Біржан мен Сара айтысы: қайшы деректер мен тарихи дау
Жарияланған күні:
Біржан мен Сара айтысы - қазақтың айтыс өнерінің үздік үлгісі. Бүгін біз қос тұлғаның қырын ашатын деректер мен олардың айтысындағы ғалымдардың зерттеу жауһарларын ұсынуды ұйғардық.
Болған айтыс па?
Әуелі бұл айтыс болмаған я болған деген тұжырымдардан бастаған жөн шығар. Себебі түрлі деректе түрлі ғалымның бұл мәселе төңірегінде пікірі екіге жарылған. Мысалы бір зерттеушілер айтыстың болғанын Біржан салдың Жетiсуға келгені, оның "Талай заман", "Жетiсу" өлеңдерi куә деп дәлелдемек болады. Алайда айтысты болмаған деушілердің де дәлелі баршылық. Мәселен айтыстағы Сараның жасына және руына қатысты мәселе.
Аталған мәселеге қатысты филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековтің зерттеуі бар. Бұл туралы ол "Алаш айнасы" газетіне берген сұхбатында былай деген:
"Айтыстың толық нұсқасы деп танылып жүрген 1899 жылғы Зайсан нұсқасын негізге алсақ, Әріп Біржан мен Сараның кездесуін, ондағы өлең-сөздерін арқау ете отырып, айтысты белгілі бір сюжеттік желіге құрылған көркем шығарма етіп жазған. Біржанның Ешкіөлмеске келуі, Сараның шешесімен, сіңлісімен айтысуы, найман мен арғын, дәлірек айтқанда, Әріпке жақын тақырып - сыбан-тобықты арасындағы тартысты Сараның бас бостандығы сияқты тақырыпқа ұштастырып әкеп, әдемі сюжеттік желіс құрауы Әріптің толық авторлық құқығын айқындайды".
Сондай-ақ айтыс мәтініне үңілсек, онда Біржан арғын екенін айтады, алайда зерттеуші Біржан керей руынан, Сара да айтыста айтылғандай, қаптағай руынан емес, дегенді алға тартады.
"Сара матайдағы кенже деген елдің тастемір деген аз ғана руынан шыққан. Өз руының атынан сөйлемеу - айтысқа, жалпы, ақындар табиғатына жат нәрсе. Қалай десек те, Біржанды - арғын, Сараны қаптағай етіп отырған - Әріп; Айтыс арғын мен найман, оның ішінде матай ақындарының арасында болды деген күнде де, екі ақынның ру жағын сөз еткенде тобықты мен сыбанға ауып кетуі - тағы да Әріптің көркем туындының тартысына ыңғайлаған әдісі", - деп келтіреді дәлелін тарихшы.
Алайда Өмірбек Төлембаев "Егемен Қазақстан" сайтындағы "Атақты айтыс болған жыл" мақаласында бұл айтысты болды дегенге дәлел келтірмек болып, Әсет пен Кәрібайдың айтысындағы сөзге тоқталған:
"Енді Біржан-Сара айтысының болғандығы туралы тағы бір тың деректерге тоқталсақ, 1894 жылы тамыз-қыркүйек аралығында Қытайдың Шәуешек қаласы мен Бақты ауылының арасындағы Шұбарағаш деген жерде екі елдің даулы-түйінді мәселелерін түйіндейтін съезд болып, сол жиында Әсет пен Кәрібай айтысқан.
Айтыста Әсет Кәрібайға:
"Алаштың жігін бөлген Сара бейбақ,
Біржаннан о да көрді талай зардап.
Не шабақ, не шортан ілінерсің,
Жазылды сенен қашан біздің қармақ?" - дегенде, сонда Кәрібай:
"Ол Сара бейбақ емес, анық саңлақ,
Бетіне бар арғынның салған таңлақ.
Қаңғып келген Біржанды итше көріп,
Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап.
Сараның жауабының міні бар ма
Айтпапты қарағайды талға жалғап" , - деп жауап береді. Яғни Біржан мен Сараның айтысқанын Әсет те, Кәрібай да сөз қылады. Әсіресе, 1889 жылы Сарамен айтысқан Әсет жақсы білген деген ойдамыз", - делінген мақалада.00
Қыз бен жігіттің жарасымды айтысы ретінде Біржан мен Сара айтысына ұлттық өнерде өте жоғары баға беріледі. Айтыстың тамаша үлгі бола білуі туралы айтыс өнерін жаңғыртқан Жүрсін Ерманның пікірі бар.
"Біржан мен Сара айтысының шоқтығы биік. Айтыс өнерінің бүкіл болмыс-бітімін, көркемдігін бойына сіңірген, бүкіл сөздің асылы осы бір айтыстың бойына сиып тұрған сияқты. Сондықтан біз Біржан мен Сара айтысы болды ма, болмады ма деген таластан біреуге пайда келетін болса, оны зерттеушілердің үлесіне қалдырамыз", - деген пікірін айтқан.
Біржан мен Сара айтысының кейбір деректері
Ғалым Р.Каренов Біржан мен Сараның айтысы Біржан ақындығының биік шыңы болуымен бірге бүкіл қазақ ақындары айтысының да биік шыңы деп бағалайды.
"Мұнда Біржан күшті ақындық өнерімен халық поэзиясын дамытып сол дəуірде туып қалыптасып келе жатқан жаңа жазба əдебиет өрнегімен ұштастыруға жол ашады. Біржан мен Сараның айтысы мазмұны мен формасы сай келген күрделі көркем туынды, оның өмірлік, ақындық сырлары əдебиет жұртшылығын үнемі қызықтырып, толғандырып келеді", - делінген профессордың "Хабаршы" журналында басылған мақаласында.
Біржан мен Сара айтысына қатысты ғылыми журналдағы мәліметтерді беруді жөн көрдік.
"Бұл жерде" арулар тобының алдыңғы қатарында қолына өнердің көк-жасыл туын ұстап, аршынды адыммен ілгері ұмтылып, нөсерлі əн шырқаған Сара қыз кім еді?" деген сауал туындайды. Ол — атақты Біржанмен айтысы арқылы даңқын асырған ақпа ақын. Халқымыздың ғасыр бойы аузынан тастамай, атының өзін бойтұмардай қастерлеп келген өлең өнерінің ділмəрі — Сара Тастанбекқызы 1853 жылы, қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы, Матай-Қаптағай елінде туып өскен", - делінген мақалада.
Сараның өмірі мен шығармашылығын зерттеумен ширек ғасырдан бері шұғылданып жүрген Тəңірберген Қалилахановтың көрсетуі бойынша, әкесі Тастанбек ерте өліп, оның інісі Жайсаңбектің қамқорлығында қалады, Сара жетімдік зардабын шегіп, жоқ-жітік көріп, тұрмыс тауқыметін тартып өскен. Шешесі Уазипа, інісі Сахари сол ауыртпалықтың салмағына шыдамай ерте тізе бүгіп, қаза тапқан.
Ал Жайсаңбек болса, бойына біткен қайратын жұмсап, өнімді еңбек ете алмай, бұзықтар құрған тұзаққа өзін де, жасөспірім Сараны да іліндіріп алып, азап шеккен. Таяуда жарияланған Өтепберген Ақыпбекұлының мəліметі Қалилахановты толықтырып, нақтылай түскен. Сараның өмірін, айтысын бұрмалаудан арашалап, ғылымға керек деректер берген. Ол Сараның 1853 жылы туып, 1907 жылы өлгенін, 1871 жылы Біржанмен айтысқанын, Қарашоқыдағы зиратқа жерленгенін (Қапал ауданы), Біржанның көмегімен азат болып, Бекболға қосылып, бес бала сүйіп өмір кешкенін, əкесі Тастанбек пен шешесі Уазипаның шағын шаруасының болғанын анықтады. Біржан мен Сара арасындағы айтыс 1871 жылы қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 жылы Қазанда "Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны" деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялаған.
Кейін Зайсаннан екінші нұсқасы табылып, "Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны" деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы — 969 жол, екінші нұсқасы — 1080 жол. Əріп Тəңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 жылы жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара, Жүсіпбек қожа, Əріп ақын елеулі үлес қосқан.
Жетісу өлкесіне Сараны арнайы іздеп келген Біржан сал үйдің сыртынан келіп, тіл қатқанда есіктен Сараның өзі емес, анасы шығады. Ол: "Алдымен менімен айтысып көр, Саражан менен туған осал емес", — деген іспетті оймен өлеңдетіп қоя беріпті.
Алайда Біржан егде əйелмен айтысуды жөн көрмей, сол ауылдағы бір үйге барып түседі. Жұртқа қымыз құйып жүрген балаң қыз Сараның тетелес сіңлісі болса керек. Əлгі қыз Біржанға қымыз ұсына беріп:
Ағажан, міне, қымыз алдыңызда,
Жауапқа келмей жатып салдыңыз ба?
Салдықпен шайтан қуған жан екенсіз,
Пəлеге ашылмастай қалдыңыз ба?! — десе керек.
Сонда Біржан домбырасын қолға алады да:
Шырағым, əркімге де өнер керек,
Туыпсың қаракөктен бəрің зерек.
Алдыңғы айтқан апаң айта тұрсын,
Қарағым, əлі сізге тым ертерек, — депті.
Сонда əлгі қыз тағы да:
Ағажан, мұның несін ақыл дейсің...
Мінезі шайпау екен, мақұл дейсің.
Береміз қайдан тауып құрдасыңды,
Мені жас, шешемізді кəрі дейсің, — деген көрінеді.
Біржан осы жолы сөзден жеңілгенін мойындап, есті сөзге тоқтаған екен.
Келесі күні сонау қияндағы Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ə дегеннен амандасу рəсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады:
Осы ма, — деді, — Матай бұлбұл құсы?
Көп сұрап жаңа таптым жазы-қысы.
Əуелі қазақшалап көрісейік,
Шырағым, берірек кел, жасың кіші.
Баласың менен көрі жасың кейін,
Ежелден менің сөзім қызға бейім.
Бері кел замандасым, Сара, жазған
Тоқталып бөгелесің неге кейін.
Бірақ білімді де ақылды Сара қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін "Хиссас-ул-Əнбиядан" оқып білгенін, дəлел етіп ұсынады:
Ей, Біржан, кімге дəрі амандығың?
Сөз білсең бұл да сенің жамандығың
"Хиссас-ул-Əнбиядан" көрмеп пе едің,
Белгілі мағлұм болды надандығың.
Адамды топырақтан жаратқан хақ
Надандығың білінді бұл сөзге бақ.
Хауаға бұрын барған Адам ата,
Естігенің жоқ па еді мұны да ақымақ.
Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім
Арғында жүр екен ғой жоқты мақтап.
Біржан сал қапелімде байқамай, қармақ қауып алған жайын балықтай жалт беріп бұрылып, жанталаса бұлқынады:
Мен Біржан қызға барман аяғымнан,
Шын қызсам дəуірлеймін баяғымнан.
Бері кел, ұрғашылық қылма жаным.
Дəндеме Наймандағы саяғыңнан.
Найманның болады екен қызы надан,
Үлгісіз қалай халық түрі жаман.
Ағаға іні келер біздің елде,
Көп боп па, сұрасуға есен-аман.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Сен түгіл сенен артық құмар маған.
Жалымнан ұстаған қызда арман қалмас,
Жібек жал арғымақпын тұмарлаған.
Бұл сөздерін Біржан жеңетін жерім-ақ деп айтып салғанымен, "Хиссас-ул-Əнбияны" қолында ұстап, тарих тағылымын алға тартып тұрған Сараны "надан қыз" деп ағаттық көрсетіп алды.
"Екіншіден, ағаға іні келер біздің жақта" деп қазақтың аға сыйлау дəстүрін алға тартып, сақалын саудаға салғанымен, оның алдында тұрған Сара ұл емес, қыз екенін; іні емес, қарындас екенін есепке алмады.
Сарадан мұндай жауапты күтпеген Біржан қатты тосылса да, сөз кезегін əрі қарай жалғастыра береді. Біржан мен Сараның айтысы ұзаққа жүгіретін екі тұлпардың аламан бəйгедегі арынды шабыстары сықылды. Қисынды да қызықты ұзақ-ұзақ шумақтардан тұрады. Солардың көбінде бірі Арғын, екіншісі Найман руының өкілі болып, əрқайсысы өз жағының артықшылықтарын айтып, көптеген атақты адамдарын тізіп, атап шығады.
Сара ақын кім?
Жетісудің бұлбұлы атанған ақын Сара туралы "Абай TV" деректі фильм түсірген. Журналистер тобы Қапалға барып, Сарадан қалған жәдігерлермен таныстырған.
1993 жылдың 19 маусымында Ақын Сараның мемориалды музейі ашылған. Мұнда 800-ден аса экспонат бар. Ең өкініштісі, сол жәдігерлердің төртеуі ғана Сара Тастанбекқызының жеке заты екен.
Сара Тастанбекқызы Қапал ауданында 1853 жылы туған. Айтыскер ақын, сазгер, халық ақыны, күйші, домбырашы. Найман тайпасының Матай руының Аталық Қаптағай бөлімінен шыққан.
Ақын Жемісбек Толымбеков "Ақын Сара жөніндегі ақиқат" мақаласында ақын Сараның туғанына 2013 жылы 160 жыл толады, 135 жыл емес деген дерегін айтқан.
"Өйткені оның өмір сүрген жылдар тізбесінде қателік жіберілген. Оқасы жоққа баланбай, шындық орнағаны жөн. Сарамен айтысында Біржан сал өзін "арғынның Алтай, Қарпық ақтанкерімін" деп таныстырған. Біржанның руы арғын емес. Керей-Ақсары, оның ішінде Көшек. Біржанның моласы "Степняк" алтын заводының "Лермов" деген шахтасының қасында", - дейді автор.
Ағайындары бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданында тұрады. "Баласы Қожағұлдың атым Біржан" дейді.
"Қожағұл оның атасы. Өз әкесі Тұрлыбай. Өмірден өтер алдында Теміртас, Асыл, Ақық деген балаларына бірнеше өлеңдер шығарған. Бір өлеңінде: "Елу беске келгенде көрген қалқам" деп Теміртасты айтады. Біржан 1891 жылы (1887, не 1897 жыл емес,) 58 жасында дүние салған. 1833 жылы туған. Сонда "Біржан мен Сара" айтысы 1895 жылы өтті деген расқа келмейді. Сарамен айтысында Біржан "мың жарым жылқы біткен Қожағұлға" дейді. Шын мәнінде ол кедей болған. Мал, мүлік жинамаған. Оны өзі жасырмаған", - деп келтіреді автор деректерін.
Нұрбол Әлдібаевтың "Егемен Қазақстан" газетіндегі мақаласындағы мәлімет бойынша, ақын Сара арынды Ақсу өзенінің бойын жайлаған елде Тастанбек деген орта шаруаның отбасында 1878 жылы өмірге келген.
Небәрі үш жасында әкесінен айырылып, он жасар ағасы Сахария және қартайған анасы Жаншөке (Жанөкше) үшеуі ғана қалады. Оларға әкесінің емшектес інісі Жайсаңбек қамқоршы болып, төртеуі тағдырдың жазғанына көніп, ағайынды паналап, күнелтеді. Сол бір күндерді ақын Сара "Құдай-ау, әкемді алдың туа сала, Атандық жесір қатын, жетім бала. Тезегін теріп елдің, отын жақтым, Жоқ болып босағамда жалғыз қара" деп бір шумақ өлеңмен өріп береді.
Бірақ асылдың сынығы мойымайды. Алладан амандықтарын тілеп, әр күніне, атқан таңына тәубе айтып, қатықсыз қара суды қанағат тұтып ел ішінде жүре береді. Құдайдың құдіретіне шек бар ма. Тұла бойындағы тума таланты уақыты келгенде жарып шығады. Ен далада тезек тере жүріп айтқан әндерін біртіндеп жусан шауып, суға барған қыз-келіншектердің арасында шырқай бастайды.
Тіпті, олардың салған әндерін сол заматында-ақ қағып алып, қайта айтып та беретін зеректігімен де ерекшеленеді. Зерделі қыз арғы-бергіні таразылай келе әрі кәрі шешесін ойлап мұңайып та жүреді. Тұрмыс тауқыметінің ауырлығынан көпшіліктен жырақ қалған жетім қыз енді ел аузына ілініп, жиын-тойға шешесін ілестіре барып, азды-көпті қошеметке бөлене бастағанымен, шерлі жанның көңіл серпілтер сол күндері көпке созылмайды.
"Азулы ағайыны Арнай болыс Сараның кіші әкесі мен бауырының еңбегін жеп ішсе тамаққа, кисе киімге жарытпаған соң олар жамағайынына өкпелеп, "бір шапағаты тиер ме екен" деген үмітпен Тұрысбек қажының ауылына көшіп барып, бір жағын жарға тақап, екінші жағын қамыспен жауып баспана жасап алады. Момын жандар жаңа қоңсыластарына тез сіңісіп кетеді. Бірақ шынжырбалақ болыстар өзара сөз байласып тал-шыбықтай бұрала өсіп, ақылына көркі сай болған бойжеткенді құрыққа түсіруді ойластырады.
Қолы ұзын жандар арам пиғылына тез жету үшін Жайсаңбекке "бір өгізімді ұрлап сойып алды" деген жалған жала жауып, түрмеге тоғытады. Ал осы оқиғаның алдында ғана Сахария күнкөріс қарекетімен байдың малшыларымен бірге отар-отар қойды қыстан аман алып қалу үшін Ақсудан Балқаш бойына кетеді. Бұл жайттар күнделікті өмір ағымы іспетті болғанымен ақын Сараға тұзақ салудың алғашқы адымы-тын", - деп келтіреді Сара өмірінің деректерін автор.
Біржан ақын кім?
Біржан Қожағұлұлы 1834 жылы Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келіп, 1897 жылы 63 жасында туған жерінде қайтыс болған. Бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп, той-думанның сәніне айналады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан тәрізді өнер иелері – Біржан салдың ұстаздары. Орта жүз Керей тайпасы Ақсарыдан шыққан.
1865 жылы Абаймен кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етеді. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға. Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естай, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, тағы басқа арқаның атақты ақын-әншілері – Біржан салдың мектебінен өнеге алып, оның композиторлық өнерін жалғастырып, ілгерілеуіне мол үлес қосқан өнерпаздар.
Біржанның үлкен әкесі - Қожағұл, өз әкесі Тұрлыбай қарапайым шаруа болған. Біржан алғаш ауыл арасында ән салып, өнер қуған, бертін келе өз жанынан да ән шығара бастайды. Ол — қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы.
Біржан сал әндері өзі өмір кешкен заманның неше алуан оқиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін толғап, адам жанының нәзік сезім күйлерін лирикалық әсем сазға бөлейді. Біржанның алғашқы әндерінің бірі — "Біржан сал" әні. Мұнда жастық шақтың от-жалыны да, салдық, серілік салты да, сұлулык атаулыға қызығу да көрініс береді.
"Айтбай", "Ақтентек", "Алтын балдақ", "Бірлен", "Ғашығым", "Мәті-Дәулен" сияқты әндер Біржан сал шығармашылығындағы шоқтығы биік, сыршыл шығармалар. Мысалы "Ләйлім-Шырақ" немесе "Көлбай-Жанбай" әнінде жоғалған шідерін тілге тиек ете отырып, өзі қонып шыққан үйдің сұлу қызы Ләйлімге деген ішкі жан толқынысы, көңіл күйі паш етіледі. Біржан сал патриархалды-феодалды заманның етектен тартқан ескілігіне, қарадүрсін заңжосығына, зорлықшыл ісіне, әлеуметтік әділетсіздігіне асқақ әндерімен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер.
Оның "Жанботасы" тек Азнабай болыстың ғана зорлықшылдығын әшкерелеп қоймайды, сол сияқты озбыршыл Жанботаларға деген ақынның ашу-ызасын білдіреді. Ал "Адасқақ" атты әнінде осы ойын, шонжарларға деген іштегі ыза-кегін одан әрі айқындай түседі.
Заманының әділетсіздігіне, зорлық-зомбылығына деген Біржан салдың наразылығы, өкініш үні тіпті оның өмірінің соңғы кезеңінде шығарған "Жамбас сипар", "Теміртас", "Қарасу есік алды" деп аталатын трагедиялық әндерінен де айқын сезіледі.
Біржан сал әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз үн-бояуымен, өз әуенімен жеке-дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржан салдың әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өз шығармашылығы арқылы дамытса (Жаяу Мұса, Ақан сері, Қанапия, Балуан Шолақ, Үкілі ЬІбырай тағы басқасы), енді бірқатары оның ән шығармашылығы, орындаушылық өнерін, халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы болды (Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз тағы басқасы). Біржан салдың ізін қуған осындай өнерлі адамдар арқылы біздің заманға оның 44-ке жуық әні жетті.
Біржан мен Сара айтысының көркемдік құндылығы
Ғалым Р.Каренов Біржан мен Сараның айтысы "ХІХ ғасырдағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды" деп баға береді.
"Бұл айтыс атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстетикалық талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз əдебиетінің тарихынан ерекше орын алады.
Айтыс негізіндегі Қажым Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 жылы белгілі композитор Мұқан Төлебаев "Біржан-Сара" операсын жазды. Операның премьерасы 1946 жылы 7 қазанда Алматыдағы Қазақ опера жəне балет театрында өтті.
1949 жылы операға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Опера 1958 жылы Мəскеуде өткен Қазақ өнер мен əдебиетінің онкүндігінде көрсетілді. Көп актілі лирикалық-драмалық операның негізінде Біржан салдың өмірі мен оның Сара ақынмен айтысы алынған. Либреттоға ақын өмірі жайлы деректер жəне Біржан мен Сара айтысындағы сюжеттік оқиғалар арқау болған. Операның драматургиялық желісінде Біржан мен Сараның махаббатын көрсететін лирикалық бағыт пен Біржан мен Жанбота болыстың арасындағы күресті көрсететін (бұл Біржанның əйгілі "Жанбота" əнінен алынған) əлеуметтік бағыт қатар жүріп отырады.
Біржан салдың шығармаларындағы еркіндік, намыс, адамгершілік мəселелері бас кейіпкерлердің прототипіне де, операның бүкіл тақырыптық бағытына да негіз болған. Біржан бейнесі əншінің өз əндері ("Айтбай", "Жанбота", "Біржан сал", "Адасқақ" және тағы басқасы) жəне Мұқан Төлебаевтың Арқанның ақиығы Біржан музыкасы арқылы ашылған.
"Опера ұлттық бояуы қанық, əсерлі лирикалық көріністерге, айшықты мелодияға толы. Операда ұлттық музыкалық формалар (əдет-ғұрыптық фольклор — "Жар-жар", сыңсу, жоқтау, əсіресе ақындар айтысы) өте əдемі əрі орынды қолданылған. "Біржан-Сара" операсы — ұлттық бояуы қанық шығарма. Ол қазақ опера өнерінің классикалық туындысы", - делінген "Арқаның ақиығы Біржан салдың Жетісу бұлбұлы ақын Сарамен айтысы" атты мақаласында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2062883-birzan-men-sara-aitysy-qaisy-derekter-men-tarixi-dau/