Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ жазушыларының махаббат туралы әйгілі шығармалары

Жарияланған күні:

Кітап парағы
Кітап парақтары. Көрнекі сурет: pixabay.com

Махаббат дүниедегі ең ұлы сезім. Ыстық сезімнің адам жанын жадыратып, жүрекке бақыт ұялататын құдіретті күші бар. Қалың оқырманның махаббат жайлы жазылған шығармаларды жата-жастана оқитыны да содан болса керек. Осы жазбамыз арқылы ғашықтар күніне орай қазақ жазушыларының махаббат туралы әйгілі романдары жайлы мәліметтер ұсынамыз.

"Махаббат, қызық мол жылдар"

Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романы жарыққа шыққан күннен бастап кітап сөрелерінен түспей келеді. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін бұл роман жақсы мен жаманның, адалдық пен арамдықтың ара жігін ажыратып беретін, үлкен өмірге дайындайтын хрестоматиялық оқулық іспетті.

"Махаббат қызық мол жылдар" — 1970 жылы жарық көрген роман. Бұл шығармада соғыстан қайтқан Ерболдың студенттік өмірі баяндалады. 1945 жылдың 14 қарашасында Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылданған бас кейіпкер көп қыздың ортасына түседі. Қыздар Ерболға қызығушылық танытып, сұрақ жаудыра бастайды. Ербол қызарақтап, аузындағы сөзін әрең айтып тұрғанда, оны бұл ыңғайсыз күйден Меңтай есімді сұлу бойжеткен шығарып алған еді. Жігіттің Меңтайға деген сезімі оянады. "Қызыл көрпе" деген өлеңде жігіттің Меңтайға деген ыстық сезімі жатқан еді:

Дәурен қайда маған оны сүйетін?..

Тым болмаса киімінің киетін,

Не сол көрпе астарының бір сабақ,

Жібі болсам денесіне тиетін.

Ербол бұл өлеңін Меңтайдың бөлмесіндегі кітаптың арасына салып кетеді. Одан кейін "қарындасыңмын" деген қызға ғашықтық өлеңін қалдырып кеткенім қай иттігім? Ертең Меңтайды қалай көремін, оның бетіне қалай қараймын?" - деп үш күн қатарынан сабаққа бармай қояды. Үш күн өткен соң сабаққа зорға кірген Ерболға Меңтайдың "Аға, нағыз ақынсыз!" деп айтқан сөзі күш береді. Шығармадағы оқиғалар желісі өте қызықты әрі қасіретті. "Махаббат, қызық мол жылдар" романын ұяң махаббаты бейнелеген тұнық шығарма деуге болады.

Ғашық жандар
Қол ұстасқан қос ғашық. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Ғашықтар" романы

"Ғашықтар" романы — Ілияс Есенберлиннің ерекше туындыларының бірі. Шығарманың басты кейіпкері Жантастың студенттік шағынан бастап өмірдің әр қилы соқпақтарынан өтуі, қиындыққа мойымауы, ғашық болуы суреттеледі.

Шығармада адам бойындағы мейірімділік, адалдық сынды қасиеттер көрініс табады. Автор басты кейіпкердің мүсінші екенін және де өзге де кейіпкерлердің түр тұлғасын ерекше сипаттап, олардың сымбатын, сезімталдығын нақышына келтіре бейнелейді. Өмірде ғашықтық сынынан Жантас пен Аяужан сүрінбей өтуі ерекше суреттелген.

"Мөлдір махаббат"

Туынды алғаш рет 1935 жылы "Адасқандар" деген атаумен жарық көрген. Кейіннен жазушының өзгерту-толықтыруларымен 1959 жылы "Мөлдір махаббат" деген атаумен оқырманға қайта жол тартты.

Сәбит Мұқановтың "Мөлдір махаббат" романы соғыстың ауыр кезеңінде бүр жарған мөлдір махаббатты бейнелейді. Бүркіт еркекшора боп өскен Бәтесті алғаш көргенде киіктің лағына ұқсатады. Өзі Сыр бойында тұрған шағында бірер жыл қолында киіктің лағын асыраған еді.

Жазушы кейіпкердің күйін былай суреттейді: "Бәтестің мінез-құлығы сол киіктің лағына ұқсады: өз ырқым болмаса, басқалардың ырқына көнбейтін мені ол бұйдалы тайлақтай жетелеп, ойына алғанын орындатады да жүреді, мен оның ешбір бұйрығынан бас тарта алмаймын".

"Бәтеспен бірге жүріп, бірге тұрған күндерде байқасам, мен оны жандай жақсы көруім, мысалы, шешенің баласын, ағаның қарындасын сүюі сияқты, күнәсіз сүюлердің біреуі сияқты емес, жігіттің қызды сүюіндей "күнәлі" сүюлердің біреуіне ұқсайды. Осылай сүюімді сезіне бастаған мен өзімнен-өзім жүріп жатам да қысылам!" - дейді Бүркіт.

Одан кейін Бәтестің бетіне бір қарауға ұялады. Неткен ұятты махаббат! Неткен қадірлі, биік сезім! Бірақ Бәтес атастырылып қойған еді. Бүркіт пен Бәтестің алғаш рет сүйісіп тұрғанын бойжеткеннің атастырылған жақтағы туысқаны көріп қойып, жағдай одан бетер ушыға түседі.

Бүркіт пен Бәтес арасындағы үлкен махаббат романның "Сүйген жар" бөлімінде баяндалады. Қос ғашықтың арасындағы махаббат оқиғасы, өз махаббаттарын қорғау жолындағы кедергілер оқырманды бірден баурап алады.

"Таңшолпан" романы

Профессор-жазушы Әбiлфайыз Ыдырысовтың "Таңшолпан" романының бірінші кітабында студенттік кездері мен қызмет істей бастаған жылдары, сондай-ақ достық қарым-қатынас, сыйластық, жар таңдау сияқты өзекті мәселелер қамтылған. Ал екінші кітабында Алтай мен Таңшолпанның жұбайлық өмірлері шынайы суреттеледі.

"Таңшолпан" тетрологиялық роман-хикаясының үшiншi кiтабында бiр-бiрiне ынтызар боп қосылған жас жұбайлар Таңшолпан мен Алтайдың шынайы өмiр тартысына енуi, олардың мөлдiр махаббаттарын пәк күйінде сақтап, ата-аналық борышты айнымай ақтауы, алдарына асыл, ақ армандар қойып, соларға жетуге құлаш ұра ұмтылуы баяндалады.

Дәуіржан Төлебаев "Өмірлік гүлім, өмірлік тынысым..." мақаласында "Таңшолпан" шығармасының кейіпкерлерін былай суретеп, үлгі етеді:

"Ғұмыр бойы тату-тәтті тіршілік кешіп, жарасымды өмірдің туын жықпай келе жатқан Әбілфайыз Ыдырысов пен Заря Мәлікаждарқызы махаббатын біршама сөз еткендей болдық. Айтылмай жатқан әңгімелер қаншама әлі. Бүгінгі жастар осындай үлгілі отбасылардан, олардың тау шыңындай биік махаббаттарынан үлгі алып жатса, қандай жақсы. Әбілфайыз аға өзінің жан жарына көп әдемі сөздерін арнайтынын білдік. Ол әдемі сөздердің ішінде жүректі тебірентетін, көңілге қуаныш, өмірге шуақ сыйлайтындары аз емес".

Жүрек пішіні
Жүрек пішінін жасап тұрған адамның қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Бір өкініш, бір үміт"

Бексұлтан Нұржекеевтің "Бір өкініш, бір үміт" романы 1985 жылы жарыққа шыққан туынды.

"Өз әйелімді сүйе тұрып, тағы басқаны ұмыта алмауым, тіпті, сағынуым; бала күннен бірге өскен досымды бар пейіліммен сыйлай тұрып, онымен қырғи қабақ жандармен де жылы сөйлесуім – осының бәрі не қылық, адамгершілік пе, екіжүзділік пе?"

Бұл роман өз әйелін сүйе тұра, басқа әйелді ұмыта алмай жүрген кейіпкер жайында өрбиді. Шеген мен Бүбіш, Шеген мен Шәзия махаббаты – өмірде болған, бола беретін тылсым сезім. Жазушы кейіпкердің сөзін "Барлық әрекетті жиып қойып, тек соны ойлай бергім келеді, ойлай бергім келеді" - деп келтіреді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары жарық көрген романды жастар жарыса оқыған. Шығарма түрік тіліне аударылды.

Жазушы махаббат тақырыбы туралы былай дейді:

"Махаббат тақырыбы деген әйелдерге тікелей қатысты. Әйел әдеміліктің бейнелемесі. Әйгілі суретші Пикассоны әрбір атақты суретін салуға белгілі бір әдемі әйел шабыттандырып отырған. Нәзіктік, сезімталдық, инабаттылық, еркелік, сымбаттылық, сүйкімділік, биязылық секілді, тағы толып жатқан ғажап ерекшеліктер негізінен әйелге тән".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2057212-qazaq-zazusylarynyn-maxabbat-turaly-aigili-sygarmalary/