Ажырасқан адамыңмен қайта қосылу бақыт әкеле ме: психологтар кеңесі
Жарияланған күні:
Бұрынғы сүйіктің бәрін басынан бастауды ұсынса, не істеу керек? Ажырасқан соң да қосылып, шын бақытқа жетіп жатқандар бар. Ал ол үшін не істеу керегін NUR.KZ тілшісі психолог Алина Дейнекадан сұрап білді.
Адамдар неге қайтадан бас қосып жатады?
Қайтымды неке - ажырасқан ерлі-зайыптының қайта бас қосуы. Бұл біртүрлі көрінуі де мүмкін: бір кездері айырылысуды ұйғарған адамыңа қайтадан қосылудың қажеті бар ма? Бір де емес, екі де емес, үш-төрт рет ажырасып, қайта некелескендер бар!
Ал егер тереңірек қазбалап көрсек, жұрт бір басқан жолмен тағы да жүріп көруіне себеп көп екен.
Статистикаға сәйкес, ажырасқаннан кейін татуласуға ажырасқан ерлі-зайыптылардың шамамен 10-15 пайызы барады. 10 жұптың бірінде бұрынғы серіктестердің екеуі де бұған дайын. Қарым-қатынасты қайтарғысы келетіндердің ішінде әйелдерге қарағанда ер адамдар көп.
Психолог Павел Зыгмантович бір әйелге үш рет үйленген және онымен әлі күнге дейін өмір сүріп жатыр. Ол да психолог, бірақ бұл оларды ажырасудан сақтай алмады. "Біз кездескен кезде небәрі 21 жаста едік және, әрине, некелік өмірде көп нәрсені түсінбедік", — деп түсіндіреді Павел. Ерте жастан қиылған неке мен қарым-қатынас орната алмау жастардың өмірін бұзады. Бірақ бірге болуға деген ұмтылыс пен қақтығыстарды шешудің жинақталған тәжірибесі келесі жолы басқаша болатынына үміт сыйлаған.
Банк істері жөніндегі кеңесші Шери Стритоф қайтымды некенің мына себептерін атаған:
- ажырасқан ерлі-зайыпты айырылысқан соң өздері ойлағаннан да бақытсыз екенін түсінеді;
- уақыт жүректегі жараны емдеп, өкпе-реніш ұмытылады;
- ажырасу қателік болғанын түсінеді.
Ажырасусыз процестер жөніндегі адвокат Джейми Курц қайтымды некеге мынадай себептерді атап берген:
- Егер ажырасу асығыс әрекеттер мен импульсивті шешімдерге байланысты болса, мұны түсінетіндер некені қайтаруға тырысады.
- Балаларға байланысты.
- Қаржылық әл-ауқатты қалпына келтіру ниеті.
- Тиісті серіктестердің болмауына байланысты.
Голливуд жұлдызы Элизабет Тейлор мен танымал актер Ричард Бертоннан артық біреу-міреуді табу қиын. Олар 1964 жылы үйленді, ал 1974 жылы Бертонның алкогольге тәуелділігіне байланысты ажырасты. Бір жыл бойы бір-бірінсіз өмір сүргеннен кейін, олар 1975 жылы қайта үйленіп, бір жылдан кейін қайтадан ажырасып кетті.
Ал осы уақыттарда олар ешқашан бір-бірін сүюді тоқтатпаған, достық қарым-қатынасты сақтап қалған. Ерлі-зайыпты қайта үйленгенде, олардың жиі жіберетін қателігі - бәрі өз орнына келіп, автоматты түрде кетеді деп күту, деп түсіндіреді терапевт және "Руководство по браку: как заставить все работать лучше во второй раз" кітабының авторы Терри Гаспар. Бұл - қате түсінік. Әрбір қарым-қатынас жұмыс пен проблемаларды шешуді қажет етеді.
Қайтымды некенің оң және теріс тұстары
Ерлі-зайыптылардың шамамен 6 пайызы ажырасқаннан кейін қайта үйленеді, деп жазады PhD докторы Энн Голд Бушо. Оның 30 пайызы қайтадан ажырасады. Әдеттегі ажырасу статистикасы 40-60 пайыз болғандықтан, қайтымды некелер беріктеу деп айтуға болады. Дегенмен олардың оң және теріс жақтары бар. Қайтымды некенің мұндай артықшылықтары айқын:
- Бұрынғы ерлі-зайыптыларға ымыраға келу оңайырақ, өйткені олар серіктестің талаптарын, артықшылықтары мен кемшіліктерін біледі.
- Қайтымды қарым-қатынасқа қателіктермен жұмыс істеу оңайырақ. Бұл болашаққа сенімділік береді.
- Қайтымды неке ажырасқан соң болатын өзін-өзі кінәлау сезімін жойып, мазасыздықты азайтады.
- Бұл өткеннің сәтсіздіктерінен арылудың, кешірудің және жақын адамыңызбен жаңа өмір бастаудың тәсілі.
- Балалар қайтадан толыққанды отбасын табады. Олар енді ата-аналарының жанжалына куә болмайды және бұл үшін азап шекпейді, деп жазады неке маманы Кэти Мейер.
- Жаңадан лаулай түскен сезімдер жаңа күшпен оралып, романтика қайта оралатын некеге ұласады.
- Ажырасудан аман қалған ерлі-зайыптылар бір-бірін, сезімдерін, қамқорлығын, отбасылық қатынастарын қаттырақ бағалайды.
- Олар болашағына ең жақсы деген жолды таңдайды.
Адамдар неғұрлым ересек болса, ажырасқаннан кейін татуласу мүмкіндігі соғұрлым төмен болады, дейді Джейми Курц. Алайда егер бұл эмоционалды және өмірлік тәжірибенің жетіспеушілігінен сәтсіздікке ұшыраған ерте неке болса, бәрін түзетіп, бақытты неке құруға болады. Қайтымды неке туралы ойлағанда, оның кемшіліктері туралы да ұмытпаңыз:
- Уақыт өте келе жамандық артта қалады, санамызда тек некенің жағымды тұстары сақталады. Осыған байланысты бұрынғы серіктес тартымды болуы мүмкін. Қайта өкінішке душар болып, жерініп кету қаупі бар.
- Егер бұрынғы серіктестер әлдеқашан ажырасқан болса, олар айтарлықтай өзгеруі мүмкін: жаңа әдеттер, жаңа достар табу. Сондықтан экс-серіктеспен қайтадан танысуға тура келеді. Барлық жаңа нәрсе оң нәтиже де, теріс нәтиже де беруі мүмкін.
- Татуласуға басты кедергі отбасындағы зорлық-зомбылық пен зинақорлық болады. Мұндай тұжырымды Бригам Янг университеті мен Миннесота университетінің зерттеушілері жасапты.
Қайтымды неке туралы шешім қабылдамас бұрын, мұндай қадамның жақсы және жаман тұстарын таразы басына салып көру керек. Бұл әсіресе балалары бар отбасылар үшін өте маңызды.
Сарапшының қайтымды неке туралы пікірі
Психолог, психотерапевт, қарым-қатынас және мазасыздық жөніндегі маман Алина Дейнека NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив пікірінде бір басқан жолдың ізімен қайтадан жүріп көруге болатынын айтады:
Бұрынғы серіктеспен қайтадан бас қосу сәтті болуы мүмкін. Бұл, ең алдымен, сіздің ажырасқаннан кейінгі кезең қаншалықты сапалы өтетініне байланысты. Сондай-ақ қайтымды неке алдында қалай келісіп алуыңызға да байланысты болады.
Қайтымды некеде мызғымас жұп құру мүмкіндігін сақтау үшін қарым-қатынас жөніндегі маман Алина Дейнека мынадай ережелерді ұстануға кеңес береді:
- Сапалы ажырасу. Сіздің ажырасуыңыз шынайы және толыққанды болуы керек. Яғни, ажырасқаннан кейін екі серіктес те бір-бірін өмірінен алшақтатады. Егер серіктестердің бірі кетіп, екіншісі оның оралуын күткен болса, онда бұл ажырасуды толыққанды деп атауға болмайды.
- Ажырасу кезінде екі серіктес те бөлек өмір сүріп көреді - олардың өмір сүру кеңістігі, мүдделері, достары, хоббиі. Міндет - өзіңізді табу және серіктессіз автономды бола білу. Басқаша айтқанда, қарым-қатынас нөлге тең болуға тиіс.
- Әр серіктестің өз құндылықтарын қайта бағалауы. Өмірдің белгілі бір кезеңінде сізге не маңызды екенін түсіну.
- Ажырасу кезеңінде кем дегенде бір маңызды қарым-қатынасқа ие болу. Жаңа адамға адалдықпен келу. Бұл басқа біреумен қалай бола алатынынын байқап көруге және сезінуге, жаңа қырларын ашуға, бұрынғы қарым-қатынастың мүлт кеткен тұстарын шешуге көмектеседі.
- Сапалы ажырасу кезеңі кем дегенде 6 айға созылуы керек.
Психотерапевт егер сіз сапалы ажырасқаннан кейін бұрынғы серіктес сіздің шынайы махаббатыңыз екенін түсінсеңіз, онда келісе білу маңызды екеніне сенімді. Қайтадан некеге тұру жолын маман қайтадан бастауға кеңес береді:
Қарым-қатынас орнатудың барлық кезеңін қайта өткеру маңызды: танысу, кездесулерден қорқу, біртіндеп жақындасу. Егер сіз осы кезеңді өткізіп алсаңыз, ескі сценарийлерге қайта оралудың қаупі бар. Ал сіз олардың кесірінен алшақтап кеттіңіз ғой, солай ма?
Сарапшы қайтымды некеде бақытты болу үшін қажет екі шартты атады:
- Бұрынғы некедегі өкпе-реніштерді артта қалдыру. Ереже ретінде ешқашан және ешбір жағдайда өткенді еске түсірмеңіз.
- Құндылықтарды салыстырыңыз. Басқаша айтқанда, ерлі-зайыптылардың жаңа ережелерін жазыңыз. Талқыламайтын барлық тақырыпты талқылалап алыңыз. Жаңа жанжалдар мен түсініспеушіліктер қаупін барынша азайту үшін әр серіктестің жаңа мүдделерін ескеріңіз.
Психолог Алина Дейнеканың айтуынша, бұрынғы серіктесіңізбен қарым-қатынасты жаңа адам ретінде бастасаңыз, бақытты неке болуы әбден мүмкін.
Қайтымды некеге келісу керек я келіспеу керек деген біржақты тұжырым жоқ. Бұл өзгеруге және қателерді түзетуге дайын екі адамның шешімі болуы керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2061042-azyrasqan-adamynmen-qaita-qosylu-baqyt-akele-me-psixologtar-kenesi/