Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Психологтар кеңесі: жауапкершілік алу арқылы өміріңізді қалай жеңілдетуге болады

Жарияланған күні:

Шахмат фигуралары
Шахмат ойнап отырған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кез келген адамға бала кезінде жауапкершілікті бірінші орынға қою керегі туралы айтылады. Алайда мұның не үшін қажет екенін түсіндіріп жатқандар шамалы. KAZ.NUR.KZ өмірде қалай жауапты адам болу керегін психологиялық еңбектерден қарастырып, мамандардан сұрап білді.

Жауапкершілік дегеніміз не және ол не үшін маңызды?

Жауапкершілік жеңіл жүк емес. Оны алып жүре алатын адамдар табысқа жетеді, ал басқаларға жауапкершілік артып қоятындар бір шетте қалады. Жауапкершілік жаңа мүмкіндіктер мен еркіндікке жол ашады.

Жауапкершілік дегеніміз не? Бұл адамның бойындағы қасиеті, оның жағдайды талдау, белгілі бір жағдайда өз әрекетінің немесе ештеңе істемеуінің салдарын болжау, не істеу керегін білу және осы таңдаудың салдарын қабылдау қабілеті.

Жауапты адам дегеніміз кім? Ол - шешім қабылдаудың әрбір кезеңінде (жағдайды талдау, салдарды болжау, әрекеттерді таңдау) және жауапкершілікті сезінетін адам. Ол болуы мүмкін проблемаларды болжауға тырысады және оның алдын алу үшін бәрін жасайды. Таңдауы қате болып шықса, ол бұған жауапты адамдарды іздемейді, керісінше жағдайды түзетуге тырысады.

Психолог, психотерапевт, қарым-қатынас бойынша маман Алина Дейнека NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында жауапты тұлғаға мынадай анықтама берді:

Ол - психологиялық тұрғыдан жетілген адам, яғни өз іс-әрекетіне жауап беруге, істі аяғына дейін жеткізуге, өз міндеттерін орындауға ниеті болмаса да, қиын болса да орындайды.

Жауапкершілік сезімі қандай болады? Жауапкершілік мынадай қасиеттермен байланысты:

  • мақсат қоя білу, адалдық;
  • сенімділік пен кемелдік;
  • өзін-өзі тану, өзін-өзі бағалау және автономия.

Ғылым магистрі Кендра Черри бұл адамның шешім мен әрекеттері үшін жауапкершілік алуын қамтиды, - деп түсіндіреді. Сонымен бірге Бен Паркер "Өрмекші адам" фильмінде күш неғұрлым көп болса, жауапкершілік соғұрлым жоғары болады, - деп айтқан еді. Психолог Алина Дейнека сабырлы болу, табандылық және ұқыптылық адамның жауапты болуына көмектеседі, ал қызуқандылық кедергі келтіреді, - деп есептейді.

Адамдар өз шешімдерінің нәтижесі үшін қоғам мен өзінің алдында жауапты, - деп жазады психолог Ричард Л.Блантон. Жауапкершілік адамға қандай да бір әрекетті таңдаған кезде мүмкіндік береді. Сүт құмырасындағы екі бақаның мысалы есіңізде ме? Біреуі суға батып кетті, ал екіншісі өз өмірі үшін жауапкершілік алып, ақырына дейін күресуді шешіп, аман қалды.

Ноутбук экраны
Ноутбукпен жазып отырған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Өз жауапкершілігіңізді басқа біреудікінен ажыратуды үйрену маңызды. Ол үшін ереже мен заңға сәйкес әрекет ету жеткілікті, - дейді Алина Дейнека:

Жұмыс барысындағы жауапкершілік қызметтік нұсқаулықпен нақты реттеледі. Сондықтан сіздің қандай іске жауапты немесе жауапты емес екеніңізді түсіну өте оңай. Жұмыстағы ереже бойынша өзіңізге тиесілі жауапкершілікті ғана алып, артық жүктемемен шаршауға болмайды.

Адамдар жеке өмірде жауапкершілікті сөз арқылы бірлесіп анықтайды. "Келісімге келмейінше ешкім ешкімге міндетті емес" деген жақсы сөз бар. Мұны сарапшы былай түсіндіреді:

Барлық қарама-қайшылықты талқылаңыз. Сөйлесу нәтижелерін қағазға немесе мессенджердегі жалпы чатқа жазып алыңыз. Содан кейін жақын адамдармен қарым-қатынастағы сыни нүктелерден өту оңайырақ болады.

Америкалық психолог Джулиан Роттер жауапкершілік полюстерін былай бөледі:

  • Егер адам сәттілік пен сәтсіздікті жағдай факторларына және сыртқы күштерге (тағдырға) жатқызса, онда бұл сыртқы бақылау локусы болып саналады.
  • Егер адам өз мүмкіндіктері мен қалауына назар аударса, бұл ішкі бақылау локусы болады.

Believe in Mind тұлғалық дамуға арналған интернет-ресурсы бақылау локусы адамдардың өз өмірін және онда болып жатқан оқиғаларды қаншалықты басқара алатынын анықтайды, - деп жазады. Ішкі бақылау локусы бар адамдар өз өмірлерін басқарып, тағдырын қалыптастырады. Олар жауапкершілікті өз мойнына алады, психологиялық тұрғыдан бейімделгіш, ынталы, дамыған және табысты болады. Бұл оларға мақсат қоюға, бастама көтеруге және белсенді түрде таңдау жасауға мүмкіндік береді әрі жеке дамуына ықпал етеді. Оларда бақыт пен өмірге қанағаттану деңгейі жоғары, ал күйзеліс пен алаңдаушылық деңгейі айтарлықтай төмен.

Кендра Черри сыртқы локусы бар адамдар керісінше болады, олар өз өмірін сәттілік, тағдыр және басқа да ықпалды адамдар басқарады деп санайды, - деп түсіндіреді. Олар көбіне жауапсыз, өзгеріс жасауға мотивациясы төмен келеді. Тіпті өздерін дәрменсіз сезінуі мүмкін, өйткені проблемалар олар үшін еңсерілмейтін кедергі болып саналады. Олар денсаулығына дұрыс қарамағанын да тағдырмен байланыстырады.

Ақ көйлекті қыз
Ақ көйлек киген қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әрине, ешкім өз өмірін 100% басқарамын деп ойламайды. Бірақ адам өмірдегі жағдайларға қаншалықты жауапкершілікпен қараса, бұл өмір сүру нәтижелеріне айтарлықтай әсер етеді.

Қалай жауапкершілігі жоғары адам болуға болады?

Өмірдің түрлі бағытындағы адамдар әр түрлі жауапкершілік дәрежесін көрсете алады. Мысалы олар денсаулық генетикаға байланысты және жеке таңдау оған әсер етпейді деп есептеуі мүмкін, бірақ мансап жолындағы сәттілігі тек адамның өз жұмысымен анықталады, - деп түсіндіреді Нир Эйял "Неотвлекаемый: как контролировать свое внимание и выбирать свою жизнь" кітабында.

Басқару локусы дегеніміз тұрақты мән емес. Оған тәрбие, мәденет, дәстүр, өмір тәжірибесі әсер етеді. Антуан де Сент-Экзюперидің әңгімесіндегі түлкі кішкентай ханзадаға: "Біз әрқашан өзіміз үйреткендер үшін жауапты боламыз", - деді. Кішкентай ханзада мұны естіп, раушан гүлі үшін жауапкершілікті сезінді.

Балалар - ересектердің көшірмесі. Адам өз өміріне жауапкершілікпен қараса, кемелденеді. Мұны қалай істейді? Алина Дейнека жауапкершілікті өз мойнына алу – кез келген адамның бойында дамыта алатын қабілет, - деп түсіндірді :

Адам саналы түрде істі соңына дейін жеткізіп, қиындықтарды жасырмау керек. Күрделі есептерді жүйелі, кезең-кезеңімен шешуге үйрену қажет.

Жауапкершілігі мол адам болу үшін тағы бірнеше кеңес берілген.

Ішкі қалауыңызға назар аударыңыз.

Қолданыстағы стереотиптермен емес, ішкі тілектерге сүйенуге тырысыңыз. Сіз өз өміріңізбен өмір сүріп жатырсыз ба немесе әлі де балалық шақтағы ата-ана жасап берген бағдарламаны ұстанып, беделді адамдардың кеңесіне құлақ асып, әлеуметтік суретті көшіріп жатырсыз ба деп сұраңыз.

Психологиялық әл-ауқатқа жетудің негізгі қажеттіліктерінің бірі автономия болады, - деп түсіндіреді Кендра Черри. Автономия сыртқы мәжбүрлеудің нәтижесі емес, жеке құндылықтар мен мақсаттарға сәйкес келетін тәуелсіз шешімдерді қабылдауды қамтиды.

Неше жаста екеніңізді есте ұстаңыз

Алина Дейнека "Психологический возраст" әдісін қолдануға кеңес береді. Өзіңізді жауапсыз ұстайтын жағдай туралы ойланыңыз. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: "Мен бұл жағдайда неше жастамын?" Басқаша айтқанда, менің психологиялық жасым нешеде? Сіз 3 жастан 18 жасқа дейін екеніңізді байқайсыз.

Содан кейін төлқұжатыңызды ашыңыз да, өзіңізге сұрақ қойыңыз: "Егер мен өз жасымдағы сенімді адам болсам, өзімді қалай ұстар едім?" Нақты жасыңызға сәйкес әрекет ете бастаңыз және сіздің мінез-құлқыңыздың жауапкершілігі арта түсетінін көресіз.

Жоспарлаңыз

Егер сізге күрделі шешім қабылдау қажет болса, өзіңізден кеңес іздеңіз, жүрегіңіз не деп кеңес беретінін және ақылыңыз бұл туралы не ойлайтынын, түйсіктің сізге не айтатынын, тәніңіздің не қалайтынын сұраңыз.

Шешім қабылдауға көмектесу үшін барлық жауапты жазып алыңыз. Жауаптарды талдағаннан кейін қадам бойынша іс-әрекет жоспарын жазыңыз.

Жазып отырған қыз
Қағаз бен қалам ұстаған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Басқа адамдарды кінәламаңыз

Басқа адамдарды сізге ыңғайлы етуге тырыспаңыз. Мысалы сіз бақытсыз болсаңыз, өз бұл үшін кінәні басқа адамға аударасыз. Өзіңізге және мінез-құлқыңызға назар аударыңыз, өзіңізді қайта жасаңыз.

Эмоциялық түрде жауапты болыңыз және өз сезімдеріңізді кінәламай білдіріңіз, - деп кеңес береді психология докторы Бетани Джуби.

Ең оңай жолы – "Сен әрқашан кешігіп келесің!" дегеннің орнына "Сен кешіккенде мен ренжідім" сияқты сөздерді қолдану. Сіз болып жатқан жағдайға өзіңіз қалағандай әрекет ете аласыз, бұл сіздің дұрыс және жеке таңдауыңыз, бірақ бұл таңдауға басқалар кінәлі емес.

Алтын ортаны таңдаңыз

Гипержауапкершіліктің жауапсыздық сияқты жаман тұсы бар екенін де есте сақтаңыз. Сіз эмпатия жасай аласыз, бірақ басқа толыққанды адамдарға мейлінше қамқорлық жасай алмайсыз және олар үшін жауап бере алмайсыз. Басқа біреу сіздің әрекеттеріңіз бен эмоционалдық реакцияларыңызға жауапты емес сияқты. Психолог Алина Дейнека мына дүниеге мән беру керегін айтады:

Гипержауапкершілігі бар адамдар әдетте өте мазасыз келеді. Яғни, олар үнемі психикалық және физикалық күйзелісте болады. Бұл психикалық денсаулыққа ғана емес, жалпы денсаулыққа да теріс әсер етеді.

Осы тұрғыдан алғанда жауапкершілік жетіспейтін адамдар жеңетін сияқты. Дегенмен олар да үнемі жауапсыздыққа ұрынуға бейім, - дейді сарапшы. Мысалы олар басқа адамдардың жетістігін көргенде және оған қол жеткізе алмайтынын түсінгенде қолын бір сілтейді. Адамның жауапкершіліктің алтын ортасын ұстай білгені әрі психологиялық тұрғыда жетілуі маңызды.

Жауапкершілік адамды еркін және бақытты етеді, оның тағдырына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Мамандар кеңесі жауапкершілік деңгейін арттыруға көмектеседі деген сенімдеміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2060601-psixologtar-kenesi-zauapkersilik-alu-arqyly-omirinizdi-qalai-zenildetuge-bolady/