Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тағдыр сызығы: алақандағы сызықтар арқылы өміріңді болжауға бола ма

Жарияланған күні:

Қос қол
Адамның екі қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Хиромантия ілімі адамның алақанындағы сызықтар арқылы оның өмірін болжайды. Тағдыр сызығына қарап, адамның өмірі қандай болатынын анықтауға болады, дейді ілім өкілдері. Астролог Флоранс Соул бұл сызыққа қарап нені көруге болатынын айтып берді.

Бұл мақаладан сіз мынадай мәліметтерді біле аласыз:

  1. Тағдыр сызығының мәні, орналасуы мен болжамдар туралы.
  2. Тағдыр сызығын қалай "оқу" керегі туралы.

Тағдыр сызығы қай жерде орналасқан және ол нені болжайды? Тағдыр сызығы – адам өмірінің бағытын, сәттілікті, қауіптерден қалай сақтану керектігін болжайтын алақандағы ең маңызды сызықтардың бірі. Тағдыр сызығы ортаңғы саусаққа қарай бағытталған, оны Сатурн сызығы деп те атайды. Your Chinese Astrology астрологиялық басылымы Қытайда мұны мансап сызығы немесе сәттілік сызығы деп атайтынын жазады

Тағдыр сызығы адамның өмір сүру деңгейін, мансап жолын, өзгеріс кезеңдерін, қоныс аударатын сәтін және оның еркінен тыс болатын сыртқы жағдайлардың қаншалықты әсер ететінін көрсетеді. Тәжірибелі хироманттар алақандағы сызықтың пішіні мен орналасуына қарап адамды күтіп тұрған тәуекелдерді дәл анықтай алады. Тағдыр сызығына сүйене отырып, адамның кәсіби жолын бағалауға болады. Бұл сызықтар адамның қызмет істеу кезеңі қанша уақытқа созылатынын және қай жаста аяқталатынын көрсетеді.

Ask Astrologer астрологиялық басылымы тағдыр сызығы бойынша адамның табыс әлеуетін болжауға және оның қаншалықты бай әрі атақты болатынын білуге болатынын жазады. Мұндай болжам өмірде биікке көтерілу және құлдырау кезеңдерін білу үшін жасалады. Оны 5 жыл есебі бойынша бөліктерге бөле отырып, мансап жолының барлық кезеңін егжей-тегжейлі көруге болады.

Алақандағы сызық өмір бойы құбылады, ал тағдыр сызығы басқаларға қарағанда тез әрі жиі өзгереді. Allure сән басылымының мәліметінше, тағдыр сызығының ұзындығы мен пішіні өзгерген кезде алақан қышиды екен.

Алақандағы түймедақ
Түймедақ ұстаған қыздың алақаны. Көрнекі сурет : pixabay.com

Тағдыр сызығы қай қолда орналасқан? Ол екі қолда да орналасқан, бірақ хиромантияда тағдыр сызығы жұмыс істейтін (оңқай немесе солақайларға қатысты) қолдың алақаны арқылы оқылады. Сол қолдағы тағдыр сызығы – бұл туғаннан берілген потенциал, ал оң қолдағы сызықтар адамның қабілетін қалай қолдануымен байланысты. Танымал блогер және өздігінен даму туралы кітаптардың авторы Гала Дарлинг құдайдың сыйы сол қолда, ал оң қолда адамдар сол сыйды өмірінде қалай жүзеге асырғаны туралы жазылған дейді. Екі қолдағы тағдыр сызығын салыстыру өмірде үлкен жетістікке жету үшін жасалатын іс-әрекетті реттеуге көмектеседі.

Тағдыр сызығын оңай көру үшін қолыңызды бірнеше рет қысыңыз және саусақтарыңыз аздап бүгілген күйде алақаныңызды өзіңізге бұрыңыз. Алақандағы сызықты қалай табуға болады? Ол білезіктен сәл жоғары басталып, алақан бойымен ортаңғы саусаққа қарай өтеді. Бұл тағдыр сызығы орналасуының классикалық нұсқасы, бірақ оның жоғарғы бөлігі ортаңғы және неке жүзігін тағатын саусақтың арасында немесе сұқ саусақ пен ортаңғы саусақтардың арасында аяқталуы мүмкін.

Тағдыр сызығының түсіндірмесі

Тағдыр сызығының мағынасын түсіндіру кезінде оның ені мен тереңдігі ескеріледі. Сызық неғұрлым енді болса, адамға деген қызығушылық та жоғары болады. Ол білімі аздау болса да, әр түрлі қызмет саласын игеріп кете алады. Тағдыр сызығы неғұрлым терең болса, өмірде таңдаған ісіне соншалықты мығым екенін көрсетеді. Бұл кәсіби деңгейінің жоғары әрі сарапшылық қызметке лайық екенін білдіреді. Тағдыр сызығының сыртқы түріне қарап мынадай болжам жасалады:

  • Тура және айқын көрінуі – табанды, мақсатын білетін әрі алға қарай жылжитын адам. Ол ештеңеге тәуелді емес, өзіне және ресурстарына сүйенеді.
  • Анық емес, нашар көрінетін сызық – жүрегі жұмсақ және тез жараланып қалатын адам. Мұндай адам жайлылық пен жан тыныштығы үшін өз ойынан бас тартуға дайын. Ол адал және басшылардың жақсы көмекшісі бола алады.
  • Біркелкі емес, бұралаңдаған сызық – балалық қорқынышы көп болғандықтан ебедейсіз әрі қыңыр мінезді болып кеткен адам.

Тағдыр сызығының ұзындығы мансап жолының қанша уақытқа созылатынын көрсетеді. Егер сызық саусақтардың түбіне жетсе, адам қартайғанша жұмыс істейді. Тағдыр сызығы ортаңғы, сұқ және жүзік тағатын саусақтардың астында, яғни Сатурн, Юпитер және Күн төбесінде орналасса, кәсіби жолы сәтті деп саналады. Сызықтар Венера төбесінен басталатындар өз елінде жұмыс істейді, ал Ай төбесінен басталса, жат жерде табысты мансап жолын құрады.

Қала ішіндегі ер адам
Қала ішінде телефонмен сөйлесіп бара жатқан ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тағдыр сызығының қысқа болуы нені білдіреді? Алақанның ортасынан басталатын қысқа сызық – қиын боп өткен балалық шақ пен уайымға толы жастық шақтың белгісі.

Тағдыр сызығы неліктен екіге бөлінеді? Бұл адамның бір мезетте екі өмірді қатар сүретінін білдіреді. Хироманттар мұндай тағдыр сызығын бақытты белгі деп санайды. Иә, адам күшті трансформацияны бастан өткерді, бірақ оның өзгеруі мен қайта ойлануы жақсы жаққа өзгертеді. Екі тағдыр сызығы бар бойжеткен мансабы мен отбасын қатар алып жүрсе, ер адам бір уақытта екі бағыттың көшбасшысы атанады.

Өмір сызығының тағдыр сызығымен қиылысуы нені білдіреді? Бұл адамның басқалар үшін өзін құрбан етуге бейім екенін білдіреді. Жүрек сызығын кесіп өтетін тағдыр сызығы сентименталды тұлғаны көрсетеді.

Тағдыр сызығы мүлдем көрінбеуі де мүмкін. Адам дара тұлға ретінде дамымаса, қоғамға жат адам тәрізді болған жағдайда осындай болады. Мұндай тағдыр сызығының иесі қалың қауым ортасына қосылуға ұмтылады. Көп жағдайда мұндай адамдар алкогольдік ішімдікке, есірткі немесе психотроптық заттарға тәуелді. Тіпті заң бұзушы, қылмыскер немесе тұрғылықты жері жоқ адам болуы да мүмкін.

Бақытты отбасы
Серуенге шыққан бақытты отбасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тағдыр сызығындағы аша пішіні қозғалысты, ал сызықтың үзілуі дағдарысты көрсетеді. Астролог Флоренс Соулдің айтуынша, бұл – мансап пен өзін-өзі дамытудағы бетбұрыс. Тағдыр сызығындағы шаршы айналадағы адамдардың күшті қолдау көрсететінін білдіреді.

Адамдар тағдырды тым қатыгез деп кінәламау үшін оның басты белгісін алақаннан іздеп жатады. Тағдыр сызығы болашаққа талдау жасауға, қорытынды шығаруға және мінез-құлықты түзетуге көмектеседі. Мамандар бұған ілгері қарай даму үшін және игіліктерге қол жеткізу мүмкіндігін сараптау үшін жүгінуге болатынын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2063508-tagdyr-syzygy-alaqandagy-syzyqtar-arqyly-omirindi-bolzauga-bola-ma/