Жаңа жыл қарсаңында үйді қалай жинау керек: 8 жылдам әрі тиімді әдіс
Жарияланған күні:
Жаңа жыл қарсаңында үйді тазалау – мереке алдындағы дайындықтың міндетті кезеңі. Үйді жыл алдында қалай тез тазалап, ретке келтіруге болады? House Beautiful және The Simplicity Habit блогы үй жинаудың тиімді әрі жылдам әдістерін ұсынады.
Ұсталмайтын, қажетсіз заттардан арылу
Үй дизайнына арналған House Beautiful журналы ескі және қажетсіз заттарды тастауға кеңес береді. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында бұрыш-бұрышты ақтарып төмендегі әрекеттерді орындаңыз:
- Ескі диван жастықтарын ауыстырыңыз немесе жаңартыңыз.
- Шкафыңызда өлшемі бойынша және өзіңізді жайлы сезінетін киімдерді ғана қалдырыңыз.
- Үйдегі дәрі-дәрмектердің, косметиканың жарамдылық мерзімін зерттеп, жарамсызын лақтырыптастаңыз.
- Ас үйдегі сынған ыдыстарды, жарықтары бар және тұтқалары жоқ ыдыстардан аралыңыз.
- Тозған және жыртылған сүлгілерден арылыңыз.
- Бөлшектері жоқ ойыншықтар мен ойындардан құтылыңыз.
Мұндай маңызды әрекеттер үйіңізді артық дүние мен негативті энергиядан тазартады. Қажетсіз заттардың бәрінен тез арада арылыңыз, сонда үйіңіз жеңілдеп, тазарып қалады.
Үйдегі шаң-тозаңды тазартыңыз
Шаң үйдегі заттардың барлық бетіне қонып, тозаң қалыптастырады. Сондықтан үйіңіздің бұрыш-бұрышын шаңсорғыш, дымқыл шүберек және сыпырғышпен тазалаңыз. Шаңды жоғарыдан төменге дейін тазалаңыз. Жұмыс схемасы келесідей:
- Люстра мен қабырғалардағы суреттерді шаңнан тазартыңыз.
- Ылғал шүберекпен карнизді сүртіңіз.
- Бөлменің бұрыштарындағы шаң мен торды сыпырғышпен тазалаңыз.
- Терезе, перде, сурет жақтаулары, абажурлар мен жиһаздардан шаңды сүртіп алыңыз.
- Монитор экрандарын арнайы майлықпен сүртіп алыңыз.
- Есіктің тұтқаларын тазалап, есік жақтауларындағы шаңды сүртіңіз.
- Ылғалды майлықпен әшекейлерден, кітаптардан және басқа керек-жарақтардан шаң қабатын сүртіп алыңыз.
Соңында еденді шаңсорғышпен жақсылап шаңын сорып, жуып алыңыз. Ағаш еден, ламинат, плиткаларды арнайы құралдарымен сүртуді ұмытпаңыз.
Киімдер, төсек жабдықтары мен перделерді жуыңыз
Сән және өмір салты туралы Fur hats and frugal блогы Жаңа жыл қарсаңында мерекені таза және тиянақты қарсы алу үшін, кір жууға кеңес береді. Әр жуатын затыңыз кебу үшін, оны бірнеше күн бойы жасағаныңыз жөн. Кір жууды кір киімдер жатқан себеттен бастаңыз. Сосын төсек жабдықтарын тазаларына ауыстырыңыз.
Перделерді де жууды ұмытпаңыз, себебі оларға шаң жиналады. Перделердің гардиналары мен жұқа тюльдерді қолмен жуған дұрыс, себебі мата созылмайды және мыжылмайды. Егер машинада жууға рұқсат етілсе, онда нәзік киімдерді жууға арналған режимді таңдаңыз. Киімдер кепкен соң, оны үтікпен үтіктеп, шкафқа немесе комодқа бүктеп қойыңыз. Перделерді бумен үтіктейтін үтікпен үтіктеп, оларды карнизге іліп қойыңыз.
Жиһаз орындарын ауыстырыңыз
Жыл бойы әр бөлме түрлі жаңа жиһаздармен толығады. The Simplicity Habit үй шаруашылығы жайлы блогы, үйдегі бос орынды дұрыс пайдалану үшін жиһаздарды дұрыс орналастыруға кеңес береді. Әр бөлмеде қандай аймақтар қажет екенін және қайсысын алып тастау немесе түрлендіру жақсы екенін қайта қарастырыңыз. Үйіңіз жинақы болу үшін артық жиһазды (ескі үстелдер, орындықтар, креслолар) алып тастағаныңыз жөн. Үлкен бөлмеде шырша мен мерекелік үстелге орын дайындаңыз. Немесе бірден шыршаны қойып қойсаңыз болады.
Ас үйді ретке келтіріңіз
Ас үй – үй иесі үшін маңызды орын және ол мұқият тазалауды қажет етеді. Сондықтан ас үйді рет-ретімен тазалағаныңыз жөн:
- Ас үй плитасында үстіңгі панельді, шкафтардың іші мен пешті тазалаңыз.
- Тор, тұтқа және барлық қосымша бөлшектерді алып, тазалап сүртіңіз.
- Шкафтарда тазалау жұмыстарын жүргізіңіз. Алдымен барлық банкаларды, контейнерлерді, пакеттерді сыртқа шығарыңыз. Ревизия жасаңыз.
- Шкафты дымқыл шүберекпен сүртіңіз және заттарды орны-орнына қойыңыз.
- Шкафтың барлық бетін жылы сумен шайыңыз.
- Сорғышты кір мен майдан тазалаңыз.
Егер ас үйдің қабырғалары керамикалық плиткамен жабылған болса, оны сабынды сумен жақсылап жуыңыз. Ас үйдегі терезелер мен перделерді жуыңыз.
Еденді дымқыл шүберекпен сүрту арқылы ас үй бөлмесін тазалауды аяқтаңыз.
Тоңазытқышты жібітіп, оны тазартыңыз
1 қаңтарға дейін пісірілген тағамдарды таза тоңазытқышқа сақтау үшін, жаңа жылдан бір апта бұрын тоңазытқышты тазалауды жоспарлаңыз. Ол үшін төмендегідей әрекеттерден бастаңыз:
- Тоңазытқышты өшіріп, оның ішіндегінің бәрін сыртқа шығарыңыз.
- Тоңазытқышты жібітіп қойыңыз және ондағы заттардың жарамдылығын тексеріңіз.
- Мерзімі өткен консервілер мен мұздатылған тағамдарды тастаңыз.
- Тоңазытқыш пен мұздатқышты таза, құрғақ шүберекпен сүртіңіз.
- Тоңазытқышты жылжытып, оның астына жиналған қоқысты тазалаңыз.
- Жаңа жылдық дастарханға дайындалған тағамдарды тоңазытқышқа салыңыз.
Құрылғының сыртын тексеріп, оны кір жерлерін дымқыл шүберекпен сүртіңіз. Тоңазытқыштың үстіндегі шаңды сүртіп, кейін оны желіге қосыңыз.
Кілемдер мен жұмсақ жиһаздарды тазалаңыз
Жұмсақ жиһазды шаң-тозаңнан тазалаңыз. Диван чехолдары мен төсеніштерін алып, шаңды сүртіңіз. Қажет болған жағдайда, оларды жуыңыз. Диван жастықтарының жастық қаптарын ауыстырып, ондағышаңды жақсылап сүртіңіз. Дивандар мен креслолардың маталарын шаңсорғышпен тазалап, эко-былғарыдан немесе былғарыдан жасалған бұйымдарды дымқыл шүберекпен сүртіңіз.
Диван астындағы еденді жуып, ондағы өрмекші торларын алу үшін жиһаздарды қабырғадан бері қарай жылжытыңыз. Егер үйде кілемдер болса, оларды тазалаңыз. Қоқысты сілкіп, шаңды кетіру үшін кішкене кілемшелерді орап, сыртқа шығарыңыз. Жұмсақ матадан жасалған кілемшелерді қолмен немесе машинада жуып, жақсылап кептіріңіз. Ауыр кілемдерден немесе қатты кілемдерден шаңды мүмкіндігінше кетіру үшін қуатты шаңсорғышты қолданыңыз.
Жуынатын бөлме мен дәретхананы тазартыңыз
Жаңа жылда жуынатын бөлме мен әжетхананы да тазартуды ұмытпаңыз. Ол үшін төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз:
- Унитаз, ванна, душ, қол жуғышты жақсылап тазартыңыз.
- Шкафтарды тексеріп, жуғыш заттар мен тазалағыш заттардың қалдықтарын алып тастаңыз, сөрелердегі шаңды сүртіңіз.
- Плиткалар арасындағы тігістерді көгеру мен дақтардан тазартыңыз.
- Төбені, қабырғаларды және еденді таза сумен жуыңыз.
- Кір жуғыш машинаның барлық шығыңқы бөліктеріндегі шаңды сүртіңіз, ішіндегі барабанды да сүртуді ұмытпаңыз.
- Айнаны арнайы құралмен тазалаңыз.
- Шүмек, кран тұтқаларды құрғақ шүберекпен сүртіп, жылтыратыңыз.
Бәрін тазартып болған соң, ваннадағы барлық беттердегі ылғалды кетіру үшін, құрғақ шүберекпен сүртіп шығыңыз. Дәретхана қағазының орамасын іліп, жаңа сусабын мен сабындарды қойыңыз.
Жаңа жыл қарсаңында үйіңізді ретке келтіруді ұмытпаңыз. Жоғарыда аталғандардың бәрін жасау үшін, үй тазарту жұмыстарын бірнеше күнге жоспарлаңыз. Сонда үй тазарып, үй иесі Жаңа жылды керемет көңіл-күймен қарсы алатын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2051163-zana-zyl-qarsanynda-uidi-qalai-zinau-kerek-8-zyldam-ari-tiimdi-adis/