2023 жылғы ретроградтық Юпитер: қашан болады және нені ескеру керек
Жарияланған күні:
Күн жүйесіндегі ең үлкен әрі жомарт планета үлкен тосын сый дайындағалы тұр. Юпитер қашан ретроградтық кезеңге өтеді және ол адамдарға қалай әсер етеді? Ғаламшар болжамын астролог Челси Джексон құрастырды.
2023 жылғы ретроградтық Юпитер кезеңі және оның шығу төркіні
Күн жүйесіндегі планеталар өз орбитасымен батыстан шығысқа қарай Күннің артында қозғалады. Белгілі бір кезеңдерде жағдай өзгеріп, шегіну немесе ретроградтық қозғалыс кезеңі басталады. Starwalk.Space басылымы планеталардың шығыстан батысқа қарай көрініп жылжуын ретроградтық қозғалыс деп атайды. Бұл жағдайдың негізгі себебі қозғалыс жылдамдығының айырмашылығымен байланысты.
Юпитер Жердің осінен асатын барлық планета сияқты өз траекториясы бойынша біздің планетамызға қарағанда баяу қозғалады. Жер Юпитер жанына өткен кезде оның бетінен аспан алыбының қалай домалап жылжығанын бақылауға болады. Мұндай көру иллюзиясын алғаш рет ХVI ғасырда Николай Коперник сипаттағаннан кейін планеталардың ретроградтық күйіне қатысты сұрақтардың жауабы нақтыланды.
2023 жылы Юпитердің ретроградтық кезеңі қашан болады? Astro-Seek басылымының мәліметтері бойынша Юпитер 31 тамызда ретроградтық күйге енеді және 2023 жылдың соңына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін сол күйінде қалады. Юпитердің ретроградтық кезеңі өтпелі және 2024 жылға да әсер етеді. Үлкен ғаламшар саналатын Юпитер 2024 жылдың 5 қаңтарынан бастап тікелей қозғалысқа өтеді. Бүкіл ретроградтық кезең жер белгісі Торпақта болады және 118 күнге созылады.
Юпитер астрологиялық болжамдардың маңызды бөлшегі болып саналады. Ол жеке тұлғаның мәртебесіне, беделіне, сондай-ақ рухани және материалдық жағдайына ықпал етеді. Оған қоса мүмкіндіктер көкжиегін кеңейте алады, жаңа құндылықтарды ашып, күнделікті дүниелерге басқаша көзқараспен қарауды үйретеді.
Юпитер адам өмірінің мына салалары мен аспектілеріне әсер етеді:
- Әлеуметтік сатымен жоғары көтерілу.
- Кәсіптегі сәттілік.
- Қолдау және көмек көрсету.
- Рухани өсу.
Юпитер алға жылжуға, ізденуге, жаңа және беймәлім дүниелерді ашуға, тәлімгерлер мен қамқоршылардың қолдауына ие болуға, молшылықта өмір сүруді үйретеді. Ал ретроградтық Юпитер бұл мүмкіндіктерді ығыстырып, өмірдегі жағдайларды тұрақсыз әрі белгісіз етеді.
Астролог Чани Николас Юпитер 12 жыл ішінде алғаш рет Торпаққа еніп, 2023 жылғы ретроградтық кезеңді айрықша маңызды етеді деп түсіндіреді. Астрологиялық мағынада осы бір кезеңнің басқа қандай ерекшелігі бар? Юпитердің ретроградтық кезеңі Күн жүйесінің Меркурий, Венера, Марс, Сатурн, Уран, Нептун, Плутон және Хирон секілді маңызды планеталарының ретроградтық кезеңіне тап келеді. Мұндай шеру метеорит шоуын көрсетіп, 23 қыркүйектегі күзгі күн мен түннің теңелуіне тұспа-тұс келеді.
2023 жылда болатын Юпитердің ретроградтық кезеңі материалдық құндылықтар бойынша төңкеріс әкеледі. Адамдардың басым көпшілігі өздерінің өмір сүру деңгейіне, табысына және жеке әл-ауқатына назар аударады. Бұл тақырыптағы жағдайды талқылау отбасы шеңберінен бөлек қоғамдық үрдіске айналады.
Ретроградтық Юпитердің әсері қандай және қалай әрекет ету керек?
Юпитердің ретроградтық кезеңінде жұмсалған күш-жігер әрдайым нәтиже бермейді. Күнделікті іс-әрекеттерге арналған уақыт көбінесе зая кетеді. Бұл жағдай адамдарды ештеңеге қанағаттанбайтын күйге түсіріп, өзін-өзі табуға және бұған дейін өзіне мән бермеген адамдарға амбициясын мойындатуға деген ұмтылысын арттырады.
Бұл күндер, апталар мен айлар романтиктер мен біреудің есебінен жеңіл өмір сүруді ұнататындар үшін тамаша сергек уақыт болуы ғажап емес. Олар қызғылт түсті көзілдірігін шешіп, өзінің қабілеті мен күш-жігеріне сүйенуді үйренуі керек.
Ретроградтық Юпитердің негізгі салдары:
- Басқа адамдар енгізген жалған стандарттар.
- Мансап жолындағы кедергілер мен іркіліс.
- Оқудағы мұғалімдермен келіспеушіліктер.
- Күмәнді ортаға кіру.
- Шамадан тыс қаржы жинақтау немесе ысырапшылдық.
- Қаражатты дұрыс пайдаланбау, жоғалту.
Юпитердің ретроградтық кезеңінде не істеуге болмайды? Мұраны бөліспеңіз, некеге байланысты алған мүлікке таласып, соттаспаңыз. Өзіңізге және кеңістігіңізге қатысты дүниелерді өзгертуге тырыспаңыз, сыртқы келбетіңіздің кенеттен өзгеруі, жоспардан тыс үй жөндеу жұмыстары және көшу қуаныш пен қанағат әкелмейді. Үйленуге немесе жаңа қарым-қатынас орнатуға асықпаңыз. Іссапарлар санын азайтып, экстремалдық сапарлардан мүлдем аулақ болыңыз. Бұрын жасап көрмеген жобаларды іске асырмаған абзал. Маңызды құжаттарға қол қоймаңыз немесе ауқымды мәміле жасамаңыз.
Ретроградтық Юпитердің әсеріне бой алдыратындардың мінез-құлқында тәкаппарлық пен ашкөздік оянады. Бұл кезеңнен дұрыс өтетін жандар іскер, жинақы, мақсаты айқын адамға айналады.
Юпитердің ретроградтық кезеңі барлық зодиак белгісінің өміріне өзгерістер әкеледі:
- Тоқты жеке қарым-қатынас мәселелерін реттеуге мәжбүр болады;
- Торпақ қаржылық тұрақсыздық кезеңінен өтуі керек және қазіргі күні айналысып жатқан кәсібінде дамитынын немесе бір орында тұрғанын анықтап алуы қажет;
- Егіздер үшін жаңа мүмкіндік көздері ашылады;
- Арыстанның бойында сергектік пайда болады және өмірге оң көзқараспен қарайды;
- Шаянның отбасында түсініспеушіліктер болады;
- Бикеш пен Таразыға тек өздерінің ғана емес, басқа адамдардың да мәселелерін шешіп, сенім мен рухани көзқарасын қайта қарауға тура келеді;
- Сарышаян жаңа жылға дейін өз-өзіне талдау жасайды;
- Мерген айналасын тазартуға мәжбүр болады;
- Тауешкі ақша мәселесінде одан сайын күмәншіл бола түседі;
- Суқұйғыш байсалды, ақылды болады;
- Балықтардың ішкі түйсігі күшейеді және бірқатар белгі өкілдері олардан Юпитердің ретроградтық кезеңінің ауыр энергиясынан қалай дұрыс өту керегі туралы кеңес сұрайды.
Бұл күндердің жағымсыз салдарынан аулақ болу үшін не істеуге болады? Астролог Челси Джексон өмір сүру сапасын төмендететін нәрселерден бас тартуға кеңес береді. Көптеген адамға астрологқа бару, медитация, кез-келген қысылтаяң жағдайға дайын болу және шыдамдылық көмектесетінін айтады.
Есекқырғанның (Юпитер) ретроградтық кезеңі бұл планетаның қарама-қарсы бағыттағы айқын қозғалысы және осы жылдың маңызды астрологиялық аспектісі болып саналады. Ретроградтық күндерден дұрыс өту үшін астрологтардың кеңестерін және өзіңіздің түйсігіңізді тыңдай біліңіз. Соның нәтижесінде Юпитердің ретроградтық кезеңі жеңіл өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2036912-2023-zylgy-retrogradtyq-yupiter-qasan-bolady-zane-neni-eskeru-kerek/