Алғыс айту күнінде айтуға болатын балаларға арналған тақпақтар топтамасы
Жарияланған күні:
1 наурыз - Алғыс айту күніне орай елімізде түрлі іс-шара өткізіледі. Солардың бірі - мектеп пен балабақшалардағы ертеңгіліктер. Алғыс айту күніне орай балаларға қандай тақпақ жаттатқызған дұрыс? Бүгінгі материалда тілі жеңіл тақпақтар топтамасын ұсынамыз.
Қазақстанда Алғыс айту күні 2016 жылдан бастап енгізілді. Сол жылы тұңғыш президент Н. Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының мәжілісінде 1 наурызды Қазақстан халқына алғыс айту күні деп белгіледі. Бұл күннің қарсаңында мектептер мен балабақшаларда түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырылып жатады. Назарларыңызға Алғыс айту күніне қарсы балаларға жаттатуға болатын тақпақтар топтамасын ұсынамыз:
***
Мың алғыс және мың алғыс, Барша Қазақ еліне! Мың алғыс және мың алғыс, Баурап алар жеріне!
***
Жарқырасын, жаныңыз, Гүлдей жайнап бағыңыз! Айтарым тек мың алғыс, Атсын сәтті таңыңыз!
***
Рахмет алғыс, айтарым, Ағайын, туыс бауырға! Рахмет игі жақсылар, Жаны жайсаң қауымға!
***
Рахмет, көрші достарға, Табылатын қасымнан! Мың алғыс айтам сендерге, Жаралған жан, асылдан!
***
Рахметім көп менің, Сыныптастар, достарым! Мың алғыс айтам, жасай түс, Ашық болып аспаның!
***
Алғыс айту күніне арналған бірқатар автордың да өлеңдер топтамасы бар. Назарларыңызға солардың бірнешеуін ұсынамыз:
***
Аллаға әуелі рахмет!
Тірлікті мынау жаратқан.
Анаға шексіз рахмет!
Ақ сүт берген, толғатқан.
Әкеге айтам мың алғыс!
Ұрпақтар жібін тарқатқан.
Бауырға туған рахмет!
Қолдаған, сүйген, жұбатқан.
Ұстазға ұлы рахмет!
Нәрімен білім сусатқан.
Балалық досқа рахмет!
Қуанған бірге мұңдасқан.
Сол жанға айтам мың алғыс!
Сезімі үшін жылытқан.
Халқыма туған рахмет!
Шыңдаған, елге танытқан.
Қазаққа дархан рахмет!
Салт-санасын сіңірген.
Жеріме байтақ рахмет!
Таза ауа үшін сімірген.
Жарыма айтам мың алғыс!
Сыйлаған ұл-қыз, түсінген.
Барша әлем, саған рахмет!
Әр күнім үшін кешірген.
Кенже Оразай
***
Күлімдеп Көкжиектен таң атқанда, Жаратқан ұйқымыздан оятқанда. Мың алғыс Жаратушы иемізге, Жеткізген мына бізді әр ақ таңға.
Күйіміз бұзылмасын болмашыға, Күн болмаса айымыз толмас сірә. Әрбір күнге мың алғыс ай, жылға да, Айтамын мен, "шүкір" деп, тәубә қыла.
Сыйлаған "өмір" атты бұл ғаламды, Бастырған мейрімдікпен әр қадамды. Анашыма алғысымды білдіремін, "Ғұмырлы ет" деп, Аллаға жан Анамды.
Әкелерге алғыс көп бауырларға, Сәлем қып, алғыс айтам ауылдарға. Мың алғыс, рахметім ұшан-теңіз, Дос-жаран, туған-туыс қауымдарға.
Болады әрқашанда еңсем биік, Жүремін Жаратқанға басымды иіп. Таныстарым, достарым сен аман бол, Айтамын өздеріңе алғысты үйіп.
Кей кездері болады өмір қатал, Бірі мақтап, кейбірі даттап жатар. Айтарым сол алғысым өздеріңе, "Қуантсын" деп ақ таңың, күнің батар.
Ренжімеймін ешкімге кінә артпаймын, Көктемдегі жайқалған гүл бақтаймын. Сындырса да сағымды кейбір жандар, Қарсыласып оларға үн қатпаймын. Мейлі мені өсектеп, жаман етсін, Ондай жанның сөзіне мін тақпаймын. Айтарым тек мың алғыс шын жүректен, Барлығыңды құрметтеп, ардақтаймын.
Байқаусызда назардан тыс қап қойсаң, Кешіріңдер адамдар жаны жайсаң. Көктемнің ең алғашқы күнінде бұл, Басымды иіп сіздерге алғыс айтам.
Жібек Искакова
***
Алғыс күні аталыпты 1-наурыз, Парыз екен бəріне айту алғыс. Өмір берген, жан берген, қуат берген, Аллахыма айтамын мен шексіз алғыс!
Күндіз-түні еркелеткен күнім деп, Əрқашанда мейірім төккен күлімдеп. Ақ жаулығы желбіреген апатай, 1000 алғысын айтады күнің кеп!
Немере ыстық екен баласынан, Аташым, артықсың сен бар асылдан. Алғысты бір өзіңе жаудырамын, Көзіңнің санадың артық қарасынан!
Көз ілмей түн ұйқысын төрт бөлген, Өзіңдей асыл жанды кім көрген. Алғысым шексіз саған, жаным анам, Əрқашан тілеуімді тілеп жүрген!
Қашанда қарыздармын, əке, саған, Əрқашан мейіріміңді төктің маған. Жүректің арнап ыстық махаббатын, Əкетай, шексіз алғыс айттым саған!
“Ағайын тату болса, ас көп” деген, Жақсылықта əрқашан бірге жүрген. Ағайын, бауырларға 1000 рахмет, Қиналғанда бір-бірін демеп жүрген!
Ұстазым - сөзің асыл баға жетпес, Əр сөзің мың жыл жүрсе дəмі кетпес. Шəкіртін баласындай қадірлеген, Ұстазым, 1000 алғыс та саған жетпес!
Дос дегенің- бауырың, ол сырласың, Қиналғанда сырыңды айтар мұңдасың. Шын достыққа тең келмейді ештеңе, Алғыс айтып, достық жыры жырлансын!
Серігім бар өмірлік жан жолдасым, Отбасыңа қашанда сен қорғансың. Алғыс айтып əрқашан жүрем саған, Разы болып Аллахым өзі қолдасын.
Балаларым-бақытым да байлығым, Сендер барда ұмыт болар қайғы-мұң. Алғыс айтып Жаратқаннан тілеймін, Жүректерім көрмесе екен қайғы-мұң.
Әріптестер, жұмыста бірге жүрген, Ебін тауып арасында ойнап-күлген. "Ұстаз" деген ұлық атқа лайық жандар, Алғысымды жаудырдым сіздерге мен.
Шəкірттерім, болашағым, арманым, Қанат қағып биіктерге самғағың. Сендерсіңдер болашағы елімнің, Шексіз алғыс айтамын мен, жандарым.
***
Алғыс айту күнін сонымен бірге Отанға, отбасы мүшелері, ұстазға деп жеке-жеке тұлғаға рахмет айту күні деп қарастыруға болады. Осыған орай, жақындарыңызға алғыс айтуға арналған тақпақтар топтамасын төменде ұсынуды жөн көрдік:
***
Рахмет, Әке өзіңе, Өсірдің баптап, жетелеп! Рахмет Ана өзіңе, Жүрмін сізге еркелеп! Мың алғыс айтам сіздерге, Адамсыздар ең керек!
***
Рахмет ұстаз анаға, Үйрететін білімін! Рахмет ұстаз әкеге, Биіктетер тұғырын!
***
Рахмет Қарындасыма, Еркелейтін қасымда! Рахмет бауырларыма, Болар әркез осында!
***
Рахмет Аға-ініге, Қолтығыңнан демейтін! Рахмет Әпке-сіңіліге, Құлауға жол бермейтін!
***
Рахмет Ата-әжеге, Бар тәттісін беретін. Рахмет Әкем-анама, Шуақ болып енетін!
***
***
Құттықтаймын сіздерді, Алғыс айту күнімен! Рахмет барша, асылдар, Сусындатар біліммен!
***
Алғысым көп сіздерге, Ұстаздарым, апайым! Көп рахмет, мың алғыс, Жүзі жылы ағайым!
***
Жадырасын жаныңыз, Алғыс айту күнінде! Баршаңызға мың алғыс, Нұр ойнасын жүзіңде!
***
Мың алғыс айтам, достарым, Ашық болсын аспаның! Алғыс күні айтатын, Таусылмасын жақсы әнің!
***
Алғыс айту күні еліміздің маңызды күндерінің бірі. Сондықтан бұл күнге алдын ала дайындалып, жоғарыдағы тақпақтарды балаларға жаттатқаныңыз абзал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2062653-algys-aitu-kuninde-aituga-bolatyn-balalarga-arnalgan-taqpaqtar-toptamasy/