Қорқыныштарды жеңеді: баланың қиялы ұшқыр болуы үшін қандай ертегі оқу керек
Жарияланған күні:
Ертегі - халық прозасының көркем түрі, ерте замандардан бері келе жатқан тәрбие құралы. Ертегі жанрының тәрбиелік, эстетикалық мәні тереңде. Бұл жазбамызда бала тәрбиесі үшін ертегі оқудың қандай пайдасы бар екенін тарқатып жазамыз.
Заманауи технологиялар дамып кеткенімен, ертегінің орнын ешбір құрал баса алмайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мәселен психологтар ертегі тыңдамаған баланың тілі кеш шығатынын әрі жасқаншақ болып өсетінін айтады. Ертегі тыңдаған бала мен мультфильм көп көретін баланың айырмашылығы бар. Себебі қазіргі мультфильмдердің бояуы қанық, сондықтан ол балаға қуаныш сыйлайды. Медицина тілімен айтқанда, баланың ағзасында дофамин гормоны бөлінеді. Сондықтан бала бәріне оңай жеткісі келеді, болмашы дүниеге ашуланады. Ал ертегі тыңдау баланың мінез-құлқына оң әсер етеді. Алдымен ертегінің қазақ жерінде қалай зерттелгеніне тоқталып өтейік.
Ертегі қалай зерттелді?
Әдебиет порталындағы мәліметке сүйенсек, қазақ ертегілерінің жиналуы мен жарияланып, зерттелуі XVIII ғасырдың екінші жартысында басталған. Алғашқы жүз жылда Қазақстанға Ресейден келген адамдардың кейбірі қазақ жұртының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы туралы деректер жинап, солардың қатарында фольклор жайында жалпылама мәліметтер жариялап жүрді. Ертегілердің көбірек жиналып, жарық көрген тұсы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Бұл кезеңде қазақ ертегілерін ғылыми мақсатта жариялаған жинақтар да болды.
Әсіресе В.В. Радлов, И.Н.Березин, Ы.Алтынсарин, Г.Н.Потанин, А.В.Васильев, А.Е.Алекторов, Ә.Диваев жинақтарында ертегілердің көптеген мәтіні жарық көріп, олар туралы азды-көпті ғылыми пікір айтылды. Аталған жинаушы-жариялаушылардың ғалымдық деңгейі, ғылыми түсінігі әр түрлі болғандықтан, ертегі мәтіндері түрлі көзқарас тұрғысынан бағаланды. Соған қарамастан біраз ертегі жарық көріп, ғылыми айналымға енді.
Соның арқасында қазақ ертегілері Потаниннің, Радловтың, А.Н.Веселовскийлердің кең масштабты ғылыми зерттеулеріне ілікті. Бұл шақта ертегілерді қазақ оқығандары да, ақындары да жинастырып, "Дала уәлаятының газетінде" жекелеген мәтіндерді жарыққа шығарды. Әсіресе, Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы ертегілерді арнайы түрде жариялап отырды. Шоқан Уәлиханов бастаған зерттеу ісін Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейхановтар жалғастырды.
Ертегілерді ғылыми әрі ағартушылық мақсатта жинап, жария ету, зерттеу жұмысы ХХ ғасырда жолға қойылды. Бұл ғасырдың 40–50-жылдарына дейін ертегілер, көбінесе оқу-ағарату мәселесі тұрғысынан жарияланып, оқулықтарда, жекелеген мақала мен кітаптарда арнайы қарастырылды. Осы тұста А.Байтұрсыновтың, Х.Досмұхамедовтің, М.О.Әуезовтің, С.Сейфуллиннің оқулық іспетті жарық көрген кітаптары, С.Мұқановтың, Б.Кенжебаевтың, Е.С.Ысмайыловтардың мақалалары қазақ фольклортануы ертегі жанрына да арнайы көңіл бөлгенін айғақтады.
1960 жылдан бастап ертегі жанрын зерттеу ғылыми негізге түсті. Бұл салада Әуезов пен Ысмайыловтың, В.Сидельниковтың, М.Ғабдуллиннің еңбектері айрықша болды. Олар ертегілердің қазақша үш, орысша үш томын жариялап, бұл жанр туралы жаңаша ой толғап, көлемді мақалалар жазды және мәтіндерге түсініктер берді. Ертегілер 1960 жылы басылып шыққан "Қазақ әдебиетінің тарихына" жеке бөлім болып енді (авторы – Әуезов).
Ертегі жанрына Ғабдуллиннің жоғары оқу орнына арналған оқулығында, Н.С.Смирнованың кітабында, орыс тілінде жарық көрген "История казахской литературы" атты 3 томдық еңбектің бірінші томында арнайы тараулар берілді (авторы – Е.Костюхин). Ертегіні сала-салаға бөліп, тереңдете, типологиялық тұрғыдан зерттеу ісі 1970 жылдан бастап қолға алынды.
Балалар үшін ертегінің қандай пайдасы бар?
Балалар клиникалық психологы, нейропсихолог Айнұр Алдашева Информбюро тілшісіне берген сұхбатында ертегінің үш пайдасын айтып өткен:
- Ертегі бала тілінің ерте шығуына көмектеседі. Сәбиге 4-6 айлық кезінен бастап ертегі тыңдату керек. Бала анасының артикуляциясын көреді, интонациясын естиді. Бұл оның тілінің ерте шығуына өте жақсы әсер етеді.
- Бала өскен сайын жасына сай қорқыныштар пайда болады. Үш жастағы балалар жабық кеңістіктен, қараңғы жерден, жалғыз қалудан қорықса, бес-жеті жас аралығындағы балалар өлімнің не екенін түсініп, содан қорқа бастайды. Ал ертегі оқып беру арқылы осы қорқыныштарды табиғи жолмен жеңуге болады. Мысалы "Қызыл телпек" ертегісіндегі қыз жалғыз өзі қараңғы орманда қорқып келе жатады. Оны тыңдап отырған бала бұл эмоцияның бәрін сезінеді. Ал ертегінің соңында Қызыл телпек бәрін жеңеді. Бала да жеңістің эмоциясын сезінеді.
- Ертегі баланың эмоциялық интеллектін дамытады. Мысалы анасы баласына "Бауырсақ" ертегісін оқыған кезде интонациясы мен мимикасын соған бейімдейді. Қоянның дауысын жіңішке етеді, қасқырдың дауысы жуан шығады. Осылайша ертегіні тыңдап отырған бала әр түрлі эмоцияны жеткізуді үйренеді.
Балаға қандай ертегі оқуға болмайды?
Ernur.kz сайтында жарияланған Жазира Смағұлованың "Қандай ертегіні балаға айтуға болмайды?" мақаласында шытырман оқиғаға толы және мыстан кемпір, бір көзді дәу, айдаһар, алып дәу, жезтырнақ, қасқыр, жолбарыс туралы, яғни қорқынышты және жағымсыз кейіпкерлері бар ертегілерді айтпаған жөн, - делінген. Ұйқы алдында ғана емес, әр нәрседен қорқатын балаларға да қорқынышты ертегі айтпау керек. Әрбір ата-ана ертегіні өз баласының мінез-құлқы мен болмысына қарай таңдағаны жөн.
Мамандар ертегіні тек оқып бере салғаннан гөрі, оны балаға түсінікті тілде талдап айтып берген жөн дейді. Сонымен қатар кез келген ертегіні оқи салуға болмайды, тек тәрбиелік мәні бар, қажет деп ойлаған ертегіні оқыған абзал.
Ертегі арқылы балаларға жұмбақ сұрақтардың, сараңдық пен жомарттық, жақсылық пен жамандық, секілді қасиеттердің мәні ашылады.
Ертегі - ата-ана мен баланың арасын жақындатады. Баланың рухани әлемін байытады әрі жақсы әдеттерді үйретеді. Ертегі әлемі балалардың өмірде болатын түрлі жағдайға бейімделуіне, дұрыс көзқарас қалыптастыруына ықпал етеді. Себебі ертегілер - ерте заманнан бері келе жатқан дала мектебінің тәрбие құралы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2060093-qorqynystardy-zenedi-balanyn-qiyaly-usqyr-boluy-usin-qandai-ertegi-oqu-kerek/