Қыс мезгілі туралы балаларға арналған тақпақтар топтамасы
Жарияланған күні:
Қыс мезгілі - жыл он екі ішіндегі ең суық кезең. Десе де, қытымыр қыстың өзіне тән әдемілігі бар. Ақ ұлпа қар, ақ қырау мен аяз салған өрнектер табиғаттың нағыз шеберлігі іспетті. Қыстың келуін балалар асыға күтеді. Бұл жазбамызда қыс мезгілі туралы балаларға арналға тақпақтар топтамасын ұсынамыз.
Жыл мезгілдері жайлы өлең жолдарын оқығанда ең алдымен хакім Абайдың "Қыс" өлеңі еске түседі. Табиғаттың көрінісін сөз құдіретімен шебер жеткізе білген Абай өлеңдерін білмейтін адам кемде-кем.
Қыс
Абай Құнанбайұлы
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Демалысы — үскірік аяз бен қар,
Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы,
Бет қарауға шыдай алмай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы,
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
Бұрқасын
Сырбай Мәуленов
Жаяу боран бұрқасын
Иір жіпті кідірмей.
Үйір қардың ұлпасын
Аққудың ақ жүніндей.
Тоқымашы ежелден
Құйын, боран екеуің.
Оқалап бір безеңдер
Шыршалардың етегін.
Аяз ұста арқалы
Соқ дамылсыз бүгін де,
Қайың тағар алқаны
Жаңа жылдың түбінде.
***
Қыс
Қадыр Мырза Әли
Әдемі әнші құстар кеп қонатын,
Ауылдың айналасы бақ болатын.
Қыс өзі бүрсеңдеген бала талға
Кигізді үстіндегі ақ халатын.
Алқаптан бір де қара дақ көрінбей,
Ақша қар төңіректі жапты ерінбей.
Әлі де із түспеген әппақ дала
Басталмаған оқушы дәптеріндей.
***
Қыс көрікті
Егеухан Мұқамәдиқызы
Қыс көрікті –
Жауған аппақ қарымен,
Қыс көрікті –
Аяз қысқан кәрімен.
Қыс көрікті –
Аққала мен сырғанақ,
Қыс көрікті –
Күміс қылау сәнімен.
* * *
Жапалақтап,
Жауған аппақ
Қарда шығып ойнаймыз.
Қар уыстап,
Ұрлап асап,
Қызығына тоймаймыз.
***
Ызғары бар,
Сықырлап қар,
Баурап сырнай әнімен.
Аппақ сүңгі,
Моншақ ілді,
Орман мүлгін сәнімен.
Қыс мезгілі туралы тақпақтар
Жердің беті ақ көрпе жамылып, айнала сиқырлы әлем тәрізді көрінетін қыс мезгілінің сұлулығы ерекше. Қыс мезгілі туралы балаларға арналған қандай тақпақтар бар? Ғаламтордағы ашық ақпарат көздерінен қыс мезгілі туралы жазылған тақпақтарды ұсынамыз:
Қыс
Жапалақтап ала қар,
Жауды күнде қайталап.
Қырға шықты балалар
Шаңғыларын арқалап.
Жұлдыз болып ағамыз
Ақ мамықтың үстімен.
Біз спортшы боламыз,
Үлгі аламыз күштіден.
Қуаныштың бүгінгі
Басылмайды ыстығы.
Жылдамырақ жүруді
Үйретеді қыскүні.
***
Аққала
Қар жауғанда топ бала,
Соқтық келіп аққала.
Мұрны сәбіз үп-үшкір
Көзі көмір қап-қара.
Көне шелек басында,
Сыпырғышы қолында.
Мұз айдынды аршуға
Келгендей-ақ ол мұнда.
***
Күн аязды боранды,
Жер ақ қарға оранды.
Жылы жақтан келген құс
Жылы жаққа оралды.
***
Желтоқсанда
Ауыл да аппақ
Дала да аппақ
Қала да аппақ.
Желтоқсанда
Ақ мақтадай
Ақ ұлпа қар
Жауады жапалақтап.
***
Қаңтарда
Қаңтарда қар қалың жауды,
Қар басып қалып бақша-бауды.
Қытымыр аяз қыспаққа алып
Ысқырып, гуілдеп, ақ дауыл болды.
***
Аяз қысып, өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Айтыңдаршы, бөбектерім,
Бұл қай кезде болады?
***
Далада қар борайды,
Ақ мамыққа орайды.
Мұз болады, қатады,
Жып-жылтыр боп жатады.
***
Аяз келді қаһарлы
Айналаны қар жапты.
Ақ тон киіп орман тұр
Дәл атамдай салмақты.
***
Жапалақтап ақша қар
Жауды күнде қайталап
Қырға шықты балалар
Шаңғыларын арқалап.
Жаңа жыл туралы тақпақтар
Жаңа жыл - әрбір баланың асыға күтетін әрі қыс мезгілінің ең әдемі мерекесі. Балалардың кіршіксіз көңілі осы бір мерекеде әлдебір ғажайып болады деп сенеді. Жаңа жыл мерекесіне арналған тақпақтардан да олардың аппақ қардай әлемін көруге болады. Жаңа жыл туралы қандай тақпақтар бар? Бұл ретте bilim-all.kz сайты ұсынған әдемі тақпақтарды ұсынамыз:
Жаңа жыл
Келді тағы жаңа жыл,
Қуантуға біздерді.
Құтты болсын қуаныш
Құттықтаймыз сіздерді!
***
Өлең де әзір, ән де әзір,
Ойын да әзір, бәрі әзір.
Кел, жаңа жыл біздерге,
Кел, жаңа жыл, жаңа жыл!
***
Ән айтамыз, би билейміз,
Біз көңілді баламыз.
Шаршауды біз білмейміз,
Тақпақ айтып, би билеп.
Аяз Атадан сыйлық аламыз.
***
Жаңа жыл, жаңа Жыл,
Жаңа жылға жаңа жыр.
Жасыл шырша жанында
Билеп барлық бала жүр.
***
Шырша, шырша,
Шамдарыңды жарқырат.
Би билейміз, айнала,
Балаларды таңырқат.
***
Жасыл желек жамылған,
Асыл моншақ тағылған,
Miнe, сұлу шыршамыз.
Көптен күтіт, сағынған,
Кел, балалар, келіндер,
Тамашаны көріңдер.
***
Ақ таяғын таянып,
Таңмен бірге оянып.
Аяз ата келіп тұр,
Ақ күпіге оранып.
***
Тамаша, тамаша!
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы
Көз тоймайды қараса.
***
Жүзімізде күлкі ойнап,
Шаттанады жанымыз.
Жаңа жылды біз тойлап,
Шаттанамыз бәріміз.
***
Аппақ тонға оранып,
Базарлықты мол алып.
Келді алыс сапардан,
Аяз ата оралып.
***
Оралдың өлкеме,
Жаңа жыл армысың.
Оранды ақ көрпеге,
Асқар тау, қарлы шың.
Ғалымдар мыңдаған жыл бұрын көктен жауатын әрбір қар қиыршығының бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын дәлелдеген болатын. Табиғат таңғажайып сырға толы. Ал қыс мезгілі жер бетіне төсеген аппақ қарымен ерекше.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2047526-qys-mezgili-turaly-balalarga-arnalgan-taqpaqtar-toptamasy/