хижра дегеніміз не?
Хижра сөзi араб тiлiнде "көшу", "қоныс аудару" деген мағыналарды бiлдiредi. Хижра жылының Ислам тарихында өзiндiк ерекше орны бар. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің ihsan.kz сайтында жарияланған "Мұсылманша жыл басы қай айдан және қашан басталады?" мақаласында мұның төркіні Пайғамбар дәуіріне тірелетіні жазылған.
Хижра есебін ардақты Пайғамбарымыз дүниеден өткеннен кейін бес жылдан соң халиф Омар жазып шығарған. Бұл шамамен 637 жыл болатын.
Бекен Қайратұлының "Мұсылманша жыл санау" жазбасында біздің жыл санауымыз бойынша 622 жылғы 16 шілде қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келгені айтылады.
Мұсылмандар неліктен Ай күнтізбесіне жүгінеді?
Күн санауды Ай өлшемі бойынша жүргізу қасиетті Құран Кәрімде үкім етілген. Бұған "Тәубе" сүресінің 36-аяты дәлел бола алады:
"Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны - он екі", - делінген.
Мұсылман күн санауына қатысты мына хадисті мысалға келтіруге болады:
Имам Бұқаридің хадистер жинағында: Сахаба Заид ибн Амрден естіп, Абдулла ибн Омар риуаят еткен хадисте Пайғамбардыі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айды 29 немесе 30 күнмен өлшеп есептеген дұрыс дегені айтылады.
Бекен Қайратұлының "Мұсылманша жыл санау" мақаласында мұсылман жыл санауы мынадай реттілікпен көрсетілген:
Мұсылман жыл санауы бойынша әрбір 30 жылдың он бірі 355 күннен, қалған он тоғызы 354 күннен тұрады. Нәтижесінде хижра жылының ұзақтығы (354х19+355х11)/30 354,37 тәулік болады. Бұл есеп григориан күнтізбесінен 11 күнге кем, сол себептен де хижраның 34 жылы григорианның 34 жылына тең шығады.
11 күндік айырмаға байланысты ораза күндері жыл сайын өзгеріп тұрады. Дегенмен мұсылман күнтізбесі асқан дәлдігімен ерекшеленіп, 30 жылда 0,012 тәулікке ғана ауытқып отырады. Бұл 2500 жыл өткенде жыл басы 1 күнге ғана жылжитынын білдіреді.
Мұсылман күнтізбесіндегі ай атаулары қандай?
- Мұсылман күнтізбесі бойынша жыл басы Мұхарам айынан басталады. Бұл - Алланың қасиетті деп атаған төрт айының бірі. Мағынасы "харам", "болмайды" дегенді білдіреді. Мұхарам айында соғысуға болмайды және бұл айда Ібіліске жаннат харам етілген.
- Сафар айы "суфрун" сөзінен шыққан. Қазақ тілінде "сары, сарғаю" деген мағынаны білдіреді. Ең алғашқы Сафар айы күз мезгілімен тұспа-тұс келген. Жер беті сары алтынға оранған соң бұл айға осындай атау берілген. Сафар айының басында, ортасында, соңында үш күннен нәпіл ораза ұстауға болады.
- Рабиғ әл-әууал айы. Алланың соңғы Елшісі ардақты Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы айда дүниеге келген. Кейінгі жылдары Пайғамбардың туған айы ретінде "Мәуліт мерекесі" тойланып жүр. Бұл айдың атауы "Бірінші көктем" деген мағына береді.
- Мұсылман күнтізбесіндегі төртінші ай — Рабиғ әс-сәни айы немесе "Екінші көктем" деп аталады.
- Жумада Әууәл айы — жаздың бірінші айы, яғни, аударғандағы мағынасы — шөлді жердің бірінші айы. Мұсылман күнтізбесі бойынша бесінші ай.
- Жумада Ахир айы — мұсылмандардың алтыншы айы. Бұл айда Пайғамбардың қызы Фатима дүниеден өткен.
- Ережеп айы. Рәжәп айы - қасиетті төрт айдың бірі. Бұл айда исламға дейін де, кейін де соғыс болмаған. Соғысуға болмайтын ай. Қазақ тіліне аударғанда "Сыйластық" деген мағынаны білдіреді.
- Шағбан айы. Пайғамбарымыздың "Шағбан — менің айым, Ережеп — Алланың айы, Рамазан — үмбетімнің айы" деген хадисі бар. Шағбан айының он бесінші жұлдызында қасиетті Бәраат түні болады.
- Қасиетті Рамазан айы. Бұл ай күллі мұсылман үшін берекелі ай. Сауаптар еселенетін бұл айда мұсылман қауымы таңнан кешке дейін ауыз бекітіп, Аллаға құлшылық етеді. Рамазан айында қасиетті Қадір түні жасырылған.
- Шәууәл айы. Бұл айда алты күн ораза ұстаған адам бір жыл ораза тұтқанмен тең сауап алады.
- Мұсылман күнтізбесінің он бірінші айы Зулқағда деп аталады. Бұл ай да Алланың қасиетті деген төрт айдың бірі саналады.
- Зулхиджа - жылдың соңғы айы болып есептеледі. Бұл - мұсылмандардың Меккеге қажылық жасайтын қасиетті айы.
Қазақ халқы мұсылман күнтізбесін қалай қолданды?
Тарихи шежіре жанрының алғашқы үлгісі саналатын Қадырғали Жалаиридің "Шежірелер жинағында" ай атаулары мұсылманша нұсқада берілген. Мысалы, Ражаб, Сафар, Зұлқыжа.
Махмұд Қашғаридің "Диуани лұғат ат-түрк" түркіше-арабша сөздігінде де ай атаулары мұсылман күнтізбесі бойынша жазылған.
Тоқтамыс хан жарлықтарын мұсылманша жыл санау бойынша қалдырған деген дерек бар.
Хижра күнтізбесі бойынша қазір 1445 жыл, сафар айы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2033042-musylmansa-zyl-sanau-manyzy-men-mani/