Қауіп-қатер, дұшпанның айласы, қорқыныш: түске жылан кірсе не болады
Жарияланған күні:
Әлемнің түрлі елінде түс жоруға қатысты түрлі жорамал бар. Осыған орай, түске жылан кірсе не болады, деген сауалға жауап іздеп көрдік.
Қазақ халқы түске жыланның кіруін немен байланыстырған?
Қазақ басылымдарының әрі қазақ халқының түске жыланның кіруіне қатысты болжамдарын зерттеп көрдік. Мәселен Massaget.kz сайтында қазақ халқының жыланды көруге қатысты болжамдары ұсынылған. Онда жарияланған Н. Үсенованың "Түсіңде жылан көрсең не болады?" деген материалында қазақ халқында жыланды қалай атағаны туралы мынадай қызық дерек келтіріледі:
"Әдеби ұғымда жыланды жауыз, жексұрын бейнесінде суреттейді. Қазақтың ертегі-аңыздарында "жылан ордасы", "жылан патшалығы" деген аңыздар мен мысалдар көп. Қазақтың әдеби тілінде "жыланды үш кессе де, кесірткелік әлі бар", "жыланға түк біткен сайын қалтырауық", "жылан шаққан ала жіптен аттамас", "жағыңа жылан жұмыртқаласын", "жылан жалағандай тап-тақыр", "торғай жұтқан жыландай", "оқ жыландай атылды", "айыр тілді жыландай", "жылан тіл, жылан сөз, жылан көз" деген сөз тіркестері бар.
Қазақ жыланның еркегін – қожыр бас, ұрғашысын – майда, баласын – иіртек деп атайды. Түсіне қарай "шұбар жылан", "сұр жылан", "ақ жылан", "көк жылан", "сары жылан", "қоңыр жылан", "ала жылан", "тарғыл жылан", "кер жылан", "жасыл жылан", т.б. атап жатады. Ал түске кірген жылан кейде жағымды, кейде жағымсыз болып жорылады", - дейді мақала авторы.
Одан бөлек, аталған мақалада қазақ халқының түске жылан кіруге байланысты мынадай болжамдары ұсынылады:
1.Түсіңізде жылан жолыңды кесіп өтсе...
Бұл түс – жақсылықтың нышаны емес. Алда қауіп-қатер барын ескертеді. Жауыңыз артып, жолыңыз болмауы мүмкін. Мұндайда жоғарыда айтылған нанымды орындап, "жаман түсімді жыланға көшір" деп сұраған.
2. Түсіңде жылан қуып жүрсе, оралып алса, не шағатын болса...
Бұл түс те қауіп-қатердің белгісі. Дұшпандардың торына түсуіңіз мүмкін. Түсіңізді дуалы ауызды адамға жорытып, оған садақа беріп, түс баяндарыңызды құпия ұстағаныңыз жөн.
3. Түсіңізде жылан босағада немесе шаңырағыңызда салақтап тұрса...
Мұндай түс көргендер үшін де қауіп-қатер бары ескертіледі. Түсіңізді иманды адамға жорытып, түс садақасына қара түсті нәрсе беріп, жөні болса құдайы тамақ жасаңыз.
4. Түсіңізде жыланды өлтірсеңіз...
Бұл – жақсылық нышаны. Онда өңіңізде беделіңіз өсіп, дәулетіңіз артып, бақ жұлдызыңыз жанады. Түсіңізді анаңызға жорытыңыз.
5. Түсіңізде ақ жылан көрсеңіз...
Онда дұшпаныңыз мұсылман болуы мүмкін. Иман келтіріп, жақсы тілек тілеп, ақ ниет қылсаңыз жолыңыз жақсылыққа ашылып, ол дұшпаныңыз қайтадан досыңызға айналады.
6. Түсіңізде жылан сізге зиян-зақым қылмаса...
Бұл түс – жақсылық нышаны. Түсіңізді анаңызға жорытып, ақ түсті нәрседен садақа бергеніңіз оң болады.
Сонымен бірге түсіңізде жылан көрсеңіз ауырып қалуың, досыңның опасыздығына кезігуің мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ қазақ халқы түске жылан кірсе, арам әйелдерден сақтану керек деп болжайды. Ал жыланның ерекше түрін көрсең қуаныш пен байлыққа кенелесің деген жорамал бар.
Түске жылан кіргенде жамандықтың алдын қалай алуға болады?
Қазақ халқы одан бөлек түсте жылан көргенде, жамандыққа жорып жатса, одан арылудың да жолын қарастырған. Мысалы Turkistan.kz басылымында, Зердебек Темір "Түсімде жылан көрдім: бұл ненің белгісі?" атты мақалада, түсте жылан көрсеңіз, жамандықтың алдын алудың бірнеше жолын ұсынады. Автор, бұл ретте "Қазақы түс жору" кітабына сүйенген. Осылайша, зерттеу авторы олардың ішінде жыланға қатысты ең маңызды үш түске тоқталады.
1. Бірінші түс.
"Сіз түсіңізде жылан көрсеңіз, ол жылан сіздің жолыңызды кесіп өтіп бара жатса, бұл – жақсы түс емес", - дейді автор. Оның сөзінше, бұл өңіңізде қауіп – қатер бар деген сөз. Жолыңыз болмай, жұмысыңыз оңбай, тіршіліктен тарығып, несібеден зарығып қалуыңыз мүмкін. Қайда барсаңыз да өзіңізге қастас адамдар алдыңыздан қарсы шығып, жұмысыңызды тосып тастауы әбден мүмкін екен. Автор осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін, мынадай ырым-жоралғаны жасауға кеңес береді:
"Сондықтан түсіңізді көшіріңіз. Оның әдісі мынау: түс көріп оянған күні таңертең иман келтіріп, Алланы еске алып, дәрет алып, жуынып болған соң, бір шұбар жылан реңді шүберекті бойыңызбен бірдей етіп жыртып алыңыз да, оған бір уыс дән байлап, оны денеңізден үш рет айналдырып, "жаман түсімді жыланға көшір" деп, түйген дәнді құстарға шашып, шүберекті үйден аулаққа апарып, ақ тамызып, өртеп, күлін желге ұшырып жіберсе, "жылан бейнесінде көрінген жамандық" көз жазын айдалаға қаңғып кетеді".
2. Екінші түс
Сіз түсіңізде жылан көрсеңіз, ол жылан сізді қуып жүрсе, денеңізге оралып алса, не шағып алса, бұл – жақсы түс емес.
"Онда өңіңізде дұшпандарыңыздың торына түсесіз. Түсіңізді дуалы ауызды адам тауып жорытып, оған садақа беріп, түс баяндарыңызды жасырын ұстағаныңыз жөн. Жөні болғанда, түсіңізді көшіріп жіберіңіз", - дейді автор.
3. Үшінші түс
Сіз түсіңізде жылан көрсеңіз, ол жылан босағаңызға оралып жатса, не шаңырағыңызға шығып салақтап тұрса, бұл –жақсы түс емес. Онда өңіңізде шаңырағыңызға қауіп-қатер төнеді.
"Бәлкім, қара түнде, қара шайтан жылан бейнесіне еніп, сізді қорқытып, түсіңізге кіріп жүрген сол болар. Түсіңізді иманды адамға жорытып, түс садақасына қара түсті нәрсе беріп, жөні болса, құдайы тамақ беріп, шаңырағыңыз бен босағаңызға ақтық байлап, сақтанған жөн", - дейді автор.
Oinet.kz сайты түсте жылан көру жөнінде, тағы бір мынадай қызықты деректерді ұсынады:
- Түсте жылан көру - қорқыныш, үрей, уайым.
- Егер жылан биік жерге шықса - қуанышты жаңалық болмақ.
- Жыланның биік жерден түсуі - сыйлы адам о дүниелік болады.
- Жылан оралып қалса - шын көңілден ғашық болғаныңыз.
- Егер түсіңізде жылан сөйлесе - дұшпанының жақсылығын көресіз.
- Жылан шақса - ауру, дұшпаннан келетін зиян.
- Жылан, шаян секілді улы жәндіктерден үрку - дұшпаннан келетін жамандық.
- Жыланның алдыңғы екі аяғын көру - бақытты болу, бағы жану дегенді білдіреді.
- Жыланды өлтіру - тығырықтан шығу, ренішті ұмыту.
- Ақ жыланды көрсеңіз - тосыннан көмек болады.
Ежелден түрлі елдерде түсте жылан көруге қатысты түрлі болжамдар сақталған. Қазақ халқында да түсте жылан кіруге қатысты өз болжамдары бар. Түске сену немесе сенбеу - әр адамның өз шешімі. Десе де халық даналығына құлақ түріп, кейде түске қатысты ырым-жоралғыларды жасап тұрғаныңыз жөн екенін ұмытпаңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2034339-qauip-qater-duspannyn-ailasy-qorqynys-tuske-zylan-kirse-ne-bolady/