ШҚО-да құтқарушылар биік ағаштың басында жарты күн "отырған" мысықты жерге түсірді
Жарияланған күні:
ШҚО-да төтеншеліктер төрт қабатты үйдің биіктігімен бірдей биік ағашға шығып, өздігінен түсе алмаған мысыққа көмекке келді. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бұл жағдай Е.Славский атындағы Ертіс жағалауы көшесінде болған. Аулада өсіп тұрған төрт қабатты үймен бірдей ағаштың басында жарты күн бойы отырған мысық жерге өздігінен түсе алмаған. Жаны ашыған адамдар мысықты түсіріп алмақ болып қанша әрекеттенсе де, көмек бере алмапты. Сондықтан құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келген.
"Көмекке ШҚО ТЖД мамандандырылған жасақтың құтқарушылары келіп жетті. Дәулет Нұрсұлтанов ағашқа шығып, оны сілки бастады, ал сол кезде төменде тұрған әріптесі Арнат Қасенов мата жайып төтенше жағдайға тап болған мысықты "қағып" алды", - делінген хабарламада.
Тұрғындар әлеуметтік желілерде құтқарушыларға алғысын жаудырды.
"ТЖМ қызметкерлеріне зор алғыс айтқымыз келеді. Төрт қабатты үйдей ағаштан түсе алмаған мысыққа көмектесті, ол байғұс күні бойы отырды. Түске дейін отырған мысықты түсірмек болып қанша тырыссақ та еш нәтиже болмады. Құтқарушыларды шақырғанымыз сол еді, 10 минут ішінде келіп, мысықты түсіріп берді, оның жағдайы жақсы. Қызметкерлерге тағы да алғыс білдіреміз", - дейді тұрғындар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2058044-sqo-da-qutqarusylar-biik-agastyn-basynda-zarty-kun-otyrgan-mysyqty-zerge-tusirdi/