Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бойжеткендерге кеңес: алғашқы кездесуде жақсы әсер қалдыру үшін жігіттерді қалай әңгімеге тартқан жөн

Жарияланған күні:

Қол ұстасқан жұп. Көрнекі сурет
Қол ұстасқан жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Көптеген қыз жігіттермен кездесу барысында не айтарын білмей, сасқалақтап жатады. Ең тиімді тәсіл – жігітпен кездесуге дейін өзіңді әңгімеге дайындап алу. Назарларыңызға жігітпен кездесу барысында қозғауға болатын тақырыптар топтамасын ұсынамыз.

Жеке кездесуде жігітпен не жайлы сөйлесуге болады

Сіз кездейсоқ ескі таныспен кездесіп қалдыңыз немесе серуендеп жүріп басқа жігітпен таныстыңыз. Жаңа танысыңызға ұнау үшін не істеуге болады?

Жігітпен серуендеу барысында не жайлы әңгімелесуге болады? Жігітпен серуендеу кезінде мынадай тақырыптар туралы әңгіме қозғауға болады:

  • Күннің қалай өткені туралы.
  • Ауа райы жайлы (жолда оның жылдың қай мезгілін ұнататынын және неге оны ұнататынын біле аласыз).
  • Серуен барысында кездескен жергілікті көрікті жерлер туралы. Жігітке көше, саябақ атауының тарихы, сәулет нысандары туралы айтып беріңіз.
  • Қаладағы сүйікті орындар туралы. Оның қайда барғанды ұнататынын және не себепті, қандай мекемелерді ұнататынын сұрап алыңыз.

Әңгімені оңай және жеңіл түрде жүргізіңіз. Әзіл айтып, сонымен бірге оның әзілге қалай қарайтынын біліп алыңыз.

Жігіттің қызығушылығын ояту үшін кездескен кезде не жайында сөйлескен дұрыс? Балалық шақты еске алу кез келген адамға жағады. Балалық шағыңызда болған қандай да бір қызықты оқиғаны баяндап беріңіз, содан кейін жігіттен балалық шағынан есте қалған қызықты оқиғасын сұрап көріңіз. Мұндай әңгімелер екі адамды жақындастырып қана қоймай, екінші тараптың сізге деген қызығушылығын да арттырады.

Ер адамдар сөйлескенді ұнатпайды деген қаңқу әңгімеге сенбеген жөн. Әңгіме барысында олар ерекше демалып, күш жинайды, дейді "Қарым-қатынас тілі" еңбегінің авторлары - психологтар Аллан мен Барбара Пиз. Олар өзін мұқият тыңдайтындарды ұнатады. Мұндай сұхбаттасушы жігіттің қызға деген қызығушылығы мен сезімін оятады.

Көптеген қыз жігітпен кездесу барысында қысылып, көп сөйлемей отырады. Бұл туралы "Кез келген адаммен қалай тілдесуге болады. Кез келген жағдайдағы сенімді қарым-қатынас" еңбегінің авторы Марк Роудз жазады. Сондай-ақ ол қыздардың жігіттердің алдында қолайсыз жағдайда қалуынан қысылатынын айтады. Егер алдын ала әлдебір тақырыптарда әңгіме қозғайтыныңызды біліп алсаңыз, мұндайға жол бермеуге болады, дейді мамандар.

Желіде отырған бойжеткен. Көрнекі сурет
Желіде отырған бойжеткен. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кездесуде нені айтып, нені айтпаған жөн

Жеке кездесу - бұл екі тарап үшін де қызықты сәт. Сондықтан кездесуде өзіңізді ыңғайсыз сезінбес үшін әңгіме барысында не айтатыныңызды алдын ала жоспарлап алған жөн. Егер бұл бірінші кездесу болса, онда сіз бір-біріңізді әлі жөнді танымайсыз, сондықтан әңгімені онымен не арқылы немесе кім арқылы танысқаныңыз туралы бастағаныңыз дұрыс болады.

Ортақ дос немесе құрбы арқылы танысқан болсаңыз, сол ортақ таныс жайлы әңгіме бастап көріңіз. Оны қайдан танитынын сұрауға болады. Егер сіз бір оқу орнында оқып, бір компанияда жұмыс жасасаңыз, онда оқу (факультет, болашақ мамандықты не себепті таңдағанын) немесе жұмыс (жұмыс ұнай ма, жоспарда не бар) туралы сөйлесуден бастаңыз болады. Әрі қарай әңгіме әдемі өрбитін болады. Егер мұндай тақырыптар жарамаса, онда төмендегі мәселелерді әңгіме барысында қозғасаңыз болады:

  • Не себепті сізді дәл осы жерге (кафе, мейрамхана, саябақ) шақырды? Бұл жерде жиі бола ма? Бұл орын несімен оған ұнайды?
  • Егер сіз онымен бірге мейрамханаға кешкі асқа келсеңіз, онда оған қандай тағамдар ұнайтынын, қай елдің асханасын сүйіп жейтінін, өзі қандай тағамдарды пісіре алатынын сұраңыз.
  • Оның хоббиі туралы біліп, сүйікті ісі жайлы көбірек мағлұмат алып алыңыз.
  • Немен айналысқанды ұнатпайтынын сұрап көріңіз.
  • Отбасы, достар тақырыбына өту үшін, оның немен айналысуды ұнататын, оған үнемі қолдау көрсететін адамдар туралы сұрап көріңіз.
  • Оның өмірге деген көзқарасын білу үшін, өмірлік ұстанымдары туралы біліп алыңыз. Ол қандай болуы керек?

Сұрақтарды дұрыс қоя біліңіз. Мысалы, оның қалай ақша табатынын сұрамаңыз. Оның орнына: "Сіз дәл осы іспен айналысқыңыз келетінін қалай түсіндіңіз? Сізді бұл жолда не шабыттандырды?» деген сұрақ қойыңыз.

Мұндай тақырыптар әңгіменің мазмұнды өрбуіне көмектеседі. Алайда әңгіме барысында, оны сөзге тарту үшін, арнайы дайындалғаныңызды білдіртіп қоймаңыз, деп жазады Опра Уинфридің Oprah Daily өмірлік кеңес беру ресурсы. Жігіттің сұраудың астына алып, сауалдарды бірден жаудырамаңыз. Жауаптарын тыңдап, оны талқыға салыңыз, әңгіменің сценарий бойынша емес, табиғи түрде өрбуіне мүмкіндік беріңіз.

Жігітпен кездесуде саясат, дін, жыныстық қатынас, бұрынғы сүйіктіңіз туралы әңгіме қозғамағаныңыз абзал. Әлдекімді күндеп, денсаулықтағы ақау, қаржының жетіспеушілігі туралы шағымданбаңыз. Сондықтан керісінше әрдайым күліп, табиғи болудан қорықпаңыз және әрдайым позитивті энергиядаболыңыз, деп кеңес береді "Қарым-қатынас құпиялары. Сөздердің сиқыры" атты еңбектің авторы Джеймс Борг. Бұл сіздің барынша шынайы екеніңізді көрсетеді дейді автор.

Жеке кездесудегі жігіт пен қыз. Көрнекі сурет
Жеке кездесудегі жігіт пен қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жігітпен әлеуметтік желіде не жайында сөйлесуге болады

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы танысатындар көп. Егер әңгіме барысында бір-біріңізге деген қызығушылықты арттыра алсаңыздар – сіздер бұл ара қатынасты шынайы өмірде жалғастыра алатын боласыздар. Ал егер жігіт ұнап қалса, онда "Сәлем. Қал қалай?" деген қарапайым сөз алмасу жарамайды. Әсіресе егер сіз осы аптада оған жазған жиырмасыншы адам болсаңыз, әрине мұндай хабарламаға жігіттер көп мән бере бермейді. Сондықтан, оның әлеуметтік желідегі профилінен жігіттің немен айналысатынын біліп алыңыз және одан осы сала бойынша көмек, кеңесін сұрап көріңіз.

Хат жазысу барысында оның күлкісінің әдемі екенін айтып, профильдегі фотосуретіне лүпіл қойыңыз, оның жазбаларына пікір қалдырып, қолдау көрсетіңіз. Танысу үшін түрлі сылтау табыңыз. Осылайша әңгімеге тартып, сөйлесуді бастап кетіңіз. Жігітпен хат алмасу барысында не туралы сөйлесу керек? Төмендегі тақырыптарға назар аударыңыз:

  • Хобби, сүйікті ісі туралы сұрап, онымен айналысуды не себепті ұнататынын біліп алыңыз.
  • Саяхат жайлы, әсіресе егер ол тауға серуенге барғаны туралы жаңа сурет топтамасын жариялаған болса, бұл тақырыпты ойланбастан қозғауға болады.
  • Бос уақытта немен айналысатыны туралы. Демалыс күндеріне арналған жоспарын да білсеңіз болады.
  • Фильмдер туралы. Соңғы уақытта көрген фильмдердің қайсысы ұнағаны туралы біліп алыңыз.
  • Кітаптар туралы. Ол қандай кітаптарды оқуды ұнатады?
  • Спорт туралы.
  • Адамдар туралы. Нені бағалайды және нені қабылдай алмайды.

Хабарлама жазысу барысында, сіз қазіргі кезеңдегі өзекті жаңалықты талқылай аласыз, осы мәселе бойынша оның пікірін біле аласыз. Алайда ол, саясат, дін, және басқа да даулы мәселелерге қатысты болмауы тиіс. Хат жазысудың өзіндік этикеті бар, сондықтан әңгіме барысында оны сақтаған жөн:

  • Хат жазысуды сәлемдесуден бастаңыз және оны қоштасумен аяқтаңыз.
  • Сауатты жазып, қателерді түзеп отырыңыз.
  • Кісі атын кішкентай әріппен жазбаңыз.
  • Әңгімелесушінің сұрақтарын елеусіз қалдырмаңыз және жауаптарды кешіктіріп жазбаңыз.
  • Паразиттік сөздерді қолданбаңыз, бейәдеп сөздерді қолданбаңыз.
  • Ойыңызды дәлірек жеткізу үшін, барынша нақты жазуға тырысыңыз, бұл мақсатта тыныс белгілерін, эмодзилерді, суреттерді қолдансаңыз болады.

Адамның сауатты электрондық хаттарды жазу қабілеті бойынша оның қандай адам екенін бағалауға болады, дейді "Цифрлық этикет" кітабының авторы Ольга Лукинова. "Айтылған сөз - атылған оқ". Әлеуметтік желілердегі хат-хабарлар адамға жағымды әсер қалдыруға және онымен бетпе-бет кездескенге дейін жігіт туралы көп нәрсені білуге көмектеседі.

Сұрақ қойып, жауап бергенде мұқият болыңыз, сонда ғана сіздер бір-біріңізге сәйкес келетіндіктеріңізді мүмкіндігінше ертерек біле аласыз.

Көп сұрап, жек көрінішті болмаңыз. Жеңіл, эмоционалды және барынша табиғи болыңыз. Бұл адамға демалуға көмектеседі және әңгімені дұрыс өрбітуге көмектеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2054818-boizetkenderge-kenes-algasqy-kezdesude-zaqsy-aser-qaldyru-usin-zigitterdi-qalai-angimege-tartqan-zon/