Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қош келдің, алтын күз!": балаларға арналған күз туралы жеңіл жатталатын тақпақтар

Жарияланған күні:

Күзгі бақшада ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет
Күзгі бақшада ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жадыраған жаз мезгілі аяқталып, сары алтын күз басталды. Күз маусымында еліміздің көптеген білім орта білім беру мекемесінде "Алтын күз" мерекесі өтеді. Осыған орай назарларыңызға күз туралы балаларға арналған тақпақтар топтамасын ұсынамыз.

Күз мезгілінде табиғат ерекше түрленіп, көптеген ақын дәл осы мезгілге арнап жыр шумақтарын шығарып жатады. Олардың кейбірінде лирикалық сарын байқалса, енді бірі тілге жатық, жатталуға оңай стильмен жазылады. Төменде балаларға арналған, тез әрі оңай жатталатын күзге арналған тақпақтар топтамасын ұсынамыз.

*** Келді міне күз, Айнала сары түс. Керемет, тамаша, Қандай әсем күз.

Жеміс - жидек пісті, Қамбаға астық түсті. Қызу жұмыс басталып, Жинап алды жан салып.

Көктен көзін бір алмай, Қызғылт тартты кәрі құз... Жер қызығын қия алмай, Маужырап тұр сары күз...

***

Думан толы асқарлы Күз мезгілі басталды. Күз әуені кеп жетті, Әнге бөлеп жастарды.

Нұрға бөлеп өмірді, Жырға бөлеп көңілді, Жарқыраған сәулелі Күз әуені төгілді.

Жұлдыз туып таң алды, Әнге орап ғаламды, Сазды әуен шаттыққа Бөледі бар адамды.

Әуенге еріп сиқырлы, Айтылды ән боп сыр қилы. Күзгі әуен жастардың Жүрегіне нұр құйды.

Нұрға бөлеп өмірді, Жырға бөлеп көңілді, Жарқыраған сәулелі Күз әуені төгілді.

Жапырақпен ойнап отырған қыз. Көрнекі сурет
Жапырақпен ойнап отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

*** Дым бүркіп, тұман басталып, Қарғалар шулап топтанса. Үлкендер шаруа басқарып, Ауылдан сыртқа аттанса.

Жайқалса шетте шоқ қамыс, Желбіретіп үкісін. Қызғыш жоқ, кұс жоқ, жоқ таныс, Көл беті тыйса күлкісін.

Ауылдың малы өрістеп, Жайырақ шықса манаурап. Оқыранып, жер иіскеп, Байлауда тұрса жарау ат.

Егістік жақтан Даладан, Естісең мотор гүрілін. Астықты керуен қалаға, Ағылып жатса күн ұзын.

***

Қоңыр салқын тарады Қойнаулар мен сайлардан, Қаздар қайтып барады, Қайтқан елдей жайлаудан.

Соңғы шуақ төгіліп, Жалқынданып тұр аймақ. Ақ сәулеге шомылып, Жапырақтар жүр ойнап.

Күзгі бақтағы анасы мен балалары. Көрнекі сурет
Күзгі бақтағы анасы мен балалары. Көрнекі сурет: pixabay.com

***

Қарашы күз келді, күз келді Жапырақ жауыпты іздерді. Құс біткен керуен тізеді, Қара бұлт қабағын түйеді.

***

Алтын, сары, қызыл, көк, Алуан – алуан жапырақ. Күзгі бақта күлімдеп, Көз тартады атырап.

***

Жердің көркі қашады, Таулардан бұлт асады. Қайтып күннің қызуы, Шөпті қырау басады. Мүлгиді сай - саламыз, Біздің жомарт даламыз. Дәнін жинап алған соң, Жатыр үнсіз сары аңыз Ызғарлы жел қатайды - Мұны күз деп атайды.

Күзгі бақтағы әткеншек. Көрнекі сурет
Күзгі бақтағы әткеншек. Көрнекі сурет: pixabay.com

Алтын күзге арналған балалар тақпақтарының бүлдіршіндер үшін тез жатталуы маңызды. Сондықтан төмендегі тақпақтар балабақша бүлдіршіндеріне арналады:

Алақай! Алақай! Шаттанды балақай! Күз түсті, дән пісті. Айтамыз алғысты.

* * *

Қамба толды астыққа Алғыс саған алтын күз. Бір уыс дән шаштық та, Қап - қап қауын алдық біз.

* * *

Көк майсалы көрікті Алқаптағы көп егін Бұл күндері киіпті Сары жібек көйлегін.

Жел тынымсыз гуілдеп, Болып кетті тым бұзық. Шуылдайды тал, терек, Жапырағын жұлғызып.

Күзгі орман және бүлдіршін. Көрнекі сурет
Күзгі орман және бүлдіршін. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ әдебиетіөкілдері арасында да күз мезгіліне арналған өлеңдер топтамасы да аз емес. Солардың бірқатарын назарға ұсынамыз:

Алтын күз бірде шуақ, бірде салқын, Жер мен көк жалтыраған сап-сары алтын Ағашта жапырақтар сылдырлайды, Төгілген алтын теңге сансыз жалқын.

Сары алтын батсайыдай дала мидай, Үйілген мая-мая қызыл мидай Қырманда қызыл алтын, қызыл маржан, Жайнайды жаратылысберген сыйдай.

Сәкен Сейфуллин

***

Сарғайды тоғай, Сап-сары маңай. Соңғы әнін айтып, Құс кетті қайтып.

Айнала жым-жырт, Көк аспан сұрғылт. Жер жыртқан тыңда Трактор қырда.

Жапырақ ұшты, Суық та түсті. Сонда да бізге, Қызық көп күзде.

Мұзафар Әлімбаев.

***

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан. Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай, Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай. Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп, Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

Біреу малма сапсиды, салып иін, Салбыраңқы тартыпты жыртық киім. Енесіне иіртіп шуда жібін, Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.

Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен, Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен. Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы, Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең, Көңілсіз қара суық қырда жүрсең. Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң, Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.

Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы. От жақпаған үйінің сұры қашып, Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.

Абай Құнанбаев

Қолшатыр астындағы балалар. Көрнекі сурет
Қолшатыр астындағы балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2034758-qos-keldin-altyn-kuz-kuz-turaly-balalarga-arnalgan-taqpaqtar/